Бестерек ауылындағы қайғылы апат: жүргізуші ұсталғаннан кейін есін жоғалтқан

Жаңалықтар
view 21
news

Сурет: Ашық дереккөзден

Абай облысының Үржар ауданы Бестерек ауылында үш бірдей баланың өмірін қиған жол апатына себепкер болған жүргізушінің жағдайы белгілі болды. «Жетінші арнаның» хабарлауынша, Toyota көлігін тізгіндеген 55 жастағы ауыл тұрғыны ұсталған сәттен кейін есін жоғалтып, айналасындағы адамдарды тани алмай қалған, деп хабарлайды janabastau.kz ақпарат агенттігі. 

Марқұмдарды қағып кеткен азамат – 20 жылдан астам уақыт автобус жүргізушісі болып еңбек еткен. Туыстарының айтуынша, қайғылы күнде оның ұстамасы ұстап, рөлді басқара алмай қалған.

«Әкемнің жағдайы өте ауыр. Қазір қамауда отыр. Ұстама кезінде ешкімді тани алмай қалды, рөлді ұстай алмады. Оқиға әп-сәтте болды. Қасымызда анам да отырған еді. Бұл — біз үшін де, баршаға да орны толмас қайғы. Қаза болғандардың отбасына шын жүректен көңіл айтамыз. Баршасынан кешірім сұраймыз», – деді жүргізушінің ұлы Ерқанат Серікұлы.

Осы уақытта Үржар ауданында жол апатынан көз жұмған үш баламен қоштасу рәсімі өтті. Бір отбасының қос қызы Жарма ауданының Жаңғызтөбе ауылында жерленсе, екі жасар Нұрәділ Елтай ауылына жер қойнына тапсырылды. Қаралы жиынға туған-туыстары, ауыл тұрғындары және жергілікті билік өкілдері жиналды.

Ал қаза болған екі жасар баланың анасы соңғы сапарға келе алмады. Өйткені ол Астанада ауруханада жатқан жаралы екі баласының қасында. Дәрігерлер олардың жағдайын «орташа ауыр» деп бағалауда. Сондай-ақ тоғыз жасар тағы бір қыз аудандық ауруханада ем қабылдап жатыр.

 

Пікірлер (0)

Пікір қосу

Сіздің атыңыз *
Сіздің пікіріңіз *