Жыл он екі ай көктейтін шөп

Редакция таңдауы
view 289
news

Жыл он екі ай көктейтін шөп

Қазіргі технологияның кемеліне жеткен ғасырда небір тамаша жаңалықтар күн сайын шығуда. Таңданбасқа шараң жоқ! Дана халқымыз «Қыстың қамын жаз ойла» десе, жаңа технологияның жетістігінің арқасында қыстың қамын төрт мезгілде де ойлай беруге мүмкіндік бар. Өйткені қытымыр қыста гидропоника әдісімен көк майса шөп өсіруге болады екен. Небәрі бір-ақ аптада! Қандай керемет, иә! Бүгінгі біздің сүбелі сұхбатымыз осы саланың жілік майын ішкен Тайтөбе ауылының жеке кәсіпкері Қожанова Раушан Қалисаттарқызымен болмақ.

– Раушан Қалисаттарқызы, гидропоникалық әдіс елімізде енді ғана дамып келе жатқан, тың жоба десек болады. Аталмыш салаға қалай келдіңіз? – Иә, менің бұл кәсіпке келуімнің өзі бір қызық. Өзім техникалық саланың маманы болғандықтан, шөптің құрамын толық зерттедім. Негізі, ауыл шаруашылық қожалығында 2013 жылдан бастап еңбек етіп келемін. Төрт түліктің қазанаты жылқыдан бастап ақбас сиыр, қойға дейін өсірген едім. Біздің жақта мал бағудың да өз қиындығы бар. Мәселен, еліміздің батыс, оңтүстік аймағында төрт түлік кең өрісте еркін жайылса, Астананың маңындағы ауылдарда жер көлемі де шағын. Сонымен қатар осы өлкедегі Арқаның алты ай қысында мал азығының қоры да таусылатыны даусыз. Осы орайда, тығырықтан шығудың жолын іздеп, көп ойландым. Бірде Талапкер ауылында өзінің шаруа қожалығы бар Аманжол атты кәсіпкердің үйіне жолым түсті. Аманжолдың қымызы мен қаймағы, сүтінің дәмі бал татиды екен. Мұның мәнісін сұрағанда, ол біз тілге тиек еткен гидропоника әдісі арқылы бидайдан шөп өсіріп, мал азығы ретінде пайдаланатынын айтты. «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» дегендей, Аманжол мырза аталмыш әдістің қыр-сырын үйретіп, бар білгенімен бөліскен еді. Сол сәттен бастап осы ойды жүзеге асыру үшін институтта бірге оқыған курстастарыммен ақылдасып, сонымен қатар екінші жоғары білімім экономика саласы болғандықтан бар шығынды есептеп, осы жұмысты бастауға тәуекел еттім. Осылайша ата кәсібіміздегі басты орын алатын жемшөптің заманауи технологиямен ерекше түрін өсіруге шешім қабылдадым. – Кәсіптің осы бір ерекше түрін бастауыңызға не әсер етті? – Бұл кәсіпке бел шешіп кірісуіме үлкен әсер еткен мына жағдай болатын. Өздеріңіз білетіндей, өткен жылы еліміздің батыс өңіріндегі Маңғыстауда қаншама мал қуаңшылықтан қырылғаны баршамызға аян. Осы жағдайды алғаш жаңалықтардан естігенде, жаныма қатты батты. Расымен де, осындай мәселе туындағанда, төрт түлікті сақтап қалу үшін мал азығының қоры мол болуы қажет. Міне, аталмыш қиындықты шешуде гидропоникалық әдіспен өсірілген шөптің көмегі өте зор. Онсыз да ойымда жүрген бұл кәсіпті бастауыма, осы жағдай ерекше әсер етті. Сөйтіп өз ауылымда орынжай даярлап, қызу дайындық жұмыстарын жүргізіп, алғаш рет 2022 жылдың 7 қаңтарында бұл шаруаны қолға алдым. Тура бір аптадан кейін 1 кг бидайдан 6-7 кг шөп өсірдік. Бұл дегеніңіз – бес есе көп шөп өндіру деген сөз. Осылайша кәсібіміз бастау алды. – Гидропоникалық шөптің ерекшелігі неде? Пайдасы туралы нақты тоқталып өтсеңіз. – Алдымен осы гидропоника дегеніміз не? Осы туралы айтып өтейін. Гидропоника – өсімдіктерді топырақсыз, жасанды ортада – қоректік заттардың судағы ерітіндісінде өсіру әдісі. Яғни, мұнда өсімдік тамыры арнайы дайындалған субстратта орналасады. Субстрат дегеніңіз – то-пырақ орнына қолданылатын заттар. Мал азығы шөп десек, сол шөптің тапшылығы орын алғанда, мал шаруашылығымен айналысатын жандардың қиналатыны рас. Ал, осындай әдіспен шөп өндіру – бұл мәселеден құтылудың бірден-бір жолы. Негізі, гидропониканың пайдасы шаш етектен. Егер де таза бидайды малға берсеңіз, оны қорыту қиынға соғады, яғни көп күш қуаты кетеді. Ал аталмыш шөп асқазанға өте жеңіл. Екіншіден, гидропоникалық бидайдың құнарлылығы 95 пайыз, ал жай бидайдікі 35 пайызды құрайды. Міне, осыдан-ақ оның құнары мен сапысан бағамдай беріңіз. Соынмен қатар гидропоникалық шөптің құрамында Менделеевтің кестесіндегі 132 макро, микроэлементтер бар. Үшіншіден, мал тез ет жинайды, иммунитетті көтеретін де пайдасы бар. – «Кәсіп түбі – нәсіп» дейді дана халқымыз. Бүгінгі таңда кәсібіңіз қалай дамып жатыр? – Бұл жобаны қолға алғаныма көп уақыт болмаса да, қазіргі таңда өз жемісін беруде. Дегенмен, жаңа әдіс болғандықтан, жарнама жағы жетіспейді. Шамамыз келгенше, түрлі әлеуметтік желілер арқылы, халыққа барынша насихаттаудамыз. Тағы бір айта кететін жайт, өзімізге жақын ауыл тұрғындарына гидропоникалық шөптің пайдасы, артықшылығы турасында түсіндіру жұмыстарын да жүргізіп келеміз. Алайда ауыл адамдары бұл шөпті бұрын-соңды пайдаланып көрмегендіктен «мал жей ала ма?» деген сынды күмәнді сұрақтар туындайтыны рас. Сол үшін де кейбірі ақысын төлеп алса, енді біріне тегін таратудағы басты мақсат – халыққа ақпарат беру. Негізі күніне 2 тоннадай гидропоникалық шөп өндіретін мүмкіндігіміз бар. Осы орайда, әкімшілік қызметкерлеріне өтінішім, халыққа аталмыш жобаны насихаттауға қолдау жасаса нұр үстіне нұр болар еді! Халықтың қалтасы көтеретіндей шамада ақылы түрде курс өткізіп, осы әдістің технологиясын үйретсек деген ой бар. Мақсатымыз – осы кәсіпті Қазақстанның бар аймағына кеңінен тарату, насихаттау. Бүгінде өзім де гидропоникалық шөпті өсірудің әдіс-тәсілдеріне арналған жоба дайындаудамын. – Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсыновтың «Білім болуға – оқу керек, мықты болуға – бірлік керек, бай болуға – кәсіп керек» деген ұлағатты сөзі бар. Сол сияқты жас кәсіпкерлерге қандай кеңес бересіз? – Біздің еліміздің ертеңі – жастар. Сондықтан да артымыздан ерген кейінгі ұрпақ білімді, жан-жақты, еңбекқор болуы қажет. Белгілі бір кәсіптің тізгінін ұстаймын деген жас кәсіпкерлерге айтарым, ең бастысы осынау ақпараттың ғасырында оқыңдар, ізденіңдер! Екіншіден, кез келген істі бастарда қорықпай, тәуекел ету қажет! «Уайым түбі – тұңғиық, батасың да кетесің, Тәуекел түбі – желқайық, жүзесің де өтесің» дегендей, ешқашан кері тартпай, тек алға жылжу керек. Бастысы ниеттеріңіз таза, өздеріңізге сенімді болып, ерінбей еңбектеніңіздер! – Сұхбатыңызға рақмет!

Пікірлер (0)

Пікір қосу

Сіздің атыңыз *
Сіздің пікіріңіз *