Қосшыдағы «Пикассо»...
Сұхбат
1208
«Мен әрдайым қолымнан келмейтін істі еңсергім келеді, өйткені оны барынша үйреніп алсам деймін»... Әйгілі суретші әрі дизайнер Пабло Пикассодан осындай тәмсіл қалған екен. Сол қанатты сөзді тереңінен ұғынған Айзат Әбжан есімді суретші Лесная поляна тұрғын үй алабында сурет үйірмесін ашып, бұл күнде 250-ге жуық балаға тәлім беріп отыр. Оның сурет үйірмесі де – Пикассо деп аталады. «Jana Bastau» тілшісімен өрбіген сұхбатта суретші Айзат үйірмені қалай ашқанын әңгімелеп, өнер жолынан жан рахатын сезінумен қатар, қалайша оны табыс көзіне айналдыруға болатынын айтып берді.
– Айзат Исақызы, бұл тұстан қанша өтіп жүрсек те, Лесная полянада осындай керемет өнер ордасы барын білмеген екенбіз. Сурет үйірмесінің тарихы туралы қысқаша баяндап берсеңіз.
– Негізі өзім бала күннен, ес білгелі сурет салып келемін. Әкем Мәдениет үйінде суретші болған. Сол себепті әкеме еліктеп, суретші болу бала кезден бергі арманым десем де болады. Ұстаздықты меңгеремін деген ой ол кезде мүлде болмады. Балалармен жұмыс істеу дегенге де қызығушылық болмаған. Кейін Астанадағы гуманитарлық колледжге Сурет және сызу мұғалімі мамандығына түстім. Ол кездегі мақсатым – мұғалім болу емес, тек сурет бойынша ең жақсы колледжде оқысам деген мақсатпен келдім. Сол жерде 4 жыл оқыған кезде практикаға барып, сурет өнеріне деген қызығушылым тіпті ояна бастады. Мектепте қосымша жұмыс істеп, төртінші курста қосымша студияларда жұмыс істеп жүрдім. Ол кезде 16 жастамын. Бір-екі сағаттық жұмыста күн сайын балалармен жұмыс істеп жүрген кезімде суреттен мұғалім болсам екен деген тоқтамға келдім.
Ол кезде алдымда екі таңдау тұрды: Гумилев атындағы ЕҰУ-ға түсем бе, әлде «Шабыт» университетіне түсем деген ойда жүрдім. Бірақ «Шабыт» университетіне бүйрегім бұрды. ЕҰУ-да оқысам, колледжден кейін тек екі жыл оқиды екенмін. Ал «Шабытта» таза суретші мамандығын оқығандықтан, тағы бес жыл оқытады екен. Сөйтіп, жалпы жиыны тоғыз жыл оқып шықтым. Әке-шешем «9 жыл суретшілікті оқығанды сенен көрдім, неліктен бірден медициналық мамандыққа түсе салмадың» деп күлетін. Бес жыл бойы «Шабытта» оқыған кезде көбінесе суретші ретінде шыңдалдық. Сол жерде 5 жыл оқығаныма өкінбеймін. Бес жылым бес күндей өтті десем де болады. Сол университет менің өнерге, мәдениетке деген сүйіспеншілігімді оятты. Ол кезге дейін сурет үйренгісі келетін бала білуі тиіс нәрсе секілді көрінетін. Бірақ сурет деген мәдениеттің іргетасы деп ойлаймын. Мектеп балаға білім берсе, біз балаға мәдени тәрбие береміз.
– Иә, көп баланы ата-анасы не заңгер немесе қаржыгер бол деп, қинап мамандықты таңдауға мәжбүрлеп жатады. Ал сіз өз қалауыңызбен өнер мектебін ашып, құлшына кіріскеніңіз көрініп тұр. Мектепті өзіңіз ашып отырсыз ба?
– Ең алғаш, 2018 жылы нөмір бірінші мүмкіндігімді сынап көрдім. Ааа жоқ, бесінші курста оқып жүрген кезімде алғаш шағын үйірме ашқым келді. Қалада 20-30 оқушыны жинап, сурет өнерін оларға үйретіп жүрдім. Айына шамамен 100 мың теңге түсетін. Бірақ оның өзі студент үшін өте жақсы ақша. Содан бастап бағымды сынай бастадым. Сол кезде біраз нәрсені түсіндім. Астана секілді үлкен қалада ондай үйірмені ашу да оңай емес екен. Студент болғаннан кейін қарапайым жарнама, таргет дегеннің не екенін білмейтін едім. Ақшам да жоқ. Бірақ ол кезде үйірме ашу үшін қандай ғимарат таңдау керектігін, неден бастау керектігін бәрін түсініп, 2018 жылы оқуды бітіргеннен бастап мен дәлме-дәл өз үйірмемді ашатынымды білдім. Себебі бір мектепке барғанымда айлығым 87 мың теңге болатынын білгеннен кейін үйірме ашқан абзал деген ойға келдім. Әке-шешем 200 мың теңге берді.
Көп адам кәсіп бастаған кезде бірден үлкеннен бастасам деп ойлайды. Алайда олай болмайтынын көбі ескере бермейді. Менің ең бірінші жұмыс бастаған үйірмемнің аумағы 9 шаршы метр ғана болатын. Менен басқа ол жерге бар-жоғы 5-ақ адам сиятын. 30 мың теңгеге сол орынды жалдап, бір парта, екі орындық қойып, қолда бар ақшамды жарнамаға салып, визитка жасап, қолмен таратып, кәдімгідей жұмыс бастадым. Жарнамам осылайша ата-аналардың бірінен бірі естіп, өздігінен жүріп кетті. Содан кейін үлкендеу кабинетке ауыстым. Карантин кезінде үйірмеміз жабылып қалды. Соған қарамастан сурет салуға ниетті балалардың кейбірін үйімде қабылдап жүрдім. Карантиннен кейін қайта үйірмемді жаңғырттым. Жұмысымды тоқтатқан емеспін.
– АртСпорт шеңберінде жұмыс істейсіз бе?
– АртСпорт бойынша жұмыс істейміз. Бірақ оған дейін де өзім балаларды қабылдағанмын. АртСпорт қосылғалы бері маған оқытуға 180 балаға дейін рұқсат берді. Яғни 180 бала қазір мұнда тегін оқып жүр. Осылайша, қазірдің өзінде бізне 250-ден астам бала келеді. Шыны керек, ол жүздеген баланың бәрін өзім оқытып жатқан жоқпын. 180 баланы өзім оқытсам, қалған балаларды басқа мұғалімдер оқытады. Осы жерде менен бөлек тағы екі мұғалім жұмыс істейді.
– Балаға сурет өнерін үйрететін арнайы бағдарлама бар ма?
– Біз балаға кескіндеме, графика, содан кейін дәстүрлі емес стильдерді үйретеміз. Бірақ балалардың ең бірінші кезекте, көңіліне, ниетіне қараймыз. Ол нені үйреніп, нені білгісі келеді? Бізде натюрморттар мен академиялық туындылар тұр. Оларды ұнатпайтын балалар болады. Кейбірі шығармашылық суреттерді, картиналарды салғысы келеді. Оларды біз басқаша амалмен оқыта бастаймыз. Әр баланың өз жандүниесі бар. Оның ең бірінші кезекте, ниеті болу керек. Келем, үйренем деген баланы ғана үйрете аламын.
– Өзіңіздің өнеріңізге тоқтасақ. Сіз сурет өнерінің қай жағына бейімсіз?
– Мен бұрындары ауыл тақырыбына жақын болдым. Өзім ауылда өскенмін. Кейін кішкене портрет, графикалық портретке ауыса бастадым. Өзіме портрет өнері ұнайтын. Өзімді негізі портретистпін деп есептеймін. Бір кездері портретке тапсырысты да көптеп алатынмын. Қонаевты салған портретім бар. Сондай ұлы тұлғаларды салғанды жақсы көрем. Негізі ол ауыспалы құбылыс. Суретшінің кәсіби деңгейіне өсуіне байланысты бәрі. Бірақ қазіргі уақытта 100% энергиямды балаларға тәлім беруге арнап отырмын. Мұғалім ретінде өз жолымды таптым деп есептеймін.
– Оқушыларыңыздың жетістіктері туралы айтып өтесіз бе? Оларды әртүрлі байқауларға жиі қатыстырып отыратын шығарсыздар? Жалпы сурет өнері жағынан біздің елде өңірлік болсын, республикалық болсын байқаулар жиі өткізіле ме?
– Менде ондай оқушылар бар. Тіпті, халықаралық деңгейдегі байқауларға қатысып, жеңіп шыққан шәкірттерім бар. Біз білсек, шамамыз келгенше байқаулардан балаларды қалдырғымыз келмейді. Қазақстандағы барлық конкурстарға қатысып жатса да, шәкірттерімнің жетекшісі ретінде көрсетіле бермеймін. Себебі, көбінде ондай байқауларға балалар мектеп атынан барады. Сондықтан, жетекші ретінде көбінесе олардың мектептегі мұғалімдерінің аты тұрады. Бірақ оған өкпем жоқ. Бастысы, баланың жетістігі мол болсын деп тілеймін.
– Батыс елдерінде сурет өнері жоғары бағаланады. Бір картинаның өзі миллиондаған долларға сатылып жататын кездер аз емес. Ал біздің Қазақстанда сурет болсын, өнердің басқа түрі болсын ондай жоғары деңгейде бағаланады деп айта алмаймыз. Біздің елдегі сурет өнерінің дамуына қалай баға бересіз? Біздің елде сурет туындысын сатып, күн көріп отырған суретшілер бар ма? Суретшілер өз туындысын коммерцияландыра алып отыр ма?
– Ондай суретшілер бар. Өз мұғалімдерімді мәселен сол қатарда деп айта аламын. Гүлмира Құдайбергенқызы атты менің алғашқы мұғалімім суретші ретінде қалыптасқан адам. Ол кісінің барлық суреттері билбордтарда, Қазақстан концерт залында ілініп тұр. Әлемдік деңгейдегі туындылары, Франциядағы көрмеге ілінген суреттері де баршылық. Бірақ ондай суретшілердің өнерін көбінесе байлығы бар адамдар көбірек бағалап жатады. Ол деңгейге жету керек.
Өзім мәселен декретте отырған кезде тек портрет салып, күн көрдім. Бізде әншілер тойға шығатыны секілді, суретшілер де коммерцияланып кеткен. Портрет салып ақша табатын суретшілер көп.
– Қандай жоспарыңыз бар? Үйірмені үлкейтуді көздеп отырсыз ба?
– Әрине, жоспарда бар. Үлкен қалаға да шыққым келеді. Бірақ бір жағынан бұл жаққа да үйреніп қалдым. Қазірдің өзінде бұл жерге маған мұғалім жалдау үлкен қадам болды. Себебі өзім осы жерде екі жыл бойы жалғыз істегенмін. Осы істі алып кетіп, бизнес-тренингтен өтіп, командамды үлкейткім келеді. Әйел адам болғаннан кейін өз шығармашылығыма, өміріме көбірек уақыт бөлгім келеді. Мұғалімдерге үйретуші болса, командамен жұмыс жүргізсем деймін.
– Сіздің өз жұмысыңызға беріліп, құлшыныспен кірісіп жатқаныңызды көзіміз көріп отыр. Ондай толағай еңбек міндетті түрде нәтиже береді ғой. Өз ісіне берілген адам жетістікке жетеді. Оны біз сіздің мысалыңыздан байқаймыз. Өнер адамдары болып жүрген, бірақ сіз секілді ісін бастап кете алмаған (міндетті түрде сурет өнері емес) адамдарға қандай ақыл-кеңес айтар едіңіз?
– Адам отырып, ешкімнен көмек күтпеу керек. Қалтада 10-20 мың теңге болса да, бастап кеткен дұрыс. Онсыз болмайды. Еңбектену керек. Ештеңеге намыстанбау керек. Көп адам намыстанып, адамдармен сөйлесудің өзінен жасқанады. Адам бір нәрседен бастап кетсе болды. Егер осындай мектеп ашам деген ниет болса болды. Нарықтан, трендтен қалмау керек. Онсыз болмайды.
– Уақыт бөліп сұхбат бергеніңіз үшін көп рақмет! Еңбегіңіз жана берсін!
Нұрән ӘДІЛЕТ
Пікірлер (0)