БӘСЕКЕДЕ ОЗҒАН БІЛІМ ОШАҒЫ

Редакция таңдауы
view 95
news

БӘСЕКЕДЕ ОЗҒАН БІЛІМ ОШАҒЫ

Қарқынды дамып келе жатқан Қосшы қаласында үш ауысымды мектеп мәселесі 2023 жылдың 1 қыркүйегіне дейін толық шешіледі. Биыл шаһарда екі мектеп іске қосылады деп күтілуде. Оның біреуі жеке инвестиция есебінен салынуда. Қосшыда 2022 жылы «Балалар жылы» аясында және Білім күніне орай, жаңа ІТ мектеп-лицейі өз есігін айқара ашқан болатын. Заманауи білім ордасы «Жаңа толқын -2022» үздік көшбасшылар байқауында «Үздік өзін-өзі басқару ұйымы» аталымын жеңіп алды. Сондай-ақ білім ошағының шәкірттері де үздіктер қатарынан көрінді.

Білім беру саласын заман талабына бейімдеп, сапалы білім мен саналы тәрбие беру бағытында рухани әрі материалдық құндылықтармен қамтамасыз ету – мемлекеттік саясаттың басты бағытының бірі болып саналады. Бұл бағытта Қосшы қаласында көптеген шаралар қолға алынған. Расында, мемлекеттің дамуы үшін білім саласының бәсекеге қабілеттілігі жоғары болуы міндетті. Ол үшін білім сапасын арттыруға негізделген әрі толық зерделенген жобалар мен осы саланы инновацияландыру алғашқы орында болуы да заңдылық. Қазіргі заман талабына сай ұстаздардың және білім ордаларының да алатын орны ерекше болмақ. Ал жаңашыл мектептердің қатарында 2022 жылы ашылған IT мектеп-лицейі де бар. Заманауи білім ошағы 1200 орынға арналған. «Білімді ұлт» сапалы білім беру» ұлттық жобасы аясында салынған жаңа IT мектеп-лицейі заман талабына сай бой көтерген. Мұнда балаларды сапалы білім, саналы тәрбиемен қамтуға барлық мүмкіндік жасалған. Жаңа модификациялы кабинеттерден бөлек 780 орынды акт залы, 380 орынды кең асханасы, 5 компьютер кабинеті, 6 лингафон және 50-ден астам пәндік кабинетімен жабдықталған. Айта кету керек, жаңа мектептің қолданысқа берілуі, қаладағы оқушы орындарының тапшылығын 77 пайызға төмендетуге мүмкіндік берген. Бүгінде ІТ мектеп-лицейінде 2000-нан астам оқушы екі тілде білім алуда. Қуантарлығы, білім ордасындағы оқыту жүйесінің ерекшелігі мен педагогтардың біліктілігінің нәтижесінде IT мектеп-лицейі Қосшы қаласы бойынша “Ең үздік өзін -өзі басқару ұйымы - 2022” номинациясын жеңіп алды. Шаһарда алғаш рет қолға алынған үздіктер премиясында жеткен жетістігіміз көп, - дейді мектеп-лицей директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Замзагүл Бұхарбаева. «Қажырлы еңбектің нәтижесінде білім нәрімен сусындатқан мұғалімдердің жемісі оқушы бойынан көрініп жатқандығы көңіл қуантады. Әсіресе, Қосшы қалалық мектептер арасында үздік атануымыз әрі қарай балаларды шыңға жетелеуге жігерлендірді деп айта аламын. Тіпті, оқушылар үшін түрлі сайыстарда жүлделі орын иеленуге шабыттандырады. Айта кеткен жөн,біздің шәкірттер байқауда үздіктер қатарынан көрінді. Мәселен, «Үздік жыл белсендісі-2022» аталымын 9 “ә” сынып оқушылары Шамшинурова Байжана, Аманжол Жансезім иеленді. Ал «Жыл таланты -2022» номинациясы мектебіміздің 7 “д” сынып оқушысы Бәкен Бекжанға бұйырды. Сондай-ақ, «Ең үздік староста-2022» аталымы бойынша 10 “а” сынып оқушысы Серік Камила Саржанқызы жеңімпаз атанды. Мектепте дәл осы өзін -өзі басқару ұйымының мүшелері жыл бойы түрлі шараларды ұйымдастырып, оқушылардың шығармашылық тұрғыда дамуына ықпал жасады. Мәселен, балалардың бір-біріне достық, мейірімділік сезімін ояту мақсатында, «Құшақта камера» атты акциясын ұйымдастырған болатын. Сондай-ақ, олар қоғамдық істерге де белсене атсалысады. Ұстаздар күніне орай, ардагер мұғалімдерді құттықтап, жылы лебіздерін білдіріп еді. Жалпы, ұйым мүшелері жыл бойы аянбай еңбек етіп, үздік атанып, мектептің абыройын жоғарылатып ортыр»,- деді Замзагүл Ғазизқызы. ІТ МЕКТЕП-ЛИЦЕЙІ – ЗАМАНАУИ БІЛІМ ОРДАСЫ Білім ошағы оқытудың ақпараттық-коммуникациялық технологияларын енгізе отырып, сапалы білім беруді қамтамасыз етуде. Біліммен қаруланған ел жаһандық көште өз орнын бекемдей алады. Осы тұрғыда жаңадан ашылған ІТ мектеп-лицейі тамаша келбет қалыптастыруда. Білім ордасында оқу бағдарламасынан тыс түрлі бағыттағы үйірмелер ұйымдастыру мақсатында заманауи құрал-жабдықтармен жабдықталған кабинеттер де бар. Мұнда шығармашылық бағытта би, домбыра, сонымен қатар тоғыз спорттық үйірме жұмыс істейді. Бұл үйірмелерге 1500-ден астам оқушы тартылған. “Шығыстың бір ғұламасы: «Ғалым болу оңай, адам болу қиын”»- деген екен. Өсіп келе жатқан ұрпақ – адамзаттың болашағы, жалғасы. Артта қалған ұрпақ саналы болса, адам баласының жер бетінде үздіксіз даму үрдісі жүретіні хақ. Расында бүгінгі жаһандану заманында білім беру ісіне, мұғалімге, жас ұрпақты тәрбиелеуге жаңа көзқарастар пайда болды. Тәуелсіз ел атанып, төбемізге ту тігіп, тіліміздің мәртебесін арттырып әлемге атымызды танытып жатқан кезеңде ұлттың, елдің болашағы – жас ұрпаққа білім беру мәселесіне ерекше көңіл бөлініп отыр. Осы орайда біздің білім ошағында оқыту жүйесінің заманауи әдісі қолданылатынын айтып өткен жөн. Мектепте арнайы IT сыныптары да жұмыс істейді. Яғни, балалар заманауи ақпараттық технологияларды меңгеруде. Жалпы, оқу мен оқытудың жүйелі жүргізілуін бақылау — мектеп басшысының үлкен абыройлы жұмысы деп білемін. Сол білім берудің тиімділігі жоғары жүйелерінде басшылар оқытуды жақсарту, мұғалімдерді ынталандыру және кәсіби дамыту мәселелеріне басты назар аударады. Олардың жұмысы оқу үрдісіне басшылық жасауға бағытталған. Біздің IT мектеп-лицейі директорының міндетін атқарушы Шаяндин Ақылбек Игілікұлы кез - келген ортада өзінің білгір ісін көрсетіп, алғырлығы мен біліктілігіне өзгенің сенімінін ұялата алатын азамат”,- деді Замзагүл Бұхарбаева. Иә, ұрпақ тәрбиелеу — ұлы міндет. Ұлы міндет қашаннан да ұлы күреспен ғана жүзеге асырылатыны белгілі. Демек, болашақтың жастарын тәрбиелеуде білімге деген талап пен талғам ерекше болуы шарт. Бүгінде білім беру ісіне жаңаша көзқарас қалыптасып, болашақ ұрпақ тәрбиесін іске асырушы білім ордасы мен мұғалімдерге де жаңаша талап қойылып отыр. Расында, білім ордасының жұмысы мен оқушы жетістіктерін өрістетудегі негізгі тұлға - мұғалім. Ахмет Байтұрсынов: «Мұғалім қандай болса, мектеп hәм сондай-ақ болмақшы. Солай болған соң, ең әуелі мектепке керегі — білімді, педагогика-методикадан хабардар, жақсы оқыта білетін мұғалім»,- деген болатын. Осы орайда әрдайым сапалы білім мен саналы тәрбие беруді басшылыққа алатын мектеп-лицейдің ұстаздар қауымына қойылатын талаптары да өте жоғары болып отыр. Мектеп-лицей қабырғасында қызмет ететін әрбір үстаз - жеке көзқарасы бар және соны қорғай білетін білікті маман. Бүгінде білім ошағында 120-дан астам ұстаз қызмет етеді. Педагог кадрлардың сапалы болуы бірінші кезекте білім ордасының табысқа жетуінің бірден-бір шарты болып саналады,- дейді мектеп-лицей директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Замзагүл Ғазизқызы.«Ел есінде бір жыл қалғың келсе — ас бер, он жыл қалғың келсе — ағаш отырғыз, ал мәңгі қалғың келсе — бала тәрбиеле» —дейді дана халқымыз. Меніңше мектептің табысты болуы білікті маман мен білімді ұрпақтың жұмыла жасаған жұмысының нәтижесінде ғана жүзеге асатын іс. Осы тұрғыда ІТ мектеп-лицейінің ұстаздары аянбай еңбек етуде. Олардың біліктілігін арттыру жұмысы тоқтаған емес. Олар үнемі түрлі курс, семинарларға қатысады. Бұл бағыттағы жұмыстар жүйелі түрде іске асады”,- деді Замзагүл Ғазизқызы. Білім ошағында мектепішілік дебат клубтары да жұмыс істейді. Бұл тақырып бойынша мектеп-лицейде арнайы семинарда өткізілген. Сондай-ақ, оқушылар әр апта сайын “сенбілік” шарасын да ұйымдастырып, тазалық жұмысына белсене атсалысады. Тазалық акциясын қолға алып, оны “Жастар ресурстық орталығының” басшыларына жолдап, игі істің бастамашысы атанған. “Сонымен қатар, мектептің танымдық-ақпараттық жобасын дамыту мақсатында көптеген шаралар іске асқан. Соның бірі – “Біз талантты іздейміз-2022” байқауын атап өтуге болады. Оқушылар өз бойындағы өнерін көрсетіп, шығармашылық тұрғыда дамуға жігерленді. Бұл байқауды өзін-өзі басқару ұйымының мүшелері ұйымдастырды. Мектеп президенті “Жастар ресурстық орталығында” өтетін жиналыстың бірінде тастамайды. Қосшыда ұйымдастырылатын әрбір шараға белсенді түрде қатысуға тырысады. Жуырда біздің білім ошағында қала мектептері арасындағы семинар өткізілген болатын. Айта кетейін, 2022 жылы өткен “Жыл мектебі” байқауында біздің білім ошағы жүлделі 2 орынға ие болған еді. Сондай-ақ, біздің шәкірттер спорттада осал емес. “Қосшы жастары – ұлдар арасындағы волейбол” турнирінде біздің оқушылардан құралған команда 2 орынға ие болды. Жалпы біздің оқушылардың жеткен жетістігі аз емес деп ауыз толтырып айта аламыз”,- деп жетістіктерімен бөлісті директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары. Бәсекеге қабілетті болу үшін дамудың жолын іздеген ұтады. Ол үшін тәжірибе алмасып, өзгелерден өзіңе керекті үйрену әдісі жетістікке жетелейді. Осыны ескерген мектеп-лицей ұжымы өзге өңірлердің педагогтарымен тәжірибе алмасып отырады. Бұдан өзге, оқушылардың интеллектуалдық қабілетін дамыту бойынша жұмыстары жүйелі түрде жүргізіліп келеді. Иә, білім биігіндегі бәсекелестікке қабілетті болу жолында көкжиегі кең білім ошақтарымен тәжірибе алмасып, өзара семинарлар, дөңгелек үстел өткізіп тұру қажетті құбылыс. Себебі, заман талабы осындай. Бір сөзбен айтқанда, білімі сапалы, ғылымы дамыған, жастары технологияны меңгерген ұлт қана ХХІ ғасырдың озық отыздығына ұмтыла алады. Қорыта айтқанда шаһардың гүлденуі мен қалыптасуына қызмет ете бастаған білім ордасының алар орны ерекше. Жаңа IT мектеп- лицейінің ашылуы Қосшы қаласы жас жеткіншектерінің жаһандық үздіктер қатарынан көрінуіне, білім қарымы мен қабілеттерін шыңдай түсуіне сара жол ашып отыр. Осылайша, білім, тарих, жаңа технология, дамуды басты бағдар етіп алған ІТ мектеп -лицейі «Үздік өзін-өзі басқару ұйымы» аталымына әбден лайық екенін дәлелдеуде. Осы орайда біздің редакция ұжымыда мектеп-лицейінің ұстаздар қауымына шығармашылық өрлеу, оқушыларға толағай табыстар тілейді!

Пікірлер (0)

Пікір қосу

Сіздің атыңыз *
Сіздің пікіріңіз *