Баланы өнерге жетелеген «Bonus»
Сұхбат
323
Жасөспірім балақай жас өскін сияқты. Ата-анасы бағыттаған жағына қарай өсіп өнеді. Ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі. Яғни, кішкентай күнінен үйренген өнері өмір бойы кәсібіне айналып, арманы да сонымен ұштасып жататын тағдырлар аз емес. Осы орайда жас жеткіншектер үшін үйірме сабақтарының алатын орны ерекше.
Биыл Президент 2022 жылды – Балалар жылы деп жариялап, оларды қорғау үшін денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қолдау бағытында нақты шаралар қолға алынуы керек екенін айтып, тапсыр- ма бергені баршаға мәлім. Осының ізінше Үкіметке алдағы уақытта Ұлттық қордан әр балаға үлес бөлуді де тапсырған еді. Одан бөлек өскелең ұрпақтың шығармашылық әлеуетіне ерекше назар аударған болатын. Себебі, жас буынға қосымша білім беру, жеке тұлға ретінде қалыптастыру, оларға қолдау көрсетіп, шығармашылық қабілетін арттыру – бүгінгі күннің басты талабы болып отыр.
Осы мақсатта Қосшы қаласындағы «Bonus» шығармашылық бастамалар орталығына барып, ондағы вокалдан сабақ беретін Алтын Нұрғажыбаймен әңгімелесіп, ондағы үйірме жұмыстарымен танысып қайтқан едік.
Өнер орталығы қалай ашылды
Негізі 2008 жылы қаланған бұл орталық бүгінде оқушылардың бос уақытын тиімді өткізетін бірден-бір орынға айналған.
Мұнда әртүрлі бағытта бірнеше үйірме бар. Олардың қатарында домбыра, гитара, сурет, вокальдық ансамбль, би, фортепиано, актерлік шеберлік және тағы басқа да үйірмелер жұмыс істейді.
«Бұл орталық алғаш ашылғанда шағын музыка мектебі болған. «Алтын Орда 3» тұрғын үйінен кішкентай кеңсе сатып алып, жеке кәсіпкерлікпен осы мектепті аштым. Содан кейін Artsport бағдарламасы арқылы «поставщик» болып, үлкен кеңсе алдым. Қазір 200-ден астам оқушы бар. Олар әртүрлі жастан келеді. Мәселен, суретке 4 жастан келсе, биге 6 жастан бастап келеді. Жұмыс тәжірибесі жоқ болса да жас маман істесін деп Алтынды вокалдан сабақ беруге алдық. Ол екі-үш ансамбль жүргізеді. Балаларды түрлі байқауларға апарады. Біздің орталық жасөспірімдердің шығармашылығын дамытуға, оларға кәсіби бағдар беруге көмектеседі» – деді «Bonus» орталығының директоры Айсұлу Тани.
Ең бастысы баланың ынтасы болуы керек
Ән үйірмесінің жетекшісі Алтын Нұрғажыбайдың мұнда вокалдан сабақ беріп жүргеніне 1 жылдай уақыт болған екен. Ол Қазақ ұлттық өнер университетін эстрада мамандығы бойынша оқып тәмәмдаған. Мамандығы бойынша эстрада әртісі және вокал мұғалімі. Ол шәкірттерінің алдағы байқауға дайындығымен таныстырып, өзінің тәжірибесін бөлісті.
«Сабақта түрлі жаттығу жасаймыз, репертуар таңдаймыз, дауыс қоямыз. Әуелі баланың әнге қабілетін тексереміз, содан бірге ән айтамыз, артынша кейін репертуар таңдалады. Ең бастысы, баланың ән айтуға деген ынтасы, ниеті болу керек» – дейді ол.
Тәлімгердің айтуынша, үйірмеге әртүрлі балалар келеді. Ән үйірмесіне келген балаға қоятын шарт: оның қабілеті, әнге икемі, ынтасы болу керек. Егер баланың ынтасы болмаса, ол сол өнермен айналыса алмайды. Кейбір балалардың қабілеті бар, ал кейбірінің қызығушылығы бар, бірақ бейімі жоқ болады. Ал егер баланың ынтасы болып тұрса, ән айтқанды жақсы көрсе, үйретуден бас тартпайды. 0-ден бастап дайындалады. Балаға барынша үйретуге тырысады.
Үйірмелердің оқушыларға берері мол. Мұнда келіп жүрген жеткіншектер байқаудың жеңімпазы болып үлгерген.
«Балаларды көптеген конкурстарға апарамыз. Концерт өткіземіз. Менде «Жұлдыз» және «Достық» деген екі топ бар. Жақында «Гранд» фестивальіне қатысып, бірінші және екінші орын алдық. Ән айтудан жеке орындау бойынша қатысқан оқушым 3-орын алды. Үйірмеге келіп жүрген әр бала осылай өзінің қабілетін шыңдап жатыр», – дейді ән үйірмесінің жетекшісі.
Осылайша, өнер жолын таңдаған жүздеген бала «Bonus» қабырғасы арқылы үлкен сахналарды бағындырып, өнері үстем болып, елге танылып жатыр.
Нұрән ӘДІЛЕТ
Пікірлер (0)