Трамп саясатына қарсы: АҚШ-та 7 миллионға жуық адам митингке шықты
Фотосурет: AP Photo/Olga Fedorova
АҚШ-та Дональд Трамптың саясатына қарсы 7 миллионға жуық адам жаппай наразылық акцияларына қатысты, деп хабарлайды JANABASTAU.KZ ақпарат агенттігі kursiv.media-ға сілтеме жасап.
No Kings қозғалысы ұйымдастырған наразылық акциясы ел бойынша 2,7 мыңнан аса қала мен елді мекенде өткен. Ұйымдастырушылардың мәліметінше, бұл АҚШ тарихындағы ең ірі бір күндік жалпыұлттық акциялардың бірі болды.

Бүгін шамамен 7 миллион америкалық қазіргі әкімшіліктің саясатына қарсы өз наразылығын білдіріп, көшеге шықты, - деді No Kings ұйымы.
АҚШ билігі наразылық акцияларына қатысушылар саны туралы ресми деректерді әлі жарияламады. Алайда ұйымның мәліметінше, екінші толқын біріншіге қарағанда шамамен 2 миллион адамға көп болған.
Әсіресе, Чикагода өткен акцияда қатысушылардың қарасы қалың болған. Indivisible Chicago Alliance ҰҚБ бағалауынша, қала көшелеріне 250 мың адам шығыпты. Жаппай митингілер Нью-Йорк, Вашингтон, Лос-Анджелес және Сиэтл қалаларында да өтті.
Reuters мәліметіне сүйенсек, полиция Нью-Йоркте 100 мыңнан аса адамның наразылық акциясына шыққанын хабарлаған. Дегенмен бірде-бір тұтқындау оқиғасы тіркелмеген. Агенттіктің мәліметінше, наразылар тобы әртүрлі болған, олардың арасында балаларын арбамен алып шыққан ата-аналар, зейнеткерлер және үй жануарларымен бірге жүрген адамдар да болды.
Митинг салдарынан елдегі федералдық үкіметтің жұмысы уақытша тоқтатылған. CNN хабарлауынша, демонстранттар АҚШ-тың көші-қон және кеден полициясының (ICE) рейдтеріне, қалаларға әскерлердің орналастырылуына және федералдық, әсіресе денсаулық сақтау саласындағы бағдарламалардың қысқаруына наразылық білдірді.
No Kings қозғалысының бұған дейінгі митингілері биыл 14 маусымда өткен болатын. Сол кезде ел бойынша 2,1 мыңнан аса акция ұйымдастырылып, шамамен 5 миллион адам қатысты.
Пікірлер (0)