Шымкенттегі әйелдер мен балалар аурухана еденінде ем қабылдап жатыр (ВИДЕО)
Фотосурет: видеодан скриншот
Әлеуметтік желіге Шымкенттегі жұқпалы аурулар ауруханасында түсірілген видео тарады. Онда әйелдер мен балалардың дәліз еденінде жатқаны көрінеді, деп хабарлайды JANABASTAU.KZ ақпарат агенттігі Otyrar телеарнасына сілтеме жасап.
Автордың айтуынша, ауруханада орын жетпегендіктен, көптеген науқас дәлізде жатуға мәжбүр болған. Ал қала әкімдігі бұл жағдайға қатысты түсінік беріп, қиындықтардың ауруханада жүргізіліп жатқан күрделі жөндеу жұмыстарына байланысты болғанын мәлімдеді.

Аурухананың 10 бөлімшесінің 8-і тәулік бойы жұмыс істейді және аса қауіпті инфекцияларға шалдыққан науқастарды қабылдайды. Палаталар 2-4 төсекке арналған, жеке санитарлық тораптармен және желдету жүйесімен жабдықталған. Пациенттерді дәлізге уақытша орналастыру – көп науқас түскен кезде рұқсат етілетін тәжірибе және санитарлық нормаларды бұзу болып саналмайды. Бұл шешім Денсаулық сақтау министрлігінің бұйрықтарына сәйкес қабылданған. Тексеру нәтижесінде санитарлық талаптар мен дәрігерлік этика нормаларының бұзылуы анықталған жоқ, – деп хабарлады әкімдік.
Әкімдік өкілдерінің айтуынша, науқастардың жағдайы үнемі бақылауда, ал сауығып келе жатқан пациенттер амбулаториялық емге ауыстырылған.

Аурухана әкімшілігі эпидемиологиялық жағдайдың бақылауда екенін және медицина қызметкерлерінің барлық әрекеті бекітілген стандарттарға сай екенін мәлімдеді, – деп қосты Otyrar телеарнасы.
Пікірлер (0)