Есмағзым Қожахметов: Балалар – біздің келешегіміз, біз оларға барымызды беруіміз керек

Сұхбат
view 1207
news

Қазір елестету мүмкін емес шығар, бірақ осыдан он шақты жыл бұрын Қосшыда бар-жоғы екі-үш балабақша болған екен. Астананың іргесіндегі ауыл содан бері адам танымастай өзгеріп, инфрақұрылымы дамып, бұл күнде толыққанды қалаға айналды. Сондай алғаш ашылған балабақшаның бірі – қазіргі «Амина-2011». Қуаттылығы 120 балаға арналған балабақшаның тарихы, тыныс-тіршілігі жайлы бізге директоры Есмағзым Қожахметов пен балабақшаның меңгерушісі Айнагүл Мурзатаева айтып берді. Қазір елестету мүмкін емес шығар, бірақ осыдан он шақты жыл бұрын Қосшыда бар-жоғы екі-үш балабақша болған екен. Астананың іргесіндегі ауыл содан бері адам танымастай өзгеріп, инфрақұрылымы дамып, бұл күнде толыққанды қалаға айналды. Сондай алғаш ашылған балабақшаның бірі – қазіргі «Амина-2011». Қуаттылығы 120 балаға арналған балабақшаның тарихы, тыныс-тіршілігі жайлы бізге директоры Есмағзым Қожахметов пен балабақшаның меңгерушісі Айнагүл Мурзатаева айтып берді. Балабақша директоры Есмағзым Қожахметов әуелі не үшін балабақша ашуды жөн көргенін баян етті. Ол Ауыл шаруашылығы институтын бітірген. Ресейде туып өскен. Сексенінші жылдары Қазақстанға көшіп келіп, Арқалық облыс болып тұрғанда құс фабрикасында директордың коммерция жөніндегі орынбасары болған. «Ресейдің тұмса табиғатында өскен өзім Арқалықтың қызыл құмына шыдай алмадым» деп күледі. Содан кейін Көкшетау облысына көшіп, сол жерде кәсіподақтар комитетінің төрағасы болып жұмыс істеген. Кейін директордың орынбасары болып, қайта құру кезінде коммерциямен айналысып, Астанаға қоныс аударыпты. «Екі балам, үш немерем бар. Екі немерем осы балабақшаға келіп, осыдан бітіріп кетті. Алғашқы түлектердің бірі – немерем. Немеремнің аты Амина. Соның есімінің құрметіне қойдым», – дейді Есмағзым Қожахметов. Бәрі де ұжымның арқасы Жас ұрпақ тәрбиесіне үлкен үлес қосып отырған «Амина-2011» балабақшасының тарихы жайлы сұрағанбыз. Есмағзым Қожахметовтың айтуынша, осыдан он шақты жыл бұрын Қосшыда балабақша деген тапшы болған екен. «Сенсеңіз, сенбесеңіз де, айтайын, ол кезде бүкіл Қосшыда екі-ақ балабақша болатын» дейді. Осынау үлкен сұранысты ескере келе, 2011 жылы Есмағзым Қожахметов Қосшыдағы үшінші балабақшаны ашуды жөн көріпті. «2011 жылы 3 желтоқсанда марқұм Сергей Дьяченко деген облыс әкімі келіп, өзі ашқан. Содан бері, міне, биыл балабақшаны ашқанымызға 11 жыл болады. Жыл сайын шамамен 25-30 бала бізден түлеп ұшып, мектепке барады. Сол балаларды үйретіп, қолымыздан келгенше білімін беріп жатырмыз. Меңгеруші Айнагүл Акантайқызына, тәрбиешілерімізге көп рақмет! Осы кісілердің арқасы», – дейді балабақша директоры. «Амина-2011» балабақшасының алғашқы түлектері бұл күнде тоғызыншы сыныпта оқиды. 11 жылдың ішінде осы балабақшадан 400-ге жуық бала түлеп ұшқан. 120 балаға арналған «Амина-2011» балабақшасы Қосшы қаласының негізгі көшесі – Республиканың бойында орналасқан. Мектепке дейінгі ұйым үшін өте ыңғайлы жер. Содан болар, ата-аналардың көбі балалары үшін арнайы көлік те сұрамайды екен. Аялдама да екі аттам жерде. Балабақшада 6 топ бар. Үшеуі қазақ, тағы үшеуі орыс тобы. «Әдетте, балабақшадан шығатын көліктер арқылы балаларды әкелуді «развозка» дейміз ғой. Өз басым соның қаупі бар ма деймін. Қосшының өзінде де өкінішке қарай сондай жағдайлар болып жатыр. Қазір әрбір үйде көлік бар. Ата-аналар балаларын көлікпен өздері әкеліп, өз көзімен көріп, өз қолымен тапсырғаны жақсы ғой қанша дегенмен. Әр ата-ана өз баласына баса назар аударып, сақтықпен қарағаны абзал», – дейді Есмағзым Қожахметов. Балабақшада балаларға қазақ, орыс және ағылшын тілінде сабақ беріледі. Үйірмелер де бар. Мұнда келген балалар каратэ, хореографияға қатысып, өз өнерін де шыңдайды. 6 тәрбиеші мен 6 көмекші жұмыс істейді. Балалардың мектепке дейінгі жас ерекшеліктеріне сәйкес білім алуына барлық жағдай жасалған. Есмағзым Қожахметовтен жалпы балабақша жұмысында қандай қиындықтар кездесетінін сұрағанбыз. Айтуынша, жұмыста бәрі мінсіз деп айтуға болмайды. «Балаларға тәлім береміз. Ата-аналарға да «балалармен үйде жиі әңгімелесіңіздер, көбірек көңіл бөліп тәрбиелеңіздер» деп айтамыз. Тек балабақшаға сеніп отыра беруге болмайды. Кейбір ата-аналардың түсініктерімен үйлеспей қалатын кездеріміз бар. Барынша тіл табысуға тырысамыз. Тәрбиешілеріміздің кейбірі былтырлары мектепке кетіп қалды. Өйткені, өздеріңіз білетіндей, мектептің жалақысын көтерді ғой. Бірақ келіп жатқандар да бар. Меңгеруші Айнагүл Акантайқызы оларға өз тәжірибесін көрсетіп, айтып, көмектеседі. Сөйтіп, жастар да балабақша жұмысына үйреніп кетеді», – дейді балабақша директоры. Балабақша тәрбиешілерінің, қызметкерлерінің айлығын арттыру мәселесін Есмағзым Қожахметов те көтеріп жатыр екен. Бір емес, бірнеше рет осы мәселені жауапты ведомстволардың алдына кесе-көлденең қойған. Әлбетте, балабақша қызметкерлерінің айлығының аздығы – бүкіл республика көлемінде өзекті мәселе. Осы мәселеге таяуда Оқу-ағарту министрлігі де мән берген. Министр Асхат Аймағамбетовтің өзі осы жазда тәрбиешілердің жалақысы жыл сайын 25%-ға өскенімен, базалық жалақының аздығынан ол әлі де болса жеткіліксіз болып отырғанын айтқан болатын. Осы жұмыс шеңберінде пилоттық жоба басталып, оның шеңберінде министрлік екі тәрбиеші жарты күн емес, күні бойы жұмыс істеп, екі есе жалақы алатынын жария еткен. Министрліктің осындай жұмыстарды қолға алып жатуы әлбетте, Есмағзым Қожахметов сынды еңбек адамдарының билікке жеткен үні екені анық. «Балабақша қызметкерлерін шамамыз жеткенше айлық жағынан ренжітпеуге тырысамыз. Мейрамда қаржылай сыйақы беріп тұрамыз. Бұл жерде жұмыс істейтін қызметкерлердің бәрі де бізде тегін тамақтанады. Сонымен қатар осында жұмыс істеп жатқан тәрбиешілер мен көмекшілерінің балаларын балабақшаға тегін аламыз», – дейді құрылтайшы. Басты мақсат – балаға сапалы тәлім мен білім беру Балабақшаның меңшерушісі Айнагүл Акантайқызы балабақша типтік база бойынша жұмыс істейтінін айтады. Алайда балаларға тәрбие мен білімді сапалы түрде беру үшін әртүрлі пайдалы әдістемелерді пайдаланады. «Бізде Палитра деген өте қызықты үйірме бар. Онда біз сурет салуды үйретеміз. Біздің балалар соның арқасында халықаралық сайыстарға қатысып, тіпті одан жүлделі орын алғандар да бар. Хореографиядан шыққан балаларымыз қалалық, тіпті халықаралық сайыстарда да бағын сынап көрген. Көбінен жүлделі оралып жүр», – дейді Айнагүл Ақантайқызы. Балабақшаның балалары ғана емес, тәрбиешілер де өз білім деңгейлерін көтеру мақсатында әртүрлі сайыстарға қатысады. «Амина-2011» тәрбиешілері «Жылдың үздік тәрбиешісі» сайысында сынға түсіп, үшінші орын иеленген. Одан бөлек «Амина-2011» тәрбиешілері балаларды дамыту үшін ата-аналарымен бірге әртүрлі дидактикалық материалдарды дайындайды екен. Сондай-ақ «Амина-2011» балабақшасы көпбалалы ата-аналардың балаларын тегін қабылдайды. Балалар үшін ең қызық уақыт – жаз мезгілі Осыдан он шақты жыл бұрын Қосшыда бар-жоғы 2-3 балабақша болса, бұл күнде олардың саны отызға жетіп қалған. Осының арқасында балабақшада резервте тұратын балалар жоқ. Бәрі де балабақша орындарымен қамтылған. «Ата-аналар бізге алғысын айтып, Инстаграмға жазып, шығарып жатады. Онысына рақмет! Алғыстары әлбетте, бізді қанаттандырады. Бізде бір дәстүр қалыптасып қалған: бір ата-ана бізге баласын бір жылы әкелсе, келесі жылдарда да басқа балаларын бізге әкеліп жатады. Басқалардың ұсынысы бойынша да бізге келіп жататындар бар», – дейді Айнагүл Акантайқызы. «Амина-2011» балабақшасы балаларды тәрбиелеп қана қоймай, басқа балабақшалардың басшыларының басын қосып, әртүрлі семинар өткізіп тұрады. Ондай жиындарда балабақша меңгерушілері, басшылары өзара тәжірибесін бөліседі. Балабақшада жазғы уақыт – балалар үшін ең қызықты кезең. Ол мезгілде балабақша қызметкерлері балалардың әр күнін мерекеге айналдырады. Әр күні концерт өткізіліп, іс-шаралар ұйымдас- тырылып, балалардың шығармашылық тұрғыда дамуына ықпал етеді. Балалар мені жатырқамайды Кәсібін бала өмірімен байланысты ашқан басшының өзі кішкентай балаларды жақсы көретінін, кез келген бүлдіршінге құшағы ашық екенін байқадық. «Балаларды жақсы көремін. Қай топқа кірсем де, балалардың бәрі маған «Ассалаумағалейкүм» деп амандасады. Тіпті, біреудің үйіне қонаққа барсам, кішкентайлар мені жатырқамайды. Келіп, алдыма отырады. Балалар – келешегіміз ғой. Бала тәрбиелеу – біздің өміріміздегі ең маңызды міндет», – дейді білікті басшы. Мектепке дейінгі білім мен тәрбиені ұштастырған қасиетті шаңырақ өз түлектерін ұмытпайды екен. Ата-анасын көріп қалса, баласы мектепте қалай оқып жүргенін сұрайды. Олар да қуанып, баласының жақсы оқып жүргенін айтады. «Біз де қуанып қаламыз. Бізден шыққан балаға жаман тәрбие бермеппіз ғой деп шат-шадыман боламыз. Сол балақайлармен мақтанамыз» деп түйді әңгімесін Есмағзым Қожахметов.

Нұрән ӘДІЛЕТ

       

Пікірлер (0)

Пікір қосу

Сіздің атыңыз *
Сіздің пікіріңіз *