Кездесуге Қосшы қаласының әкімінің орынбасары Берген Жұмкейұлы, ҚМДБ Астана қаласы өкілі, Республикалық «Әзірет Сұлтан» мешітінің бас имамы Жүсіпов Ерболат қажы Нұрылдаұлы, ҚМДБ «Халал-Даму» директоры Аташев Айбек Асқарбекұлы, ҚМДБ Қосшы қаласы Бөгенбай батыр мешітінің бас имамы Төлеген Арғынбайұлы, ҚМДБ Астана өкілдігі «Әзірет Сұлтан» мешітінің наиб имамы Ибраев Темірлан қатысты. Сонымен бірге айтыскер ақын Еркебұлан Қайназар, дінтанушы Абзал Сарденұлы, ұлттық спорт түрлерінің шебері, Сүлейменов Арман Көшербайұлы, Астана қаласы өкілдігі «Әзірет Сұлтан» мешітінің ұстазы Ілияс Отаров та рухани кештің құрметті қонағы болды.
Кездесудің алғы сөзін қала әкімінің орынбасары Берген Жұмкейұлы бұл игі шараның қазіргі қоғамға нағыз керекті, жастарды ізгілікке, имандылыққа шақыратын маңызды кеш екенін атап өтті. Ел руханиятының өсуіне септігі тиіп жүрген имамдар мен айтыс, ұлттық өнер саңлақтарының Қосшы жастырына да берері көп екенін ескертіп, спикерлерге сәттілік тіледі.
Республикалық «Әзірет Сұлтан» мешітінің Бас имамы Жүсіпов Ерболат қажы Нұрылдаұлы аталмыш шараны ұйымдастырушыларға алғыс айтты. «Адам мүмкіндігінше туған жерін көркейтуге үлес қосу керек. Елдің қамын ойлайтын тұлғалар мектеп қабырғасынан бастап тәрбиеленетіндіктен ұстаздар өзіне артылған оқушылар алдындағы жауапкершілікті сезіне білуі тиіс. Ең әуелі отбасы тәрбиесіне мән беруіміз керек. Мектеп оқушыларының арасында жағымсыз қылыққа бой беріп жатқан жасөспірімдер көбейіп келеді. Осы мәселені тиімді шешу жолдарын қарастыруымыз керек. Тағы бір айта кететін жайт, ХХ ғасырда заманауи технологиялар адам өмірін жеңілдеткенімен, ішінара ұлт дәстүріне көлеңке түсіретіні тағы бар. Тіпті, кейбір дәстүрімізді қолданыстан шығаруға таяу. Қазақта үлкендердің қолына су құйып, батасын алу дәстүрі бар. Бүгінде бұл дәстүр ауылда ғана көрініс табады. Қала қазақтарына дәстүрден ажырап қалу қаупі төніп тұр. Үлкеннің қолына су құйып өскен бала ізетті болып қалыптасады. Соңғы кездері «Руханият» деген сөзді көп қолданамыз. Бірақ сол сөздің байыбына бара бермейміз. Руханият дәстүрден басталады. Дәстүр – ұлт руханиятының алтын діңгегі. Ал дәстүрімізді ұмытсақ ертеңіміз не болмақ? Сондықтан, аталған мәселеге бей-жай қарауға болмайды. Көңілімізге қуаныш сыйлайтын жағымды дүниелер де жоқ емес. Мысалы, соңғы кездері шапан мен тақия кию жастар арасында сәнге айналып келе жатыр. Тек батыс үлгісінде тігілетін киімдерді ғана сән санап жүрген жастардың ұлттық киімдерге деген құрметі артып келеді» – деген Ерболат қажы Нұрылдаұлы ұйымдастырушылар мен мектеп ұжымына ыстық ықыласын білдірді. Жиынға қатысып отырған қауымды бір Алладан елдің амандығын сұрауға шақырды.
Келесі болып сөз алған ҚМДБ «Халал-Даму» директоры Аташев Айбек Асқарбекұлы «Тілеген тілектің қабыл болуына әсер ететін факторлар көп. Соның бірі астың таза болуы» деп, таза астың адам өмірінде атқаратын рөлі зор екендігін жеткізді. Сондай-ақ, «Еліміздегі сауда орталықтарында сатылымда тұрған көптеген тауарлар ислам дінінің қағидаттары бойынша тұтынуға жарамсыз. Адамның, әсіресе, балалар мен жасөспірімдердің денсаулығына кері әсер беретін бірқатар тауарларды сатып алмағанымыз жөн. Қоғамның ізгіленуі – алдымен сол қоғамды құрайтын адамдардың денінің саулығынан басталады. Қазақ ұлтының иммунитеті мықты болуы үшін жылқы, қой, сиыр етін тұтынып, айран, қымыз, шұбат, сүт, қымыран сусындарын жиі тұтынғанымыз абзал. Сүт – химиялық құрамы жағынан тамаша тағам. Оның құрамында адам ағзасының қалыпты жетілуі үшін пайдалы барлық зат бар. Соған орай оған физиологиялық құндылығы жағынан бірде бір азық тең келе алмайды. Сүт басқа өнімдердің биологиялық құндылығын көтереді. Ас қорыту бездерінің жұмыс істеу қабілетін үнемі жақсартып отырады. Сүтті пайдаланып әр түрлі тағамдар дайындауға болады. Айран ұйытып, ірімшік, құрт кептіруден бастап, ботқа пісіруге дейін осы бір керемет өнім пайдаланылады. Ал сүт қосып дайындалған тағам өте дәмді болады. Оның үстіне сүт өнімдерінің дәрулік қасиеті бар. Олар емдеу, алдын алу, диеталық тағам ретінде де қолданылып жүр. Дүкендерде самсап тұрған бояма сусындардың ұлт организміне сәйкес келмейтіндігін жеткізгім келеді. Көптеген тауарлардың ұзақ мерзімге сақталуы үшін салынатын қоспалар адамның тәбетін құртып, әлсіреуге дейін апарады. Ғалымдар жастар көптеп тұтынатын тауарлардың құрамында табиғи ингридиенттердің аз екендігін ғылыми тұрғыда дәлелдеп берген.» – деді Аташев Айбек Асқарбекұлы. Ары қарай сөзін жалғап, арнайы ғылыми орталықтар мен дін басқармасының тексерісінен өткен, гигиена шарттарына сай тауарларды тұтынуға шақырды.
Айбек Асқарбекұлынан кейін сөз алған Алаштың аяулы ақыны, алтын домбыра иегері, Қосшы қаласының тұрғыны Еркебұлан Қайназар мектептерде ішінара жастар санасында ізгілік шамын жағатын жиындардың болғанын құптайтынын жеткізді. Кездесу тақырыбындағы сөзге арнайы тоқталып, ізгі қоғам орнаса, көптеген түйткілді мәселелердің шешілетінін, мемлекеттің дамуына зор серпін болатындығын айтты. Дегенмен қоғамда қарттар үйі мен жетімдер үйінің көптігі ізгіліктің жеткіліксіздігінен туындап отыр деді. Мектеп оқушыларына тәлім-тәрбие беруге ата-аналарының уақыты болмайтынын, және бұл жағдайдың бала психологиясына кері әсер ететіндігіне баса назар аудару керек деп, «Ізгі қоғам құруға бір ғана адамның, бір ғана қаланың күші жетпейді. Әр адам ізгі болуды өзінен бастағаны дұрыс» – деді ақын. Еркебұлан Қайназар сөзіннің соңын «Не жақсы, не жаман?» – атты термесімен тәмамдады.
Ақтаңгер айтыскерден кейін сөз алған спикер Қосшы қаласының бас имамы Төлеген Арғынбай жастардың уақытты тиімді пайдалануына интернет кедергі жасайтындығын айтты. «Интернетті көп қолданатын жастар артық ақпартты шамадан тыс қабылдағандықтан тез шаршауға бейім келеді» - дейді имам. Құранда кітапта уақыт ұғымын білдіретін сөздердің 749 жерде кездесетіндігінен дәлел келтірді. «Бұл – Ислам дінінің уақытты қадірлеу керектігін, баға жетпес қазынаны дұрыс қолдануға шақыратынының айғағы. Пайғамбарымыз (с.ғ.с) өз хадисінде екі баға жетпес байлық бар, бірі – денсаулық, енді бірі – уақыт екіндігін айтып өткен» – деді Төлеген Арғынбай өз сөзінде. Сондай-ақ, қазақтың ақиық ақыны Мұқағали Мақатаевтің «Уақытты тоқтатар шамаң бар ма? Бәрі өтеді, дәуірлер, замандар да. Менің жаным ашиды мына өмірді, Өтпейтіндей көретін адамдарға!» - деген өлең жолдарынан мысал келтіріп, интернеттің тек теріс тұстары ғана емес, пайдалы тұстарының да көп екендігін, тек оған белгілі бір уақыт ғана көңіл бөлу керектігін айтты. Ғаламторға тәуелді болған жастар түбі психикалық ауруға шалдығатынына тоқталып өтті. «Әлемдік тордың жан-жақты, білімді, көзқарасымыз кеңейіп, көптеген қызықты дүниелерді үйренуімізге әсері мол. Оған қоса, интернеттің тағы бір артықшылығы – мемлекеттер мен құрлықтар арасындағы шекараны жойып, адамдар араларындағы қашықтыққа қарамастан бір-бірімен араласуға, сөйлесуге мүмкіндік беруінде. Интернеттің пайдасы мол екендігі даусыз. Алайда, оның зияны да аз емес. Оның ең бірінші зияны – тәуелділік. Бұл аңыздан алынған термин емес. Интернет қолданушыларының 10%-ы оған тәуелді екендігі ғылыммен дәлелденген. Тіпті, бірқатары үй, тағам, су іспетті өмірлік маңызды дүние деп есептейді. Оңтүстік Корея, Қытай және Тайваньда интернетке тәуелділікті ұлттық деңгейдегі мәселе ретінде қарастырады. Десе де, оның зияны тек мұнымен шектелмейді. Компьютер мониторының алдында ұзақ уақыт отырудың өзі көзіміздің көруіне теріс әсер етсе, дұрыс қалыпта отырмағанның салдарынан қимыл-тірек аппаратымызға зиян келеді. Адам психикасына кері әсер ететін ақпараттарды да интернеттің зиянды жағына қоса аламыз. Интернет арқылы алаяқтар жеке тұлға жайлы мәлімет алып, оны өз мақсатына қолдануы мүмкін. Сонымен қатар, әлемдік тор арқылы компьютер жүйесіне зақым келтіріп, зиянын тигізетін вирустар тарайды. Қазіргі таңда адамның күнделікті өмірі компютермен өтеді. Оны ешкім жоққа шығара алмайды. Қазір интернеттен өзіңе керектінің бәрін таба аласың. Тіпті, интернетте отырып-ақ өзіңе керектіні сатып алуыңа болады. Әрине, бұл өзіңе пайдалы. Бірақ әр заттың өз уақыты, өз орны болу керек емес пе?» – деп, өзекті мәселенің басын ашып берді Төлеген Арғынбай.
Дінтанушы, теолог Абзал Сарденұлы елімізде жат ағым өкілдерінің жүргізіп отырған насихатына бой ұрмауға шақырды. Жат ағымға үгіттейтін топтарға тосқауыл қою үшін діни басқарма тарапынан көптеген қарсы шаралар жүргізіліп жатқанын жеткізді. Дінге бет бұрып жатқан жастардың саны артып келе жатқанын айтып, олардың тек арнайы мамандардан білім алу керектігін айтты. «Қазіргі таңда әлемдегі ең өзекті мәселенің бірі – діни экстремизм мен терроризм қаупі екендігі көпшілікке аян. Ғаламдық бұл қауіп-қатер қоғамға саяси, экономикалық, моралдық шығындар әкеліп, үрей тудырып жатқаны бәрімізге белгілі. Әсілі, терроризм қаупі XX ғасырдың 60-жылдарынан бастап күшейе түсті. Әлемнің көптеген аймақтарында экстремистік топтар мен ұйымдар қанқұйлы терактілер жасау арқылы өз мақсаттарына қол жеткізгісі келді. Бүгінгі күні жаһанда 500-дей экстремистік ұйымдардың бар екені белгілі болып отыр. Соңғы жылдары біздің елімізде дін атын жамылған содырлық әрекеттер орын ала бастады.
Бүгінгі таңда, мемлекеттік құзырлы орындар діни білім алуға болатын шетелдік оқу орындарының тізімін бекітті. Шетелде ислами білімді Мысыр,.. Араб Республикасындағы әл-Азһар университетінде, Түркия Республикасындағы Мармара, Анкара, Кайсери, Кония, Бурса университеттері мен Хасеки институтында, Өзбекстан Республикасындағы Ислам университеті, Татарстан Республикасындағы Ислам инситутында алуға болады. Әйтсе де, кейбір азаматтардың шетелге туристік мақсатта сапарға шығып, рұқсат етілмеген діни оқу орындарда білім алғаны белгілі болып отыр. Діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу үшін шетелде діни білім алу мәселесін қадағалауды әлі де күшейте түсу керек. Қазақстанда қалыпты діни ахуалды қалыптастыру үшін экстремизм мен терроризмге қарсы күрес кешенді түрде қолға алынуы тиіс. Әлбетте, оның діни, әлеуметтік, психологиялық, экономикалық аспектілерімен қатар құқықтық негіздемесін жетілдіру бүгінгі күннің кезек күттірмейтін талабына айналып отыр.» – деп, Абзал Сарденұлы мектеп оқушыларына нақты ақпарат берді.
Ұлттық спорт түрлерінің шебері, рекордсмен, киноактер Сүлейменов Арман Көшербайұлы «Бір емес үш дипломым бар. Бірақ ол дипломдарды көрнекілік үшін жинамадым. Жақсы өмірге талпынудың арқасында жеткен жетістігім. Бірақ мен онымен тоқтап қалмай, спорт әлемінде де көптеген жетістіктерге жеттім. Әлі де орындалмаған армандарыма қол жеткізгім келеді. Әлемнің әр еліне саяхат жасау, саяхат барысында алған әсерлерімді кітап етіп жазу ойымда бар. Бәрі кішкентай қадамдардан басталатынын білем, сіздерге де біліп жүру тиімді. Ата-бабаларымыз аманаттап кеткен жерді келесі ұрпаққа дәл сол қалпында емес, көркейтіп жеткізуіміз керек. Ол үшін күн-түн демей, талаптанып, білім алып, еңбек еткен дұрыс.» – деп, кездесуе келген оқушыларға жігер сыйлады.
Арман Көшербайұлы өз сөзінен кейін әріптесі Қуаныш Шәріпбекпен бірге шеге бұрау, таға майыстыру, кірпіш сындыру сияқты қолдан келе бермейтін спорт түрлерінен шеберлік көрсетті. Бұған қатысушылар мен көрермендердің қызығушылығы жоғары болды.
Кездесу соңында Қосшы қаласы әкімінің орынбасары Берген Жұмкейұлы қонақтарға алғыс білдіріп, арнайы сыйлықтармен марапаттады.
Нұркен Нұрғазы
Пікірлер (0)