Кәсіпкер Азамат Серманов: «Қосшы – кәсіп бастауға қолайлы қала»
Сұхбат
1435
«Қазақстандықтардың әл-ауқатын арттыруға бағытталған орнықты экономикалық өсу» ұлттық жобасы мен орта және шағын бизнесті дамыту бағдарламасы аясында Қосшы қаласындағы кәсіпкерлер арасында өтетін «Жылдың үздік кәсіпкері» қалалық байқауы жалғасуда. Еске сала кетейік, байқауды ұйымдастырушы – Қосшы қаласының әкімдігі және «Jańa bastau» газеті. Байқауға Қосшы қаласының кәсіпкерлері қатыса алады. Осыған орай газетіміздің бұл санында кәсіпкер, Қосшы қаласындағы «Мейіржан» шаруа қожалығының директоры Азамат Сермановпен мелалл құрас- тыру кәсібі туралы әңгімелескен едік.
Қазіргі заманға сай құрылыстар берік әрі әр алуан конструкциялық материалдарды қажет етеді. Қосшы – қала мәртебесін алғалы шағын шаһардың құрылыс жұмыстары қарқынды дамып келеді. Әсіресе, қоғамдық орындардағы халық игілігіне жасақталған құралдардың сапалы әрі ыңғайлы болуы маңызды мәселе. Осы ретте, біз Қосшы қаласында металл құрастыру (металла конструкция) кәсібі туралы зерттеп көрген едік.
Қазір қала тұрғындарының көбі бұл салада «Мейіржан» шаруа қожалығының жұмысын айырықша бағалайтынын айтады.
«Металл құрастыратын шаруа қожалығымыз екі жылға жуық Қосшы қаласында жұмыс істеп келеді. Кәсібіміз Қосшы қаласына тіркелген. Бізде қазір тұрақты 15 адам жұмыс істейді, ал тапсырыстар көп болған кезде 30 адамға дейін жұмыс істейді», – дейді «Мейіржан» шаруа қожалығының директоры Азамат Серманов.
Бұл кәсіп Азамат Бердәулетұлының айналыса бастаған алғашқы жеке ісі екен. Алайда кәсібі бірден өрге басқан «Мейіржан» шаруа қожалығы – Қосшы қаласындағы ең сұранысқа ие кәсіпорындардың бірі болып отыр.
Кәсіпкердің айтуына қарағанда, қазір құрылысқа қажетті металлдардың бағасы қымбаттаған.
«Қосшы қаласында біздің шаруа қожалықтан шыққан біршама заттар бар. Желелеген есік, қақпаларды қоспағанда, қаланың 10 аялдамасын жасап шықтық. Ал мемлекеттік тапсырыс алу – үлкен жауапкершілікті қажет етеді. Өйткені, жасалған нәрсенің сапасы, белгілі бір межеге кепілдік беру секілді мәселелер бар. Бірақ кәсіпкерлікті бұдан ары дамыту үшін сапалы жұмыс, сапалы өнім қажет. Мысалы, металлдар үш түрлі сапада болады. Біздің шаруа қожалықтың бір ерекшелігі – барынша жоғарғы сападағы металлдардан жасауға тырысамыз. Олардың көбін Ресейден алдырамыз», – дейді кәсіпкер.
«Жылдың үздік кәсіпкері» байқауы ары қарай да жалғасады. Егер өз кәсібімді танытып, байқауда бақ сынап көрем деген кәсіп иелері болса, редакциямызға хабарласуыңызға болады.
Едіге ЕРСАЙЫН
Пікірлер (0)