Кәсіпкер: «халық жемесе, балық жесін!»
Сұхбат
1238
«Қазақстандықтардың әл-ауқатын арттыруға бағытталған орнықты экономикалық өсу» ұлттық жобасы мен орта және шағын бизнесті дамыту бағдарламасы аясында Қосшы қаласындағы кәсіпкерлер арасында өтетін «Жылдың үздік кәсіпкері» қалалық байқауы жалғасуда. Еске сала кетейік, байқауды ұйымдастырушы – Қосшы қаласының әкімдігі және Jańa bastau газеті. Байқауға Қосшы қаласының кәсіпкерлері қатыса алады. Осыған орай газетіміздің бұл санында белгілі кәсіпкер, Қосшы қаласындағы «Қосшы наны» наубайханасының иесі Елғаділ Әбжал ағамызбен наубайхана кәсібі туралы аз-кем әңгімелескен едік.
– Газетіміздің тілшілері қала тұрғындары мен дүкендерден қандай наубайхананың өнімін тұтынатынын және қай наубайхананың өнімі өтімді екенін білу мақсатында сауалнама жүргізіп көрген едік. Олардың 80 пайызы «Қосшы нанын» атады. Мұның сыры неде?
– Оның бірден-бір себебі – «Қосшы нан» өнімдерінің шынайы сапасы. «Ас атасы – нан» деп құрметтейтін халықпыз. Әуелі бұл кәсіп үлкен құрметпен қарауды қажет етеді. Екіншіден, халықтың қалтасы көтеретін бағаны ұстау керек. Мұның бәрі «Қосшы нанның» беделін көтеріп тұр. Әйткенмен, кілтипандар да жоқ емес, бар. Мәселен, нан наубайханадан арзан шыққанымен, оның тасымалы бар, қазір бензин қымбат және тасымалдайтын адамдардың еңбегі осыған байланысты баға өсіп кетіп жататын жағдайлар болып тұрады. Қосшы қаласы шын мәнінде «Қосшы нанын» тұтынады және Астана қаласынан тасымалдайтындар да бар.
– Елғаділ Сейілұлы, естуімізше бұл кәсіп сіздің атакәсібіңіз екен. Осы жайлы айтып өтсеңіз?
– Қазақ халқы ұн өнімдерін қолдана бастағаннан-ақ нан – қашан да қазақтың қастерлі дәні, дастарқанының сәніне айналды. Мен кішкентай кезімде әжемнің жанында жүріп, нан жабуды үйрендім. Бұл кәсібімнің бастауы сол кезде басталған болу керек. Жалпы, еңбекке ерте араластым, тіпті, бұрын өзім наубайханада қарапайым жұмысшы болып та істегенмін. Сөйтіп, осы кәсіпке ден қойып, наубайхана ашуды жөн көрдім. Қосшыдағы «Қосшы нан» наубайханасы 2010 жылы ашылды. Содан бері 12 жыл Целиноград ауданының аумағын нан өнімдерімен қамтамасыз етіп келеді. Атап айтқанда, «Қосшы нан» өнімдері Қабанбай батыр, Қоянды, Тайтөбе, Қараөткел, Рақымжан Отарбаев, Қызылсуат, Қызылжар, Софиевка ауылдары, яғни Целиноград ауданына қарасты барлық ауылдарға және Қосшы қаласы мен Астанаға дейін таралады. Наубайхана бір күнде екі ауысыммен 15-16 сағат жұмыс істейді. Бір күнде 15-16 мың нан шығады. Пандемияға дейін қарамағымда қырықтан астам адам істейтін, бүгінде 20 шақты адам жұмыс істейді. Наубайханада әртүрлі ұн өнімд е р д і жасалады. Жаңа піскен түрінде өткізу үшін түнде пісіріп, ертеңінде қаланың сауда нүктелерінің сөрелеріне түседі. Сонымен қатар қайырымдылық шаралары да ұйымдастырылып, медреселерге тегін нан тапсырылады. Қазір наубайхананың табысы айтарлықтай көп емес, тек өз шығынын жабады екен. Алайда бұл – менің кәсібім, мұны тоқтатқым келмейді, ас атасы бар жерде береке де бар.
– Бүгінгі таңда мұндай шағын кәсіпкерлерге мемлекет тарапынан қандай қолдаулар бар?
– Қазір Қосшы қала болды. Қосшы ауыл болған кезбен салыстырғанда, әрине, айырмашылығы көп. Қала статусына ие болғаннан кейін бизнеске деген сенім пайда болды. Өйткені, шаһарымыздың болашағы зор деп ойлаймын. Жаңа әкімшілік те бізге ден қоя бастады. Қазір әкімшілік бізге арзан бағамен ұн береді. Яғни, дотация береді. Соған орай әлеуметтік нан өнімдерін шығарып, д ү к е ндерге 95 теңгемен қойып отырмыз. Ал енді кәсіпкерлікке қолдауды өз басым көп сезіне қойған жоқпын. Өсімі аз несие алайын деп біраз жүгіріп едім, ол болмады.
– Күніне қанша сағат ұйықтайсыз?
– Ең көп ұйықтасам – 4 сағат.
– Ең соңғы оқыған кітабыңыз?
– Есімде жоқ. «Абай жолы» романын оқиын деп алып қойып едім. Бірақ төрт жыл болды, міне, қол тимей жүр.
– Нені қастерлейсіз?
– Нанды қастерлеймін. Содан көшеде қоқыс жәжігінің үстіне, талға іліп кететін нанның бәрін теріп алып, Есілге тастаймын. Нанды олай рәсуа етуге болмайды. Нан қасиетті. Сондықтан оны халық жемесе, балық жесін деп өзенге тастаймын.
– Демалысқа шығып тұрасыз ба?
– Шынын айтсам демалыс аз. Егер халық бір күн «нан жемейтін күн» деген болса, онда аптасына бір күн демалып тұруға болар еді (күлді).
– Отбасыңыз жайлы айта кетсеңіз?
– Жұбайым Эльмира Қауысқалиқызы – менің ақылшым. Ол осы кәсіпорындарымыздың есепшісі деуге болады. Бекболат, Бекарыс және Абылайхан атты үш ұл, бір немерем бар.
Сұхбаттасқан Едіге ЕРСАЙЫН
Пікірлер (0)