Біз өткерген мезгілдер бар, көктем жоқ...

Руханият
view 553
news

Қосшы қаласы ішкі саясат, мәдениет, тілдерді дамыту және спорт бөлімінің «Орталықтандырылған кітапхана жүйесі» коммуналдық мемлекеттік мекеменің ұйымдастыруымен ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Қазақстан ұлттық арнасы, «Ашық алаң», «Сана» бағдарламаларының аналитик-редакторы, Қосшы қаласының тұрғыны Айзада Рахымжановамен кездесу кеші өтті.

Кездесу кешіне ақынның оқырмандарымен қатар Қосшы қалалық Рақымжан Қошқарбаев атындағы №І мектептің мұғалімдері мен оқушылары қатысты. Кездесу барысында ақын жарық көрген кітаптарынан өлең оқып, оқырмандардың түрлі сұрақтарына тұшымды жауап берді. Ақынға қойылған сұрақтардың мағыналық жағынан тың болуы кездесуге келген қатысушылардың ақынның жеке шығармашылығына, әдебиетке деген құрметі мен қызығушылығы барын аңғартты. Кеш жүргізушісі қалалық кітапхананың директоры Сымбат Бауыржанқызы Айзада Рақымжановаға әр түрлі сұрақтар қойды. Ақын барлық сұрақтарға қанағаттанарлық жауап берді. Сондай-ақ, оқырмандардың бірі лирикалық өлеңнен басқа тақырыптарға қашан ойысатынын сұрағанда, Айзада Рахымжанова ақын лириканы ешқашан тастамайтындығын, ақын жандүниесінің қабат-қабат қатпары, сыры лирикада екендігін жеткізді. Кездесу барысында ғана емес, өлеңдерінде де ұтымды ой айта білетін ақын кездесуге жиналған оқырмандарына сиясы кеппеген жаңа өлеңдерін оқып, кештің сәнін асырды. Өлеңмен тыныстап, әнмен әуелеген сәлиқалы кештің көрерменге берері мол.

ЖОЛ

Іштегі мұңды жасыра алам ба? Көк мұнарлардан өткізіңдерші. Алыста жүрген жақын адамға, Ақ сәлемімді жеткізіңдерші, Жолдар… Соны іздеп келем, Күш беріп таулар, Сәлем дүр қырлар, сәлем гүл-белдер! Көрсеңдер, сырды іште жұтпаңдар, Сағынып сені әрең жүр деңдер, Жолдар… Сезімін іште жасырғандарды, Жол торабында түйістіріңдер. Сағынып жүрген жақын жандарды, Қауыштырыңдар, сүйістіріңдер, Жолдар…

ТҮС

Ұйықтағым келмейді! Түсімде ылғи түн перісі тергейді: «Қасыңдағы көркем жігіт не керек? Оны бізге бер», дейді. Сосын мені жұлып тастап қойныңнан, Аймалайды, иіскейді мойныңнан. Перілерден, айтшы, қалай құтылам, Түсіме ылғи кіріп алып той қылған? Сөйлеу түгіл, қозғалуым қиын-ақ, Ару пері бар айласын жиып ап... Алдыңа кеп билейді шыр айнала, Менің қызыл көйлегімді киіп ап. Ұнайды екен саған мұндай серілік, Мені ұмыттың, әлгілермен желігіп. Перілердің бірі арқаңды уқалап, Бірі жатыр төсегімде керіліп. Менің әтір, бояуымды жағып ап, Сені мәз ғып, таңға дейін қағынад(ы). Сосын... Сосын кетеді ұшып аспанға, Арқасына қанаттарын тағып ап. ...Мейлі көктем келсін қайта, күз өтіп, Ұйықтамаймын, әуреленбе түзетіп. Өңімде алып кетпес үшін перілер, Отырамын түні бойы күзетіп.

ДРАМА

Өзге айтатын не қалды? Ештеңе де! Бір ауыз сөз түспейді еске неге? Бұл біздің «қош»десетін жолайрық, Мен босаттым, сен де сөйт, Өкпелеме! Махаббаттан алмаған қалды неміз? Бірге бөтен, ал түзде паң күлеміз. Ел алдында бақытты боп жүреміз, Таусылғалы о қашан, әңгімеміз! Кеудемізде мұң-майдан, бөлек егес, Жұбатпашы, өтінем... керек емес. Өлең жазбай жүргенің сылтау емес, Өлең жазбай кеткенім себеп емес. Шашыламыз, жаңадан құралармыз, Қоштасуға жарасқан бір-ақ аңыз: Сен кетесің, мен қалам жылап үнсіз, Аяқталсын осылай ДРАМАмыз...

***

Біз екеуміз бірге болсақ – аспанбыз, Жанымыздың жұлдызын дөп басқанбыз. Шын сүйіскен ғашықтарға дәлелміз, Жырлағанға жарты күндік дастанбыз! Біз екеуміз бірге жүрсек – теңізбіз, Аңсадың ба? Көзіңді іл де, деміңді үз... Тұңғиыққа батып бара жатады, Жанарыңа үңілгенде керім қыз. Біз екеуміз бөлек кетсек – ӨЛЕҢбіз, Мүмкін екі ғаламшармыз, әлембіз! ...Жалғыздықтың ілестім де соңына, Тағы келдім қарсы алдыңа: - Сәлем, Күз!

***

Бізде, жаным, бәрі де бар... Сезім жоқ, Болса, неге лауламайды көзіңде от?! Болса, неге сағынбайсың үздігіп? Мен бе? Менің сағынбайтын кезім жоқ. Біз өткерген мезгілдер бар, Көктем жоқ... Жанымменен қарашаны өпкем көп. Екі бірдей ақымақты ұға алмай, Жаңбырымен жанар жасын төккен көк. Бізде, жаным, бәрі де бар... Жоқ бақыт... Махаббат жоқ, одан өзге қоспа түк. Жүрек құрғыр атқақтайды, рұқсат ет, Қояйыншы тоқтатып…

САҒЫНЫП ЖҮРМІН...

Жалығып жүрмін, жалғаннан жалығып жүрмін, Үрлесең өшіп қалардай бар үміт бір күн. Жырымнан қалдым көз жазып апақ-сапақта, Мұңымнан моншақ меруерт тағынып жүрмін… Жанартау бардай кеудемде, атқақтап жүрмін, Қойын дәптерге болмасты шатпақтап жүрмін. Өшемін десем, отымды өшіре көрме, Кетемін десем алысқа, тоқтатпа құрбым… Тереңге тастап еркімді, қамығып жүрмін, Жердің бетіне шығар ма тамыры бір күн? Сабылып жүрмін, әлемді айналып неше, Сағынып жүрмін, ӨЛЕҢді сағынып жүрмін…

***

Сен де үнсіз күтіп жүрсің көктемді, Асықпайды ол, былтыр да өстіп кеш келді. Өткеніңнің ең бақытты сәтінен, Өкінішті, қалмайтыны еш белгі... Маxаббатты жұрт болмаған десіп жүр, Ақ сезімге тең келмейді еш үлбір. Асқақ-асқақ арманымыз аспанда, Бұйра-бұйра бұлтпен бірге көшіп жүр. Жанымызға бүгіп келген сыр неткен? Мен де оны сағынып ем, білмеп пе ең? Ең жауапсыз сезімдерге жаны ашып, Қар астында тыныстайды гүл-көктем! Р.S. Бір ғажапты күтеміз-ау көктемнен, Асықпайды ол, былтыр да өстіп кеш келген...

***

Тағдыр деген осы ма, жазылатын маңдайға? (Қызыл-жасыл дүние алдайды да, арбайды, ә?) Бұл – мұңаю екен ғой, ұзақ-ұзақ жол жүріп, Бұл – тәттілік екен ғой, татымайтын таңдайға… Өмір деген – сын сәттер, удай ащы кеселі, Сосын аңсау аяулы күндеріңді кешегі. Мені біреу ойлайды, “ең бақытты адам” деп, Мені біреу аяйды, соры бар деп бес елі… Үміт қылдың ұшында үзілердей, Үзілмей… Өлең де өткір жазбадық, наркескеннің жүзіндей, Мені біреу ойлайды-ау “ең бақытты адам” деп, Біздің тағдыр е, бірақ, Астананың күзіндей…

Тәңір менің қанатымды үзіп ап...

Аяғымның жүріп өткен ізі – бақ, Кірпігімде би билейді әр ақ таң. Тәңір менің қанатымды үзіп ап, Аппақ бұлтты жаратқан... Күн күлкімді көріп қойып жүзімнен, Есімімді жазып берген аспанға. Тәңір менің қанатымды үзілген, Айналдырған ақ қарға... Өлең, сірә, жүрегімнің еркін ап, Маңдайыма жазып берген бағым шын. Тәңір менің қанатымнан кертіп ап, Қалам алған қауырсын... Көзімдегі мұңды өлең ғып көшірген, Иығыма жаға салып құндыздан, Тәңір менің қанатымнан кесілген, Жыр – мұнара тұрғызған... Сезім деген дертті кешіп, е жалған, Бір көрмесем, елеңдейтін боп алдым. Мүмкін, сенің қабырғаңнан мені алған, Бәлкім, менің қанатымнан жаралдың...

***

  Дүниенің ең ұсақ бөлшегіміз, Біреу үшін өзіміз бұл Әлемнің. Бойымдағы бар мінді өлшедіңіз, Лай болып тұна бердім. Білмейміз не боларын ертеңіміз, Жанымның айтары көп, тұсады ернім... Суретімді, xатымды өртедіңіз, Күл болып ұша бердім. Білем, аппақ емеспін, иланыңыз, Маxаббатқа жүрегім бөленді аз күн. Ең жылы сөзіңізді қимадыңыз, Мен сізге өлең жаздым. Жанымның жапырағын келем үзіп, Көктем биыл ертпеді көшіне де, Есіміңді естісем елегізіп, Жүрегім атқақтайды осы неге? Түн де, мен де ұйқыны ұмытқанбыз, Бірімізді біріміз күзетерміз. Жолдарымен тағдырдың жылыстаймыз, Мүмкін егіз шығармыз күз екеуміз? Сағыныш – ортақ ұғым еді бізге, Екеуміз де сүйеміз сары түсті. Жұлдыздар ілінбейді көзімізге, Жанартаудан күтеміз жарылысты. Ақ сезімнің еседі қайдан лебі? Өмір тағы соғады-ау жарға мені, Құрбым: «Гүлді сыйлаған сол ма?» деді, «Иә» дедім... Қайтейін?! Жалған еді...

***

Жылайыншы, сырымды ақтарғанша, Айтып қоя беремін, кешірші әлем! Оған жеткен жауапсыз xаттар қанша? Ол туралы жазылды нешінші өлең? Ұясынан оятам қалай күнді? Сонда ғана жарықпен теңесеміз, Менің жаным көтерген талай мұңды, Нәзік жанды ару ғой демесеңіз! Алабұртқан көңілдің күйін іркіп, Жалғыздықтан құтқарды кезінде өлең. Тағдырымның ерекше сыйы мүмкін, Сағынышты – аяулы сезім дегем. Тербетеді түндерде тілек-арман, Қиялыма сіңем де, көзімді ілем. Қалай сүйетінімді – біледі Аллам, Қалай сағынғанымды – өзім білем!

***

Мен сезімге берілгішпін, ия, рас, Есесіне жалған күлген емеспін. Қаламымнан тамса – дағы сия-жас, Уақытты әкелмейді кері ешкім. Тағдырымның есебінен жаңылдым, Ол да алдайды, сыйлайды да бізге үміт. Ертең тағы жарасына жанымның, Тұз себеді күз келіп... Күз келеді сағынышын жастауға, Өңінен де, лебінен де есіп мұң. Бәрін қайта болар ма еді бастауға? Әттең біраз кешіктің... Екеумізге бұйырмайтын бақты ұмыт, Мен бақытты саған үнсіз тілегем. Қайтқан құстың қанатына, xат қылып, Жазып бердім бір өлең!

Пікірлер (0)

Пікір қосу

Сіздің атыңыз *
Сіздің пікіріңіз *