САБЫН ЖАСАП КӘСІП АШҚАН

Редакция таңдауы
view 649
news

САБЫН ЖАСАП КӘСІП АШҚАН

Бүгінде Үкімет шағын және орта бизнес саласына көңіл бөліп, көптеген жеңілдіктер қарастыруда. Соның бірі – қайтарымсыз гранттар. Әрине 1 миллион 225 мың теңге көлеміндегі қайтарымсыз грантқа барлығы бірдей ісін дөңгелетіп әкете алмасы анық. Алайда іске епті, белсенді кәсіпкерлер де бар. Солардың бірі, Қосшы қаласының тұрғыны 26 жастағы Шерхан Гүлнұр Момынханқызы да бар. “Бастау бизнес” оқытуынан өтіп, сабын жасау кәсібін бастаған жас кәсіпкердің өніміне бүгінде тапсырыс берушілер қатарыда артып келеді. Гигиеналық өнім шығаратын шахын цехты үй жағдайында ашқан Гүлнұрдың тұтынушыларының басым бөлігі Қосшы қаласының тұрғындары екен.

Ел арасында гигиенаға арналған тауарларды тек зауыт шығарады деген түсінік қалыптасқан. Негізінде сабынды үй жағдайында дайындап, кәсіп етуге болады. Мәселен, Қосшы қаласының тұрғыны Гүлнұр Шерхан сабын шығаруды жолға қойды. Істі қолға алғанына көп болмаса да, тірлігі ақырындап алға жылжуда. Күнделікті қолданыстағы сабынды жасау идеясы қайдан келгенін білу және кәсібінің қыр-сырымен танысу мақсатында жас кәсіпкерді әңгімеге тарттық. Гүлнұрдың жасы 26-да. Отбасылы, жарымын бірге екі қызды тәрбиелеп отыр. Кіші қызын жақында дүниеге әкелген. Құрылысшы мамандығын алған ол декреттік демалысқа шыққанға дейін компанияда өндірістік бөлім басшысы қызметін атқарған. Бала күтіміне байланысты үйде отырған ана, әлеуметтік желіде сабын жасау шеберлік сабағының Астана қаласында өтетінін оқыған. Осылайша Гүлнұр арнайы мастер класқа қатысып, кейін алматылық кәсіпкердің жеке ойлайн курсына жазылыпты. Бүгінде Гүлнұр, үй жағдайында иіс сабын, кір сабын, теріге арналған крем және ванна қабылдауға арналған бомбалар мен денеге арналған скрабтарды да әзірлеуді үйренген. 2022 жылы “Бастау бизнес” онлайн оқытуынан өтіп, емтиханнан сүрінбей өткен. Сөйтіп сабын жасау кәсібін ашу үшін арнайы бизнес жоспар әзірлепті. “Мен бұл баағдарламаға жастар санатымен қатыстым. Комиссия алдына барғанда әр түрлі иіс сабын жасап алып бардым. Комиссия мүшелері көптеген сұрақ қойып, өнімге қызығушылық танытты. Расында үй жағдайында табиғи майлардан сабын жасап, кәсіп ашуға болады. Мен қажетті құралдар мен шикізат өнімін аламын деп айттым. Негізі сабынды құятын түрлі формалық затта 9 орын бар. Яғни, 30 минутта 9 сабын жасауға болады деген сөз. Мен иіс сабынды какос, пальма майларынан жасаймын. Әрине иіс шығарғыш және түс беретін қоспа аздап қосылады. Дегенмен химиялық қоспаларды қоспаймын. Бұл таза табиғи экологиялық өнім. Сол себептіде денеңің жұмсаруына сеп болады әрі проблемалық терігеде пайдасын тигізеді. Ал дүкенде сатылатын денеге арналған скрабтан мен жасайтын өнімнің айырмашылығы оның табиғи шикізаттық өнімнен жасалуында. Менің бизнес жоспарыма барлығы оң көзқараспен қарап, грантты жеңіп алдым. Осылайша 1 миллион 225 мың теңге көлеміндегі қаражатқа қажетті құрал мен шикізаттарды алып кәсібімді дөңгелете бастадым”,- дейді жас кәсіпкер. Жуырда екінші сәбиін босанған ана, сабын жасау әдісін енесіне де үйреткен. Сонымен қатар жеке кәсіпкер жолдасының анасын жұмысшы ретінде тіркеп қойған. Алдағы уақытта ол арнайы шеберлік сабақ жүргізетін әрі өнімін саудалайтын дүкен ашуды көздейді. Осылайша Гүлнұр бірнеше азаматты жұмыспен қамтуды мақсат еткен. Сондай-ақ, иіс сабын мен скрабты қонақ үйлер мен дүкендерге сатылымға шығаруды жоспарлап отыр. Мемлекеттік қолдауды ң шарапатын көрген Гүлнұрдың сөзінше, қазір қолдан жасайтын кір сабындарға да сұраныс артуда. Сондай-ақ ол үйде жасайтын кір сабынның қаттылығы жоғары және жақсы көпіретінін айтуда. «Сабын бағасы грамына қарай арта береді. Сабын жасау ісіне жылдам бейімделіп кеттім. Дегенмен кәсібім бірден дамып кетпеді. Әрі кәсіптің танылуы үшін жарнаманың ауадай қажет екенін ұқтым. Осыған дейін қала әкімдігі арнайы көрме ұйымдастырып мені осы жобаға қатысуға шақырған. Бұл шара жас кәсіпкерлерді қолдап, олардың өнімін жарнамалауға араналған. Сол жерде келушілерге өзімнің визит карталарымды тараттым. Аллаға шүкір қазір тапсырыс түсіп тұрады. Көбінесе тойбастар ретінде сабынға адамның атын жазғызып кішкентай көлеміне тапсырыс түседі. Бұл той қонақтарына берілетін ерекше сыйлық болып табылады. Менің ең алғашқы тапқан табысым 15 теңге болатын. Қазір үйде бала күтімінде болсамда, мемлекеттік бағдарламаның арқасында өзімнің табысымды тауып отырмын»-, деді Гүлнұр Шерхан. БОЛАШАҚҚА ЖОСПАР КӨП Қазір Гүлнұрдың үй жағдайында ашқан цехқа тапсырыс түссе, өнімді енесі әзірлеуде. Алдағы аптада арнайы шеберлік сабақ өткізудіде жоспарлап қойған. Бұлда кәсіпкерге қосымша табыс әкеледі. Гүлнұр енді цехта әзірлейтін өнім түрін арттыруды көздеуде. Енді ол гигиеналық помада, денеге арналған кремді жасап, тапсырыс алуды көздеуде. «Қазір иіс сабын, скрабтарды және кір сабын шығарып жатқанымызбен, болашақта бұл кәсіпті кеңейткім келеді. Алдағы уақытта денеге арналған кремді де жасауды көздеп отырмын. Тапқан табысым адал, балаларымыздың қажеттіліктеріне жетеді. Басты мақсат – қаламыздың атын шығарып, «Қосшы сабынның» өнімдерін халыққа ұсыну болып отыр. Негізі шаһарымызда мұндай кәсіп түрімен айналысатындар аз. Қалада жас кәсіпкерлерді қолдайтын мамандарға алғысымды айтамын»,- деді Гүлнұр Момынханқызы. Гүлнұрдың айтуынша қазір ол отбасымен тек өздері дайындайтын сабынды қолданады. Сөзінше, ол ешқандай аллергиялық реакция тудырмайды. Сондықтан жас кәсіпкер Қосшылық тұрғындарды отандық өнімді қолдауға шақырады. Себебі бизнес иелері ел экономикасын нығайтуға өз септігін тигізіп отыр, -дейді ол. Иә, кәсіппен айналысу – жеке табыс табу ғана емес, ел мүддесіне, халық ықыласына жұмыс істеу. Ел игілігі жолында еселі еңбек етіп келе жатқан кәсіпкерлер еқашан да қоғам назарынан тыс қалмақ емес. Ендеше біз де жас кәсіпкердің бастаған ісіне сәттілік пен мол табыс тілейміз. «БАСТАУ БИЗНЕС» - КӘСІПКЕРЛІККЕ АПАРАР ЖОЛ «Бастау Бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздеріне оқыту жеке әлеуметтік санаттарға жататын жас кәсіпкерлерге өз бизнесін жүргізу үшін бастапқы білім мен дағдыларды алуға мүмкіндік береді. Оқуды сәтті аяқтағаннан кейін жобаға қатысушы аяқталғаны туралы сертификат алады және өзінің бизнес-жобасын іске асыру үшін 400 АЕК-ке дейінгі мөлшерде грант алуға үміткер бола алады. Қосшы да өткен жылы комиссия шешімімен «Бастапқы бизнесті іске асыруды жоспарлап отырған 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жобасы» бойынша 35 адам өтініш берген. Оның ішінен 13 адамға 400 АЕК мөлшерінде қайтарымсыз негізде грант беріліпті. Кәсібін ашқандардың жетеуі жастар санатынан, ал қалғаны әлеуметтік осал топтағы отбасы қатарына жатады. Биыл да атаулы грантты бекітілген санаттан шыққан азаматтарға 400 АЕК-ке дейінгі мөлшерде жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға беріледі. Айта кетейік, жаңа жылдан бастап, айлық есептік көрсеткіштің өзгеруіне орай, қайтарымсыз грант мөлшері 1 380 000 теңгені құрап отыр. «Конкурсқа қатысу үшін «Бастау Бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздерін аяқтау туралы сертификатыңыз болуы міндетті. «Бастау Бизнес» жобасы бойынша оқуға қатысу үшін business.enbek.kz порталында тіркелу қажет. Онлайн оқыту курсының ұзақтығы – 14 күнтізбелік күн. Тиісті балды жинаған қатысушыға платформада бірегей нөмір мен оқуды аяқтағаны туралы электрондық сертификат беріледі. Сертификат жеке кабинеттерінде тұрады. Бұл құжат алған күннен бастап 3 жылға дейінгі мерзімге жарамды. Әр модульді аяқтаған сайын аралық тестілеу, барлық модульді аяқтаған соң қорытынды тестілеу болады. Ал, грантқа өтінім беру үшін порталына тіркеліп, нұсқаулыққа сәйкес амалдарды орындау керек», - деді Қосшы қаласы әкімдігінің Халықты жұмыспен қамту орталығының директоры Махаббат Исина. Бұл жоба нақты жұмыссыздарға және кәсіпкерлікті енді бастаған жандарға арналған. Статистикаға сүйенсек, 5 жыл ішінде 185 мыңға жуық қазақстандық кәсіпкерлік негізін оқып, 53 мың бизнес жоба жүзеге асырылды. Еске салсақ, 2022 жылы Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша бизнес-идеяларды іске асыру мақсатында грант мөлшері ұлғайтылған ед.. Ол 400 АЕК немесе 1,2 миллион теңгеге дейін өсті. Өз ісін дамытуға грант халықтың әлеуметтік осал санатына берілді. Оған АӘК алатын аз қамтылған отбасылардың мүшелері, көпбалалы, қандастар, қоныс аударушылар, мүгедектігі бар бала тәрбиелеп отырған адамдар, мүгедектігі бар адамдар және жастар кіреді. Сонымен қатар, өткен жылы «вusiness.еnbek.kz» деген жаңа портал іске қосылды. Бұл портал арқылы кәсіп ашамын деген азамат өз категориясын анықтай алады. Бұрын үміткерлер жұмыспен қамту орталығына тіркеліп, одан кейін «Атамекен» кәсіпкерлік палатасынан оқу басталғанша жолдамаларын күтетін. Жаңа порталдың тиімділігі – осы процестерді жеңілдету болып отыр. ГРАНТТЫҢ ДА СҰРАУЫ БАР Гранттар тұтынушылық мақсаттарға, кредиттік қарыздарды өтеуге, жылжымайтын тұрғын үй сатып алуға және салуға, жер учаскелерін сатып алуға, акцизделетін өнімдер өндіруге берілмейді. Алайда елде қайтарымсыз грантты алып, тиімсіз пайдаланғандар да жоқ емес. Мұндай жағдайда жоба ұйымдастырушылары кәсіпкердің үстінен сотқа шағымданып, грантты өндіріп алуға құқылы,-дейді мамандар. «Бұл қайтарымсыз грант кедейліктің төмен шегіндегі мұқтаж жандар­ға, соның ішінде жұмыссыз қыз-келіншектерге жақ­сы қолдау болып отыр. Ескерту керек, грант қаржысын бұрынғы қарыздарын жабуға, той өткізіп, смартфон сатып алуға жұмсауға болмайды. Мемлекеттің қаржысы тек кәсіп бастау үшін берілгенін ескеріп, жауапкершілікті сезіну керек. Қосшыда грант жеңіп алған кәсіпкерлер арнайы порталда есеп беріп тұрады. Қадағалау жұмысы жүйелі түрде іске асырылып келеді»,- деді орталық басшысы. «Бастау Бизнес» жобасы басталған әрбір қалада жағымды жетістік бары айқын. Әсіресе қала мәртебесін алғанына көп болмағанына қарамастан, Қосшы тұрғындары жаңа лектің тың леппен келетінін сезінеді. Әрбір жоба жаңа жұмыс орындарының ашылуына, шаһарды жандандыруға септігін тигізері хақ.

Пікірлер (0)

Пікір қосу

Сіздің атыңыз *
Сіздің пікіріңіз *