Бас мүфти ұлттық құндылықтар, тіл, әйелді кемсітетін уағызшыларға ескерту жасады
Фотосурет: muftyat.kz
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлы әйелер, қазақ тілі мен дәстүр туралы даулы пікір білдірген имамдарға қандай шаралар қолданылғанын айтты, деп хабарлайды JANABASTAU.KZ ақпарат порталы Jibek Joly телеарнасына сілтеме жасап.
Кейінгі кезде әлеуметтік желілерде кейбір уағызшылар мен қоғам қайраткерлерінің қазақтың ұлттық құндылықтары, тілі және әйелдер туралы қорлайтын пікір білдіруі жиілеп кеткені мәлім. Сол себепті ҚМДБ тарапынан оларға түсіндіру жұмыстары жүргізіліпті.

Бір адамның қате сөзі талай адамның адасуына себеп болуы мүмкін. Өкінішке қарай, кейде мүфтиятқа қарасты адамдар, кейде мүфтиятқа қарасты емес адамдар да уағыз айтады. Дегенмен біз олардан басымызды алып қашпаймыз. Бізге қатысты азаматтарға хабарласып, түсіндіріп, қатесін ұғындыруға тырысамыз. Уағызшылар қалай уағыз айтады? Біздің елде адам діни оқуды бітіреді, одан кейін діни салаға жұмысқа келеді. Діни салада жұмыс істеп жүріп, қате жіберетіндер де аз емес. Біз «Білмейтін тақырыпқа кірмеңіздер» деп қатаң ескерту жасап отырамыз. Діни тақырыпта ашық айтуға болатын, жекелеген жерлерде айтылатын сөздер болады. Соларды ескеру керек. Дінді насихаттауды көркем түрде іске асырған абзал. Өкінішке қарай, кейбір уағызшының, ұстаздың, имамның тәжірибесінің жоқтығынан осындай қате пікірлер айтылып жатады, – деді Наурызбай қажы Тағанұлы телеарнаға берген сұхбатында.
Сондай-ақ ол қазақ халқы жолынан еш жаңылмағанын, ал рухани жетекшілер әрдайым сенім мен ізгілікке сүйенгенін атап өтті.

Кейде танымал болудың өзі адамды дертке шалдықтырады. Қазір ұстаздар оқырман санына қарап, өздерін дәріптеп кетіп жатады. Халық бізден жоғары, біз халықтың қызметшісіміз. Мен үнемі ескертіп отырамын. Халыққа қызмет ету үшін адам қарапайым болу керек. Сондықтан кез келген уағызшы, имам, ұстаз уағызын негізге сүйеніп айтуы қажет. Қазақтың құндылықтарына тіл тигізгендер де болды. Оларды шақырып, ескерту жасадым. Қазақ жыраулары, ақындары адаспаған. Әрине, әрқайсысының өз ерекшеліктері болған, бірақ жалпы алғанда домбыра, поэзия және ақындардың шығармашылығы әрдайым дінді, ізгілікті және халық өмірін жырлаған, – деді Бас мүфти.
Пікірлер (0)