Міржақыптың көзі – тектіліктің өзі
Сұхбат
679
Әлемдегі ең қауіпті мамандықтың бірі – өрт сөндіруші қызметі. Нағыз ер азаматтарға тән бұл салада қызмет ету жүректілік пен батылдықты әрі ерлікті талап етеді. Күнде өлім мен өмірдің арасында арпалысып жүрген батырлардың құрал-саймандары сақадай сай, дайындықтары жоғары деңгейде болуы керек. Бұл жұмыста ұсақ-түйек деген ұғым жоқ, әрбір минут маңызды. Бөлімшеге қоңырау келіп түскенде жиналуға 1 минут ғана уақыты бар. Апат орнына келгенде өрт сөндірушілер алдымен адамдарды құтқарып, оларды қауіпсіз аймаққа көшіріп, су тапаншаларын қосып, қызыл жалынға қарсы тұрады. Тәуліктің кез келген уақытында, аптап ыстық пен қақаған аязда ол отқа да, суға да түседі. Олардың санасына «құтқару» деген ұғымның сіңіп қалғаны соншалық – әрдайым тілсіз жаумен бетпе-бет келуге дайын.
Дәл осындай қауіпті мамандықтың қыр - сырын толық білу үшін, Қосшы қаласының тұрғыны, Астана қалалық ТЖД №6 мамандандырылған Өрт сөндіру бөлімінің бөлімше командирі, азаматтық қорғау аға сержанты Міржақып Дулатұлының шөбересі Бірманов Бахтияр Нағашыбайұлын әңгімеге тарттық.
- Бахтияр Нағашыбайұлы, сіздің Қосшы қаласында тұрғаныңызға көп болды ма?
- Мен Қосшы қаласынан алғашқы пәтерімді несиелік бағларлама негізде алып, осында көшіп келіп отырмын. Жас қала болсада, барлық сала бойынша тындырымды тірлігі көп. Жұмыс барысындада, Қосшыға шақырту бойынша келіп, халыққа қызмет көрсетіп жүрміз.
- Ендеше, өрт сөндірушінің бір күндік жұмысымен таныстырып өтсеңіз. Жалпы кезекті шақыртуға, өрт сөндіруге аттанып бара жатқанда өзіңізде қорқыныш сезімі бола ма? Өйткені, тілсіз жау құрбанын таңдап жатпайды ғой.
- Өрт сөндіру қызметкерлерінің жұмысы таңертеңгі 8-ден басталады. Түнгі кезекшіліктен шыққан топ бекет қызметін екінші топқа табыс етеді. Алдымен жеке құрамның сап түзеуі болады. Содан соң қарауылдар кезекшілікті қабылдап алады, оның ішінде техниканың жай-күйі мен тиісті құрал-жабдықтардың жұмысқа дайын болуы тексеріледі. Өрт сөндірушілердің жұмыс кестесіне келсек. Жеке құрам 1 тәулік жұмыс істеп, 3 күн демалады. Ал офицерлер үшін 5 негізгі және сенбі қысқартылған жұмыс күні болып есептеледі. Бөлім басшылары мен орынбасарларында нақты жұмыс кестесі жоқ, олар кез келген уақытта дайын болуы тиіс. Иә, өрт айтып келмейтін қорқынышты апаттың бірі. Өрт болған жағдайда көпшілік адам не істеу керегін білмей, қызыл жалын құрсауынан шығудың жолын таба алмай, абдырап қалады. Алайда бұл сәтте оларға өрт сөндірушілер көмекке келеді. Өрт сөндіру бөлімінің командирі оттың қауіп деңгейін бағалап, оны сөндіру тактикасын айтады. Ол қосымша отряд шақыру немесе шақырмауды ойланып, көтеру техникасын қоятын орынды белгілеп, жұмысты қай жақтан бастау керегін бекітеді. Әр жағдайға өзіндік ереже керек. Жалпы мен үйден шығып, кезекшілікке аттанған уақытта, қайтадан отбасыма ораламын ба, жоқпа оны да білмеймін. Расын айтар болсам, қазір өрт сөндіруге аттанарда менде қорқыныш сезім болмайды. Басты мақсатым, қазыл жалын шарпыған аумақты сөндіру, ішінде адам болса оны құтқару. Сонымен қатар, өртенген ошақ жанындағы ғимараттың жануына жол бермеу. Бұл сала нағыз ер азаматтарға арналған жұмыс деп білемін".
- Қандай ірі өрт сөндіргеніңіз есіңізде қалды?
- Иә, 2013 жылдан бері өрт сөндіру қызметінде еңбек етіп келе жатырмын. Біз кезекшілікке түскенде кейде 3-4 өрт оқиғасы тіркелуі мүмкін. Кейде мүлде шақырту болмайды. Дегенмен, өрт сөндіруге барғанда адамдарды ажалдан арашалап алған кездер болды. Бірде тұрғын үйдің 8 қабатынан өрт шығып, арнайы техникамен өрт сөндіруге аттандық. Сонда пәтерде түгел қызыл жалын шарпыған. Әйел мен қызы көмекті балконға шығып күтіп тұрды. Біз авто - жедел саты арқылы жақындағанда 1 метр қашықтықта сол діттеден жерге жетпей тұрды. Сонда еш ойланбастан, каратэде қолданылатын тәсіл - "шпагатқа" отырып екі адамды құтқарып қалдым. Одан басқа да оттан әжейді құтқарғаным есімде.
- Тұрғын үйлерден шыққан өртті сөндіруде қандай қиындықтар кездеседі?
- Егер ол бірнеше қабатты үй болса, онда ең қиыны өрт болған жерге жету көп уақытта қиындық тудырып жатады. Тұрғындар аулаға көліктерін қойып тастағаннан кейін діттеген жерімізге жете алмай қиналамыз. Қазір қыс ауасында кейде жүргізушілер жол бермейді. Тіпті біз арнайы дабылды қосып, жол беруді сұрасақта, оны елемейтіндер кездеседі. Сол кезде қатты қынжыласың. Себебі, біз сол мезетте бізге жол бермеген жүргізушінің туысын құтқаруға бара жатуымыз да мүмкін. Ойлану керек... Бұдан өзге, өрт сөндіру көлігі өте алғанымен сатысы бар көліктің жетуі мүмкін болмай жатады. Ол жоғары қабаттағы адамдарды құтқару үшін аса қажетті техника екені түсінікті. Көп жағдайда, өрт сөндірушілер көлік шын мәнінде өрт шыққан жерге жетуге кедергі келтіріп тұрса, онда қара күшке салып итеріп, жол ашады.
- Жалпы әр салада біліктілікті арттыру шарасы іске асатыны белгілі. Сіздер жаңа өрт сөндіру тәсілдерін қайдан үйренесіздер?
- Мемлекет тарапынан бізді де түрлі оқытуларға жолдап тұрады. Сонымен қатар, өрт сөндіру бөліміне жаңа техникалрда жеткізіліп жатыр. Заманауи техника болғандықтан, оны оқуға жүргізушілерді жібереді. Бұдан өзге, жаңа өрт сөндіру тәсілді үйреніп келген мамандар, бөлімшедегі қызметкерлерге білгендерін айтып, білімімен бөліседі. Мұндай шаралардан біз тысқары емеспіз.
- Өрт сөндіру қызметкерлеріне қойылатын басты талапты атасаңыз?
– Алдымен адам психологиялық тұрғыда дайын болуы, яғни ол өртті көргенде ештеңені ойламастан оны ауыздықтауға кірісіп кету керек. Себебі, ол кезде уақыт тапшы болады. Екіншіден, өзінің қорқынышын жеңе білу қажет. Сонымен қатар, дене шынықтыру дайындығының жоғары болуы да маңызды талаптың бірі болып есептеледі. Өрт сөндіру ісінде жақсы физикалық дайындық керек. Олар қолданатын құрылғылардың салмағы ауыр, оған қарамастан, жылдам қозғалу шарт. Мәселен, оныншы қабатқа ауыр киіммен арнайы құрылғымен жүгіріп шығуды бір сәт ойлап көріңіз. Сондықтан ,өрт сөндірушілер жүгіру, турникте тартылу, ауыр көтеруден норматив тапсырып, үнемі спорттық жарыстарға қатысып отырады. Айта кетсем, мен осындай спорттық шараларда жеңіс тұғырынан көрініп, арнайы төсбелгіменде марапаттадым. Біз үнемі оқу-жаттығудан өтіп тұрамыз. Сонымен қатар қандай да бір техниканы тізгіндемес бұрын, міндетті түрде оны қолдану тәсілі бойынша емтиханнан өтеміз.
- Бахтияр Нағашыбайұлы, ұлттық сананы ояту жолында жанын пида еткен ақын, жазушы, қоғам қайраткері Міржақып Дулатұлы сіздің атаңыз екені рас па? Тіпті Торғайдағы ең көне ғимараттың бірі Міржақып Дулатовтың әдеби музейі орналасқан үйде қонақтарды күтіп, қызмет те еткеніңіз қаншалықты шындыққа жанасады?
- Бұл ақпарат шындыққа жанасады. Расында, менің руым орта жүздің Арғыны. Оның ішінде Мадияр деген рудан тарадық. Айтқұл атадан бөліндік. Айтқұлдан Байжұмыр және Жаужұмыр деп бөлінеді. Жаужұмырдан менің аталарым тарады. Ал Байжұмырдан Міржақып Дулатовтың аталары туылған. Міржақып Дулатұлы біздің атамыз, туысымыз болып саналады. Тарихқа көз жүгіртсек, Міржақып Дулатұлының атын ақтап шығаруға қызы Гүлнәр септігін тигізген. Қызының бастамасымен 1988 жылы Міржақып Дулатұлы ақталған. 1990 жылы арнайы комиссия құрылып, Міржақып Дулатұлының денесін идентификациялаған. 1992 жылы Міржақып Дулатовтың туған жері Жангелдин ауданының Бидайық ауылына сүйегі қайта жерленіп, кесене орнатылды. Мұнда арнайы музейде бар. Менің әкем, Бірманов Нағашыбай 20 жылдан бері осы мұражайда қызмет етіп келеді. Әлі де келуші қонақтарды күтіп алып, музейге қарап жүреді. Мен әр еңбек демалысымда отбасыммен барып, музей қонақтарын күтіп алып, қызмет етемін. Мектеп кезден бстап, атамыздың мұражайына ақындар, зиялы қауымдар, журналистер шетелдік туристер келіп жатады. Мінекей біз сол азаматтарға қызмет етеміз. Мен осындай ұлы тұлғаның ұрпағы болғанына мақтанамын.
- Қосшы қаласында, танымал Алаш ардақтысының ұрпағы, өз ісіне адал еңбекқор азаматтың тұратындығы бізді де қуантып отыр.
Ерлігі өшпес ел қорғаны болған ер
Біздің кейіпкеріміз, өрт сөндіру бөлімінің командирі Бахтияр Нағашыбайұлы ақын, жазушы, қоғам қайраткері, «Алаш» ұлт- азаттық қозғалысының рухани көшбасшыларының бірі Міржақып Дулатұлының шөбересі ғана емес, сонымен қатар бүгінгі күннің батыры атанып, өз өмірін құрбан етіп, жанып жатқан оттың ішінен тұрғындарды алып шығып, ерлікпен қаза тапқан Асқар Забикулиннің әріптесі. Бүгінде Бахтияр Бірманов қызмет етіп жүрген №6 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінде Асқар Забикулин 5 жылға жуық жұмыс істеген. Бахтиярдың сөзінше, ол Асқар Забикулинмен бірге өрт сөндіру шақыртуларына да барған. Ол расында бүгінгі күннің батыры атағына лайықты азамат болған. Әріптес- теріне өрт сөндірудің түрлі техникасын да үйреткен,-дейді ол. Бұл оқиға қазір әрбір қазақстандықтың аузында жүр. Еске салсақ, оқыс оқиға 16 қарашада болды. Сағат күндізгі 10:43 шамасында Астана қаласы Бауыржан Момышұлы даңғылы №14 мекен жайындағы пәтердің отқа оранғаны туралы қоңырау келіп түседі. Оқиға орнына дереу аттанған өрт сөндірушілер межеленген жерге үш минутта жетіп келеді. Он бес қабатты тұрғын үйдің он бірінші қабатындағы пәтерлердің бірінен өрт шыққан. Пәтер іші түгел жанып жатыр, айналаны қалың түтін басқан. Жан-жағын барлап шыққан өрт сөндірушілер көмек сұрап жатқан тұрғындардың дауысын естиді. Сол себепті ең алдымен тұрғындарды құтқаруға асығады. Асқар Забикулин өртеніп жатқан пәтерге терезе арқылы кіру үшін жауынгерлік киімін шешкен. Осылайша, ол үстінде тек камуфляжбен қалады. Бетпердемен бетін бүркеп, жанып жатқан пәтердің бөлмелерін аралап шығады. Бөлме ішінде қалған әжесі мен немересін құтқарып, көрші пәтерден он жасар баланы аман алып шығады. 3 адамды құтқару кезінде денесін 80% күйік шалып, жансақтау бөліміне түсті. Дәрігерлер өрт сөндірушінің өміріне араша түскенмен, аман алып қала алмады. ҚР президенті Қасым-Жомарт Тоқаев сол күні тұрғындарды құтқарып, өз өмірін қатерге тіккен өрт сөндірушілерді Қазақстан Республикасының мемлекеттік наградаларымен марапаттау туралы Жарлыққа қол қойды. Қызметтік борышын атқару кезінде көрсеткен батылдығы мен жанқиярлығы үшін Төтенше жағдайлар министрлігі Астана қаласы Төтенше жағдайлар департаменті өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметі жедел кезекшісінің көмекшісі Асқар Забикулин I дәрежелі «Айбын» орденімен марапатталды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өрт сөндіруші Асқар Забикулиннің отбасына көңіл айтып, жеделхатта жолдады. Сонымен қатар, қызметтік борышын адал атқарып, ауыр жарақаттан қаза тапқан Асқар Серікұлы Забикулиннің құрметіне Астана қаласындағы көшелердің біріне есімі беріліп, бюсті орнатылады. Асқардың үзілген өмірі – өрт сөндірушілердің жұмысының оңай еместігіне, сонымен бірге әрқашан өмірге қауіп төндіретін мамандық екенін тағы бір рет дәлелдеді. Ол жағдайдың күрделілігі мен қауіптілігін түсініп, өз міндетін соңына дейін орындады. Ерлік көрсеткен Забикулин Асқар Серікұлын әріптестері мен жақындары Көкшетау қаласында ақтық сапарға шығарып салды. Ол өзінің туған жері, Ақмола облысы Еңбекшілдер ауданы, Казгородок ауылында жер қойнына тапсырылды. Біздің кейіпкеріміз Бахтияр Нағашыбайұлыда Асқармен қоштасу рәсіміне арнайы қатысып қайтқан еді. "Асқар Забикулинмен 5 жыл бойы бірге қызмет еттік. Ол бізге өрт сөндірудің жаңа тәсілін, тәртібін үйреткен азамат. Жуырда Көкшетауға батырды ақтық сапарға шығарып салуға әріптестерімізбен барып қайттық. Төтенше жағдай министрлігі ол үшін арнайы тасымалдау көлігінде ұйымдастырып берді. Асқардың отбасына қайғыра көңіл айтамыз. Бұл сала қауіпті екені барлығына белгілі. Менде күнделікті өзімнің кезекшілігіме барарда үйге қайта ораламын ба , жоқпа білмеймін. Дегенмен, өзгенің өмірін құтқарып ажал құшқан әріптесіміз нағыз қаһарман. Алдағы уақытта № 6 мамандандырылған өрт сөндіру бөліміне Асқар Забикулиннің есімі берілуі мүмкін. Осындай ұсыныстар жолдануда",- деді Бахтияр Бірманов. Иә, өрт сөндірушілердің жұмысы қауіп-қатермен байланысты. Апат кезінде өрт сөндірушілер көзсіз жанкештілікке барады. Асқар Забикулиннің ерлігі дүйім жұртты елең еткізбей қоймады. Ол төтенше жағдай кезінде тек өзінің қара басын ойлаған жоқ. Қызметіне адал болып, нағыз өрт сөндірушідей әрекет етті. Бейбіт күннің батыры көрсеткен ерлік қашанда ел есінде қалады!Қауіпті қызмет, алдамшы жалақы
Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин 2023 жылы өрт сөндірушілер мен құтқарушылардың жалақысы көбейетінін айтқан еді. «Үш жыл бұрын жалақыны көтеру мәселесі көтерілген кезде біздің қызметкерлер 65 мың теңге алып отырған еді. Қазір қызметке келген қызметкердің ең төменгі лауазымдық жалақысы шамамен 110 мың теңге», - деді Юрий Ильин. Сөзінше, 2023 жылы жаңадан келген қатардағы қызметкерлердің айлығы максималды деңгейде өсетін болады. «2023 жылғы 1 қаңтардан бастап жалақыны 10%-дан 70%-ға дейін арттыру көзделіп отыр. 70% дегенде, бұл қызметті енді бастаған қатардағы құрамның жалақысы максималды өседі деген сөз. Ал 10% дегенде басшы құрам туралы айтып тұрмын, бұл - өрт сөндіру қызметінің бастықтары, төтенше жағдайлар қызметінің бастықтары», - деп түсіндірді министр. "Бұл тұрғыда біз әрине жақсы жаңалықты күтіп жүрміз. Өрт сөндірушінің еңбекақысы оның азаматтық қорғау органдарындағы қызмет өтіліне, сыныптық біліктілігіне және шеніне байланысты есептеледі. Деседе бүгінде алып жүрген еңбекақы жеткілікті деп айта алмаймын. Жаңа жылдан бастап, жалақының 70 пайызға дейін көтерілетінін естіп жатырмыз. Менің 2 ұл, 1 қызым бар. Қосшы қаласында отбасыммен бірге тұрамыз. Жас отбасының асыраушысымын. Алдағы уақытта жалақы ұлғайса әрине қуанамыз. Сонымен қатар, пәтер жалдау ақысын мемлекеттен өтейтін бағдарламаны іске асыру жобасыда қаралып жатыр екен. Бұл мәселе шешілсе, өрт сөндіруші мамандығын таңдайтын ер азаматтар саны артуы мүмкін. Алдағы уақытта менің ұлдарымның бірі осы саланы таңдаймын десе, ешбір қиындық, қауіп-қатеріне қарамастан мен қарсылық білдірмеуші едім. Себебі, бұл салада қызмет еткен жан - қаһарман. Ал менің ұлдарым халыққа қызмет етіп, батыр атанса, мен тек оларды мақтан тұтар едім"-деп өз пікірімен бөлісті өрт сөндіру бөлімінің командирі. Елімізде өрт сөндірушілер Төтенше жағдайлар министрлігінің құзіретіне кіреді. Көбіне олар бұл қызметке әскери борышын өтегеннен кейін өрт сөндіру курсынан өткен соң орналасып жатады. Бұл жұмысқа келудің ережелері арнайы заңмен бекітілген. Конкурстан өткен жағдайда тағылымдамада болып, одан кейін кәсіби даярлау мектебінде алғашқы дайындықтан өту керек. Оның ішінде, алғашқы медициналық көмек көрсете білу, қажетті құрылғылармен жұмыс істеу сынды маңызды сабақтар болады. "Әрине, физикалық дайындалған адам баспалдақты қолдануды, жүгіріп, секіруді, ауыр заттарды көтеруді үйрене алады. Сонымен қатар өрт сөндірушілерге газ түтінінен қорғау құралдарын қолдануды, қатты түтіндеу жағдайында іс-қимыл жасауды үйретеді. Алайда ең қиыны – өзгенің өмірі үшін жан қиюға дайын тұратын батырлық пен ерлікті таб деп ойлаймын. Шарпыған қызыл жалынға су шашу деген өртті ауыздықтай алады деген сөз емес. Өрт сөндіруді ұйымдастырудың да өзіндік жүйесі, ережесі болады. Қандай жағдайда қай жеріне су шашу керек, жанып жатқан нысанға су шашуды әуелі қай жерінен бастау қажеттігін аға өрт сөндірушілер жедел түрде кеңесіп әрекет жасайды, - деп түсіндірді Астана қаласы №6 өрт сөндіру бөлімінің командирі Бахтияр Бірманов. Қызыл жалынның ортасына кіргенде өрт сөндірушінің бар назары от ортасында қалған адамды құтқаруға, одан кейін өртті сөндіруге ауады. Жалпы алауды ауыздықтау – бүкіл бір команданың жұмысы. Сондықтан, сала мамандарының күші – бірлікте. Бұған қоса, өрт сөндірушілерге шапшаңдық, жүректілік, қырағылық, әп-сәтте шешім қабылдай алатын тәуекелшілдік тән. "Сала мамандарының жұмысы өртті сөндірумен ғана шектелмейді десемде болады Себебі, біз өртке қарсы қызмет бөліміне оралғаннан кейін жалынның қалай өршігені, кімнің қай жерде қателік жібергені, қабылдаған шешімдерінің қайсысы дұрыс болғаны жөнінде кеңінен жиын өткіземіз. Мұндағы басты мақсат – жіберген қателіктерден қорытынды шығарып, шеберлікті одан әрі шыңдай түсу"- деп ойын қорытындылады, Бахтияр Нағашыбайұлы. Иә, кейіпкеріміз Бахтияр Нышанбайұлымен сұхбаттасу барысында, өрт сөндірушілердің жұмысы оңай еместігіне тағыда көз жеткіздік. Бұл саладағы мамандардың жұмысы ерлікпен тең. Өз өмірін қауіп-қатерге тігіп, қызыл жалынмен арпалысып, өзгенің өмірін арашалайтын жандар әр шақыртуға барған сайын ерлік жасайды. Өрт сөндіруші сөзі абырой, батырлық, өжеттілік сөздерімен қатар естіледі. Осындайда орыс жазушысы Владимир Гиляровскийдің мына сөзі тілге оралады: «Әрбір өрт сөндіруші – қаһарман, өмірі үнемі соғыстағыдай және әр минут сайын басын қатерге тігеді». Осы тұста өрт сөндірушілердің арасында «Жеңдерің құрғақ болсын» деген әдемі тілек айтылып жүретіні еске түсіп отыр. Оның мағынасы «өрт болмасын» дегенді білдіреді. Ендеше, елімізде өрт болмасын, бүгінгі күннің қаһармандары - өрт сөндірушілердің еңбегі еленсін деген тілек бізден болсын!Азиза Өтеулиева
Пікірлер (0)