ЖАҢАДАН ҚАБЫЛДАНҒАН ЗАҢДАР – ӘДІЛЕТТІ ҚАЗАҚСТАНДЫ ҚҰРУДАҒЫ НЕГІЗГІ ҚАДАМ

Редакция таңдауы
view 200
news

ЖАҢАДАН ҚАБЫЛДАНҒАН ЗАҢДАР – ӘДІЛЕТТІ ҚАЗАҚСТАНДЫ ҚҰРУДАҒЫ НЕГІЗГІ ҚАДАМ

2023 жылы ел азаматтарын айтарлықтай өзгерістер күтуде. Олар әлеуметтік, қаржылық және құқықтық салаларға әсер етеді. ҚР Парламенті қабылдаған заң қатарында Салық кодексі, Әлеуметтік кодекс, Конституциялық сот, базалық көрсеткіштер, банкроттық сынды маңызды тақырыптар қамтылған.

Жаңадан қабылданған заңдар Әділетті Қазақстанды құрудың негізі болып табылады, дейді Қосшылық заңгер Сыздықов Азамат Орынбайұлы. Сондай-ақ, ол заң саласында енгізілген соңғы өзгерістер Конституциялық реформаның бір кезеңі екендігін алға тартады. Президент қол қойған әр заңның маңызы зор деген заңгер, елдің талқылауына түскен құжаттағы талаптарды түсіндіріп берді. Жаңа жыл басында «2023-2025 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» Заң өз жұмысын бастады. Бұл құжатта бала күтімі бойынша жәрдемақы төлеу мерзімін 1,5 жасқа дейін ұлғайту, базалық зейнетақы мөлшерін кезең-кезеңімен көтеру, ынтымақты зейнетақы мөлшерін есептеу кезінде табыстың ең жоғары шектелуін 46-дан 55 айлық есептік көрсеткішке дейін арттыру, сақтандырылған адамдар үшін жұмысынан айырылу бойынша әлеуметтік төлемдер мөлшерін орташа айлық табыстың 45 пайызына дейін өсіру бойынша түзетулер қамтылған. Осылайша, 2023 жылға ең төменгі жалақы мөлшері – 70 мың теңге, ал айлық есептік көрсеткіш болса, 3 450 теңге болып бекітілді. «Қол қойылған заңдарды, бірі екіншісінен маңыздырақ деп бөліп-жара алмаймыз. Өйткені, олар әр салаға арналған заңнама. Дегенмен, жаңадан қабылданған заңдар Әділетті Қащақстанды құрудың негізі болып саналады. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы 2022 жылғы маусымда өткен республикалық референдум қорытындысы бойынша бірқатар маңызды заңдарға қол қойды. Атап айтқанда, конституциялық реформа аясында 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап елімізде Конституциялық Сот жұмыс істейді. Енді қазақстандықтар Конституциялық сотқа тікелей жүгініп, өзінің конституциялық құқықтары мен бостандықтарын қорғай алады. Бұл ретте азаматтармен бірдей құқық Бас прокурорға және адам құқықтары жөніндегі уәкілге беріледі. Бас прокурордың құқық қорғау функциясы күшейтілді. Сонымен бірге, Конституциялық Сотта өтініштерді қарау рәсімі жалпы соттардағы іс жүргізу тәртібінен түбегейлі ерекшеленеді”,- деді заңгер Азамат Сыздықов. Қарапайым соттар мен прокурорлардан айырмашылығы, Конститутциялық Сот кез-келген заңның Конституцияға сәйкес келмейтіні анықталса, оған қарсылық білдіре алады. Тіпті, оның күшін жоя алады. Яғни, демократиялық институттар мен заң үстемдігін нығайтуға ықпал етеді. ЖАҢА ЗАҢ: КІМ ӨЗІН БАНКРОТ ДЕП ЖАРИЯЛАЙ АЛАДЫ? Жаңа жыл қарсаңында Президент көптен күткен «Жеке тұлғаларды оңалту және банкроттық туралы» заңына да қол қойды. Бұған дейін мемлекет басшысы үкіметтің кеңейтілген отырысында проблемалық несиелер көлемі жарты триллион теңгеге жеткенін мәлімдеген болатын. Иә, енді қарыз алушы мәртебесіндегі жеке тұлғалар банкроттықты жариялау мүмкіндігіне ие болады. Бұл құжат қарызға белшесінен батқан, несиесін қайтара алмай жүрген азаматтарға арналған. “Ең жақсы жаңалықтың бірі және халыққа пайдасы мол заңнын бірі “жеке тұлғалардың банкроттығы” туралы заңнама болып табылады. Бәрімізге мәлім, бүгінде өте күрделі жағдайдың бірі ол несие мәселесі. Біз бұл заңнаманы Қосшылық тұрғындарға түсіндіру жұмысын қолға аламыз. Көптеген азаматтар заңды дұрыс түсінбей жатыр. Елімізде несие төлемін жасауға мүмкіндігі болмай қалған жеке кәсіпкерлерді, мекемелерді, кәсіпорындарды банкрот деп тану туралы заң бар. Борышкерді банкрот деп тану негіздері, тәртібі мен рәсімдері Азаматтық кодексте де, «Банкроттық туралы» заңда да көзделген. Деседе, соңғы деректерге қарағанда елімізде несие төлеу мерзімін бұзып, төлем қабілеттілігі жоқ жеке азаматтардың саны артуда. Сондықтан, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жыл басында еліміздегі әлеуметтік-экономикалық жағдайға қатысты өткізген кеңесте «Жеке тұлғалардың банкроттығы туралы» заң қабылдау қажеттігін көтерген болатын. Президентіміз заңды құжатқа қол қойды. Заң қабылданды. Алайда бұл барлық азаматтың қарызы, несиелері кешіріледі деген сөз емес. Бұл қате ұғым. Себебі, бұл заңның өзіндік талаптары бар. Негізгі шарттары: қарыз 4,9 млн теңгеден (1600 АЕК) аспауы және мүлік ортақ меншікте болмауы керек.Сондай-ақ, елімізде жеке тұлғалар үшін банкроттық рәсімдерінің үш түрі қолданылатын болады. Атап айтсам, соттан тыс, сот және төлем қабілеттілігін қалпына келтіру рәсімдері. Азаматтар банкрот ретінде танылған соң, олар бес жыл бойы несие мен қарыз ала алмайды, Сонымен қатар, олар жеті жылдан кейін ғана банкроттыққа қайта жүгіне алады”-деп түсіндірді заңгер. Сондай-ақ, банкроттықтан кейінгі 3 жылда банкроттың қаржылық жағдайына мониторинг жүргізу көзделген. Осылайша, жеке тұлғалар банктерге қатысты мәселелерін өркениетті түрде шеше алады. Қарыз алушы-борышкерлер қарызды қайта құрылымдауға құқылы болады, ал қарызды толық өтей алмаған жағдайда олар жылжымалы немесе жылжымайтын мүлікке тыйым салу арқылы банкротқа ұшырауы мүмкін. Ал сот арқылы банкроттық қарыз сомасы 4,9 млн теңгеден асқан жағдайда қолданылады. Бұл рәсім барысында борышкердің мүлкі сатылады. Түскен қаражат белгіленген кезекпен кредиторлар алдындағы берешекті өтеуге жұмсалады. Егер жалғыз тұрғын үй кепіл заты болып табылса, онда кредитор оны соттың банкроттық рәсімі кезінде алуға құқылы. Ал соңғы рәсім, бұл төлем қабілеттілігін қалпына келтіру болып саналады. Бұл процедура тұрақты табыс болған жағдайда, қарызды (5 жылға дейін) сот тәртібімен бөліп төлеу жоспарын қарастырады. Сауықтыру жоспары қаржы менеджерімен бірлесіп әзірленіп, сотпен бекітіледі. Айта кететін жәйт, аталған процедураның артықшылығы – азамат «банкрот» деген статус алмайды, сондықтан банкрот үшін көзделген салдар оған қолданылмайды. Жеке тұлғалардың банкроттық институты әлемнің көптеген елдерінде бар. Бірнеше жыл бойы мамандар бұл процедураны Қазақстанда іске қосу қажеттігіне назар аударған болатын. Дегенмен, алимент және өзге адамның өміріне және денсаулығына келтірілген залал, жеке тұлғадан алынған қарыз соммасы бойынша берешек есептен шығарылуға жатпайтынын ескерген жөн,- деді Қосшылық заңгер Азамат Сыздықов. Заңгердің сөзінше, азаматтар бұл заңнамалармен танысып, құқықтық сауаттылығын арттыруы қажет. Алдағы уақытта, Қосшылық заңгерлер жаңа заңнаманы халыққа түсіндіруді қолға алмақшы. «Жалпы халықтың заң жағынан сауаттылығы бар. Деседе жаңа заңмен танысып шығуға көптеген азаматтар ерінеді. Яғни, жалқаулық басымырақ. Салдарынан, көптеген алаяқтардың арбауына түсетіні тағы бар. Қазір желіде заң сауаттылығын арттыру курстарыда көбейген. Басым бөлігі 1 айда заңгер етіп шығарамыз, сертификат береміз деп жарнама жасайтын көрінеді. Алайда мұндай курс жүргізетін азаматтарда лицензиясы барма әлде жоқпа? Оны тұрғындар тексеріп жатқан жоқ. Бұл да бір халықты алдап, қаржысын қалтаға басу деп ойлаймын. Азаматтар өзінің құқықтық сауаттылығын заңдарды оқып, білікті заңгерлерден кеңес алып- ақ арттыра алады. Ал нағыз заңгер атына лайық маман бұл саланы жоғарғы оқу орнында оқуы шарт. Жуырда, маған жоғарыда айтқан курстың бірін оқыған азаматша хабарласты. Ол есепшотқа қойылған шектеулерді шешумен ақылы түрде айналысады. Алайда оның мамандығы медбике. Деседе, кейбір заңнамадан ол хабарсыз. Заңгерлік білімі жоқ болғандықтан, сотқа жолдаған талап арызды сот кері қайтарып жіберген. Алайда тапсырыс беруші ол үшін білімі жоқ өзін заңгер деп таныстырған азаматқа қаржысын төлеп қойған. Сондықтан, әр маман өз ісімен айналысқаны жөн деп есептеймін. Сонымен қатар, Қосшылық тұрғындарға жаңа заңмен танысып, білікті заңгерлердің қызметіне ғана жүгінуге кеңес беремін. Жаңадан қабылданған заңға сәйкес сауалдарына заңгер ретінде жауап беруге дайынбыз», - деді Азамат Сыздықов. Заңгер жаңадан қабылданған заңдар Әділетті Қазақстанды құруға септігін тигізеді деп сенім білдіріп отыр. ӘЛЕУМЕТТІК КОДЕКС ЕНГІЗІЛЕДІ 2023 жылдың 1 шілдесінен бастап Әлеуметтік кодекс күшіне енеді. Заңға сәйкес, Жұмысшылар мен жұмыссыздарды жаппай оқыту мен біліктілігін көтеру қолға алынады. Әлеуметтік қызмет көрсету жүйесі өзгертіледі. Бұл мүгедектердің, әсіресе ауылдық жерлерде арнаулы әлеуметтік қызметтерді алуға қолжетімділігін арттыруға сеп болмақ. Жұмысынан айырылған азаматтарға, Еңбек және әлеуметтік қорғау министрі атап өткендей, «Жарналарды төлеу мерзіміне сәйкес Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан төлемдер 6 айға дейін бұрынғы табысының 45% мөлшерінде беріледі». Сондай-ақ, әлеуметтік тәуекелдер туындаған жағдайда мемлекет азаматтарға қолдау көрсететін болады. Негізінен шаралар отбасын нығайтуға, дамытуға бағытталып отыр. Сонымен қатар, 2025 жылдан бастап атаулы әлеуметтік көмек тағайындау үшін кедейлік шегі ең төменгі күнкөріс деңгейінің орнына орташа табыспен анықталады.Жаңа жылдың тағы бір жаңалығы, бұдан былай елде әйелдер 61 жастан зейнетке шығады. Халықтың көтерген талап-тілегін ескерген билік жаңа заң жобасын қабылдады. Бұдан өзге, 2023 жылдың 14 қаңтарында парламенттің жоғарғы палатасына депутаттарды сайлау өтеді. Енді президент 15 сенаторды емес, тек 10-ын, ал оның бесеуін Қазақстан халқы Ассамблеясының ұсынысы бойынша тағайындайды. Ал халық болса, Сенаттың 39 депутатын сайлайды. Жалпы, елде қабылданған әр заң мемлекетіміздің әлеуметтік, экономика, мәдениет және өзгеде сала бойынша өркендеуіне сеп болады. Сондай-ақ, заң саласында орын алып жатқан өзгерістер Жаңа, Әділетті Қазақстанды құруда мүмкіндігімізді арттырып отыр.

Пікірлер (0)

Пікір қосу

Сіздің атыңыз *
Сіздің пікіріңіз *