Батыс Қазақстанда 430-дан астам тұрғын үйді су басты
Фотосурет: БҚО ТЖД
Батыс Қазақстанда қардың еруі және жауын-шашынның көп түсуінен 432 тұрғын үйдің ішіне су кірді, деп хабарлайды janabastau.kz.
БҚО ТЖД баспасөз қызметінің мәліметінше, Сырым және Қаратөбе аудандарында күрделі жағдай қалыптасты.
Сырым ауданында Өленті өзені деңгейінің көтерілуінен Өленті, Жымпиты, Бұлдырты ауылдарындағы тұрғын үйлердің су басуына әкелді. Сонымен қатар, Сырым ауданының 5 елдімекенінде электр желісінде орын алған авариялық ажырату салдарынан ұялы байланыстың ажыратылуы орын алды. Қазіргі уақытта қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде.
Сырым ауданындағы Жымпиты, Бұлдырты, Өленті ауылдарында үйін су басқандар туған-туыстарының үйіне орналасты. Үш ауылдағы жағдайды тұрақтандыру мақсатында Алматы қаласынан 50 әскери келіп, суды тежеу және адамдарды қауіпсіз жерге көшіру үшін жұмылдырылды.
Қаратөбе ауданында Жақсыбай өзені жағадан шығып, Қоржын ауылының тұрғын үйлерін су басты.
Қаратөбе ауданындағы Қоржын ауылының тұрғындары осы елдімекендегі мектепке көшірілді. Бүгінде су қоршауында қалған Қоржын ауылынан Ақтөбеден келген 2 тікұшақпен адамдар қауіпсіз жерге оқшауландырылып жатыр.
Айта кетейік «AMANAT» партиясы БҚО филиалының баспасөз қызметінің мәлімдеуінше «Жастар рухы» еріктілерінің Қаратөбе ауданы Қоржын ауылы тұрғындарына азық-түлікпен шығатынын, сондай-ақ облыстық және қалалық мәслихат депутаттары материалдық көмек ұйымдастырып жатқанын жеткізді. Облыстық, аудандық филиал өкілдері біркүндік жалақыларын аударуда.
Пікірлер (0)