Айдын Төребаев: компаниялар Қосшыда үй салcа, мектебін бірге тұрғызсын

Сұхбат
view 291
news

Қосшы қала мәртебесін алғалы бергі қарқынды өсіп келе жатыр. Халық саны шаһарда бейресми есеп бойынша 100 мың адамға таяп қалғанға ұқсайды. Қала мәртебесін алды дегенімен, Қосшыда проблема жетіп жатыр. Су, жарық, жылу мәселелерінен бөлек, мектеп пен емхана, әлеуметтік нысандар мәселесі бар. «Jana Bastau» тілшісі қаланың өзекті мәселелері мен оның шешу жолдарын Қосшы қалалық мәслихатының депутаты Айдын Төребаевтан сұрап көрді. – Айдын Берісбайұлы, Қосшының қала мәртебесін алғанына бір жылдан артық уақыт өтіп кетті. Қосшы ауыл болған кездегі проблемалары қаншалықты шешілді? Жалпы қала мәртебесі Қосшыға не берді? – Біріншіден, қала мәртебесін біз облыс деңгейінде алдық. Ең бірінші кезекте, біздің қалалық бюджеттің толуына мүмкіндік пайда болды. Бұрын ауыл болып тұрған кезде бюджеті 60 млн теңге еді. Қазір бюджет шамамен 600 млн теңгеге жетті. – Сөзіңізді бөлуге рұқсат етіңіз. Қала бюджеті қандай салық көздері есебінен толып отыр? – Жерден түсетін, бұрын ауданға кетіп қалатын, бірақ қаладағы кәсіпкерлерден түсетін салықтар бар. Қазір ол салықтың бәрі де қалада қалады. Осы қалада жұмыс істейтін кәсіпорындар мен жауапкершілігі шектеулі серіктестіктер, дүкендердің салықтары қалада қалатын болды. Салыққа түсетін 600 млн теңге сомасындағы қаражат ақырындап өсіп жатыр. Өйткені, шаһарымызға инвесторлар келіп жатыр. Өздеріңіз көріп те отырған шығарсыздар. Бас-аяғы бір жылдың ішінде бізде «Мечта», «KFC», «Магнум», «Small», «Технодом» секілді ірі сауда орталықтары өзінің бөлімін ашты. Инвестиция деген сол. Салық төлеумен қатар, олар Қосшыдағы қаншама адамды жұмыспен қамтып жатыр. Бюджеттің арқасында су, жарық, тоқ, тіпті, бағдаршам мәселесі реттеледі. Қала көшелерін қалыпты ұстап тұру үшін де қаражат керек. Ол қаражатты ылғи облыстан, республикалық бюджеттен қол жайып, сұрап отыра алмаймыз. Сондықтан жергілікті бюджеттегі қаражатты жұмсаймыз. – Қала мәртебесін алғаннан кейін ең басты басымдық – бюджет қаланың өз игілігінде қалатынында болып тұр ғой? – Әлбетте. Су мен жарық мәселесін реттеп отырмасаң, әлеуметтік наразылықтар туындай береді. Бәрі содан туады. Ал Астанада түнде жап-жарық болып, Қосшыға келгенде барлық жер қараңғы болып тұрса, не болады? Жалпы қалада биыл үш мектептің құрылысы жүргізіліп жатыр. Бірі «Асқар» жанар-жағармай бекетінің артында, екіншісі Абай көшесінде бой көтереді. Үшіншісін білуімізше, Болат Өтемұратовтың қоры салады. Емхана ертерек пайдалануға берілуі тиіс болған. Алайда биыл қарашада берілуі керек. Дайын тұр. Тек ол жаққа персоналды тарту керек. – 600 млн теңгеден артық салық түсетінін айтып қалдыңыз. Әйткенмен, осыншама қаражаттың өзі де 70 мыңға жуық қала үшін түк емес қой. Қосшы дотацияға тәуелді қала ма? – Дотацияға тәуелді. Жергілікті бюджеттен басқа облыстық және республикалық бюджет бар. Бізге қазір жол дарға, басқа да шаруаларға 10 млрд теңгеге дейін қаражат бөлініп жатыр. А дегенде қалаға жоғарыда аталған бюджеттерден 25 млрд. теңгеге дейін қаражат бөлінеді деген. Бірақ биыл Қазақстанда биыл жаңадан үш облыс пайда болды. Республиканың осы ретте біршама қаражаты білуімше, жаңа облыстарға бағытталып жатыр. Біраз жұмыстарды атқарамыз деп ойлағанбыз. Бірақ республикалық бюджеттен қаражат бөлінбегеннен кейін біз күтеміз. 2024 жылы жоспар бойынша, қалаға газ тартылады. Газды қазірдің өзінде айналма жолға дейін әкелді. Жақын арада біздің қалаға да кіреді. – Қалада мектеп мәселесі өте өзекті екені байқалады. Қалада үш мектеп салынатынын айтып қалдыңыз. Бірақ ол шаһардағы мектеп мәселесін біржолата шешпейтін секілді ғой... – Егер сол мектептер жоспарлаған уақытында берілетін болса, онда сол кезде біз үш ауысымды мектептердің мәселесін шешеміз. Бірақ жылдан жылға біздің қала өсіп бара жатыр. «Даурос» деген компания Лесная поляна тұрғын үй алабының жанына 50 мың адам тұратын тұрғын үй алабын саламыз деп жатыр. – Ол да Қосшы қаласына қарайтын үлкен аумақ бола ма? – Иә. Өзіңіз ойлай беріңіз, егер сол жерде 50 мың адам тұратын қала салынса, бізге тағы мектеп керек. Ол жерде қазір біз мәслихатта да, жергілікті кеңесте де олардың ұсынысын қарап, «жарайды, салыңдар» дедік. Бірақ сендер салар алдында екі мектеп саласыңдар деп талап қойдық. Өйткені, олар мектеп салмайтын болса, бізде қайтадан проблема туындайды. Олар бас жоспарды енгізеді ғой. Сол жоспарға біз нақты екі мектепті, балабақшаларды салуды міндеттейміз. – Ол жерде 50 мың адам тұратын болса, Қосшыға тағы бір Қосшы қосылады екен ғой... – Қазірдің өзінде 100 мың... Халық проект дегендер бар. Олардың өзі 30-35 мың адамға арнап үй салып жатыр. Үй салатын кезде жергілікті кеңес ретінде оларға «айналайын үй салам десеңдер, алдымен мектеп салыңдар» деп жатырмыз. – Астана қаласының өзі құрылыс жағынан бері – Қосшыға бағыт алып келе жатыр. Қосшының өзінің өсімі қарқынды. Күндердің күнінде Астана мен Қосшы қосылып кетпей ме? – Болашақта болмаса, бірақ жалпы Астана қаласының бізді қосар мүмкіншілігі болса, қосып алар еді. Қазіргі таңда қаланың өзінің ішінде келіп жатқан су – Астана қаласының өзіне жетпейді. Астананы қарасаң, орталығы жақсы шығар, бірақ шет жағына қарай шықсаң – Қосшыдан артық ештеңесі жоқ. Бұрынғы базар жақтың да көшелерінде тіпті асфальт жоқ. – Қалада жаңа емхана бой көтерді. 70 мыңдық халқы бар қалаға мұның аздық етері даусыз. Аурухана, перзентхана, басқа да бейінді медициналық нысандар алдағы уақытта бой көтере ме? – Бізге негізі аурухана керек. 100 орындық емхана деген шын мәнінде проблеманы шешпейді. Бұл – Целиноград ауданы болған күннің өзінде, Қазақстан бойынша орталық ауруханасы жоқ бірден-бір аудан – осы Целиноград. Қазақстанның барлық аумағында орталық ауруханасы бар. Біз де ол да жоқ. Қосшыдан жедел жәрдем науқастарды қалаға алып кеткен кезде олар тарапынан біздің адамдарды кейде қабылдамайды да. Сондықтан, бізге аурухана керек. – Аурухананың жобасы жоқ па? – Болашақта жоспарлап, сұрап отырмыз. Республикалық бюджеттен сұрағанымыз да сол. Себебі, 25 млрд теңге қаражат сұраған кезде аурухананы да сол сұралған бюджетке кіргізген болатынбыз. Үш облыс пайда болғаннан кейін біздің сұранысымызды ешкім қарастырып жатқан жоқ. Бірақ болашақта болады. Әйтпегенде «қалада аурухана жоқ» деген қалай болады? – Сіз айтып отырған мектеп пен емхана мәселесін жергілікті бюджетпен шешу мүмкін емес болар? – 600 млн теңге неге жетеді? – 600 млн теңге неге жетеді? – Қалада халық бос уақытта қыдырып, серуендейтін саябақ жоқтың қасы. Бұл мәселеге қала әкімдігі қалай қарап отыр? – Қосшыдағы №1 мектептің жанында шағын ғана саябақ бар. Мына жақтан негізі бір саябақ ашамыз деп ойлағанбыз. Айгерім деген дүкеннің қарама-қарсысында талдап өсіп тұр. Аллея бар. Сол жерге келесі жылы аллея салсақ деп жоспарлап отырмыз. – Ал жалпы толыққанды үлкен бір саябақ салу жоспарда жоқ па? – Қалада негізі бос жер жоқ. Қалада дым бос орын жоқ, сенсеңіз. Кезінде 2005-2006 жылдары бәрі де гектер-гектарымен сатылып кеткен. Тіпті, әкімдіктің, мәслихаттың, полиция мен сот ғимараттарын салу үшін жер таппай отырмыз. Оны үкімет адамдардан жекеменшік жерін сатып алуы керек. Оған бізде қаражат жоқ. – Қосшы қаласындағы «Сергек» камералары істей ме? – Сергектер істейді. Бірақ олар жай камера ретінде ғана тұр. Біз Сергек компаниясынан толыққанды қызметін сұрап отырмыз. Бұлар тек видеотіркеу жасайды. Бірақ жылдамдықты өлшемейді. Жақында тестік режимде қоюы тиіс. – Былтырлары су, жарық, жылу проблемалары жиі айтылып тұратын. АРЭК-пен мәселе шешілді ме? – Судың мәселесі шешіліп келе жатыр. Бірақ жалпы қала өскеннен кейін су дефициті болады. Өйткені, су қазір 10- 12 метрден ғана алынады. Ол жерде су жетіспеушілік болуы мүмкін. Тасқын болған кезде ғана жер астына... Бір сөзбен, жаңбырдан, ауадан күтеміз судың өзін. Нижний Романовский немесе Майбалықтан су тартамыз ба көреміз. АРЭК компаниясы бойынша екі-үш үйдің жарық мәселесі реттелді. Жаңадан келген әкімдік АРЭК-пен мәселені реттеді. Бірақ «Шоколад» тұрғын үй алабының бір үйінде ол мәселе реттелген жоқ қой деймін. Өйткені, ол үйдің жартысында адам тұрмайды. Жарты үйдің иесі жоқ. Үйдің өзі ЖШС атында. Содан кейін АРЭК оларға заңды тұлға ретінде энергияны сатады. Ал өз кезегінде компания да тұрғындарға жарықты сол бағамен береді. Мәселе сонда. – Сұхбат бергеніңіз үшін рақмет!

Сұхбаттасқан Нұрән ӘДІЛЕТ

Пікірлер (0)

Пікір қосу

Сіздің атыңыз *
Сіздің пікіріңіз *