Кранның құлағында ойнайтын Мұрат
Сұхбат
358
Мысырдағы пирамидалар салына бастаған кезде «көтеру механизмдері» қолданыла бастады. Содан бастап бұл сала өсіп, дамып бір жүйеге келді. Әлбетте ол заман мен қазіргі кездегі механизмдерді салыстыруға келмес. Технология қарыштап дамып, «кранист» деген ұғым пайда болған. Кранистер жұмысының ыстығы мен суығын білу үшін 10 жылдық еңбек өтілі бар Мұрат Қалияқбарды әңгімеге тартып көрдік.
– Сырт көзге кран басқарған оңай көрінеді. Әлбетте әр мамандықтың өзіндік нюанстары бар. Білікті краншының жұмысы ұқыптылықты, жылдамдылықты, қолдың ептілігін, жауапкершілікті, жинақылықты және өзін-өзі бақылауды қажет ететіні мәлім. Жұмысыңыздың ауыр тұсын айтыңызшы?
– Жүк пен объектідегі адамдардың қауіпсіздігі кранистің кәсібилігіне байланысты. Сіз 500 тоннаға жуық жүк көтеріп тұрған кезде, ойланудың өзі қиын болады. Бір дұрыс емес қозғалыс жасалса немесе назарың басқа жаққа ауса, жүктеме жоспарланған жерде болмауы мүмкін. Мұның салдары әртүрлі мәселелерге әкеледі. Мысалы роторды ойып алу үлкен концентрацияны қажет етеді, ал екі кран жұмыс істеген кезде екінші кран тасымалдаушымен синхрондылық қажет. Мысалы, ең қарапайымы жабдық зақымдануы мүмкін. Ал ол шығынға, кепілдіктің жоғалуына және сақтандыру төлемдерінің түсуіне әкеледі. Тіпті кейде қызметкерлердің қатысуымен болған жазатайым оқиғалар қылмыстық іспен аяқталуы мүмкін. Айта берсе көп қой. Мен осы қиын кәсіптің өкілдерін қатты құрметтеймін және олардың күніне 12 сағатқа дейін қозғалмай кранда отыратындарын төзімділіктің шыңы деп білемін. Мұндай жүктемені бәрі бірдей жеңе бермейді. Бұған миллиондаған долларлық жүктерді сақтау және айналаңыздағы адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жауапкершілігін қосыңыз.
– Неге кранист боламын деп шештіңіз?
– Астана қаласындағы «Құрылыс – техникалық колледжін» бітіргенмін. Басында ақшасына бола қызығып келдім. Сосын жұмыстың ыстық-суығын көріп, үйренгеннен кейін осы жұмыста қалып кеттім. Бір жағы қызық, бір жағы қиын жұмыс. Жұмыстың жеңілі болмайды ғой. Сол қиындықтарға төзе алмайтындар, жұмысын ұнанпайтындар деп ойлаймын. Мен өз ісімді әртүрлілік, жан-жақты қарым-қатынас мүмкіндігі үшін жақсы көремін. Кранист мамандығының артықшылығы – сіз күн сайын әртүрлі жерлерді, әртүрлі кәсіпорындарды, әртүрлі адамдарды көресіз. Алғашқы кранға отырған сәт әлі есімде. Кішкентай кабинаның терезелерінен қаланың нашар көрінуі, жолдағы кептеліс және тәжірибенің болмауы маған қатты кедергі келтірген еді. Кез келген істе тәжірибе көп көмектеседі. Неғұрлым көп тәжірибе болса, соғұрлым қиын нысандарда сенімді, әрі өнімді жұмыс жасай аласыз.
– Жүк көтеру кезінде қауіпті жағдайларды азайту үшін не істеу керек?
– Қауіпсіздік талаптарын сақтау керек. Ал ең бастысы – жұмысқа тек кәсіпқойларды тарту және жарамды техниканы ғана қолдану.
– Кранист болудың денсаулыққа тигізетін зияны бар ма?
– Әрине. Қыста, жазда кранға түсіп-мінудің өзі бейнет. Содан болып күннің ыстығында ыстық, аязда суық өтіп кетеді. Суық көп тиеді. Содан болып көбінесе өкпе ауырады. Отыра бергеннен белге, көзге көп зақым келеді. Қол талып кетеді.
– Құрылыста қауіпсіз емес деген сала жоқ қой, дей тұрғанмен өміріңізге қауіп төнген сәттер болда ма?
– Ондай әр кранистің басында болады. Қыстың күні қар аралас жаңбыр жауғанда, сатыға мұз қатып қалады. Сол кезде тайып қолымды шығарып алған кездерім болды. Қатты дауыл, жел болған кездерде құлап кету қаупі бар. Краннан түсе алмай кранда қалып кеткен кездер де көп болды. Кейде қатты жүкті көтере алмай, кручок шығып кетіп кран ары-бері қозғалатын сәттер де болады. Жалпы, бұл жұмыста қауіп өте көп. Абайлап, сақтықпен істеу керек. Қандай да бір жағдайда қалай әрекет ету керектігін айтатын өте нақты және қатаң нұсқаулықтар бар. Барлығын дұрыс істеп жатқаныңызға 100% сенімді болу үшін ережеге бағыну керек. Біздің мамандығымызда көркемөнерпаздар қажет емес.
– Кранистке қойылатын талаптар қандай?
– Тиісті қызмет түрлері бойынша өз бетінше жұмыс істеу құқығына белгіленген тәртіппен берілген куәліктің болуы; Пайдалану жөніндегі басшылықтың және жүктерді тасымалдаудың технологиялық процесінің талаптарына сәйкес қолданылатын жұмыс қабілеттілігінің өлшемдерін білу; Кранды пайдалану кезінде авариялар мен инциденттер туындаған жағдайда іс-қимыл тәртібін білу; Ережелерді білу үшін белгіленген тәртіппен сертификаттаудан өту. Кран тасымалдаушыларға қойылатын талаптардың мұндай маңызды тізімі толығымен жасалған. Жұмысқа кірер кезде сізге беріледі. Салмағы бірнеше тонна болатын жүктерді көтеру қауіпті және оларды денсаулығы жақсы адамдар ғана орындауы керек. Барлық талаптар заңмен бекітілген. Көру, есту, жүрек-тамыр және жүйке жүйесі, тыныс алу органдары, бүйрек, тірек-қимылында мәселе болса, ол кранист бола алмайды. Психикалық денсаулық та ерекше рөл атқарады. Осы талаптарға командада жұмыс істеу дағдысын да қосамыз. Кран тасымалдаушының өзі жүкті көтерумен айналыса алмайды. Бұған такелаж командасы, рафтерлер көмектеседі.
– Әңгімеңізге рақмет!
P.S
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев соңғы Жолдауында қарапайым еңбек адамдарының қоғамда алар орнына айрықша тоқталды. «Кәсібилік пен еңбекқорлық қоғамымызда ең жоғары орында тұруы қажет. Тағы да қайталап айтамын. Елімізде еңбекқор адам, кәсіби маман ең сыйлы адам болуға тиіс. Осындай азаматтар мемлекетімізді дамытады. Мен Ұлттық құрылтайда және «Жастар рухының» съезінде бұған арнайы тоқталдым. Біз қарапайым еңбек адамына құрмет көрсетуіміз керек. Қандай кәсіппен айналыссаң да, оны сапалы атқару маңызды» деген болатын. Ол сөзінің жаны бар. Қарапайым еңбек адамдарының жұмысымен жете танысып, үңіле жүруіміз қажет
Пікірлер (0)