«Біздікі не мынау, мазақ боп?!!»: Белгілі ақын Қорғаныс министрлігін сынға алды

Жаңалықтар
view 573
news

Фото: Видеодан кадр: Youtube/Tenshe

Белгілі қаламгер Ұларбек Нұрғалымұлы facebook-парақшасында Қорғаныс министрлігіне қарасты Ұлттық әскери-патриоттық орталығы Жеңіс күніне арнап мүшәйра жариялап, оның қорытындысын бірнеше шегергенін, енді ақындар сайысы мүлдем болмайтынын естігенін айтты. Ақынның сөзінше, жазба әдебиетке келгенде мекемелердің желке терісі құрысады да қалады, деп хабарлайды JANABASTAU.KZ ақпарат агенттігі.

Жә, сонааау сәуір айында “ҚР Қорғаныс министрінің қолдауымен” деп бір мүшәйра жарияланған. Патриоттық ән мәтіні және жеңістің 80 жылдығына бір өлең жазу деген шарты бар.

Осы ақпаратты көргенде қуанып қалып едім. Неге?

Басқа минстрліктің руханият саласына көңіл бөліп жатқанына!

Білетінімді айтайын, Қытайда руханият саласын, жас ұрпақтың мемлекетшілдік санасын бір минстрліктің мойнына ажырғыдай асып қойып қарап отырмайды. Үкімет ”дипломмен ауылға” деген бағдарлама шығарса Білім минстрлігі соны жан-жақты, артық-кемін жеріне жеткізе түсіндіретін сериал шығарады.

Міне, Қорғаныс минстрлігі жақсы істі қолға алған екен, осылай болу керек қой, деп риза болып қалдық. Өзі бүкіл жүлде қоры 3 миллион екен. 10 жүлдегерге 300 мыңнан бөліп бермекші екен. Оған да тәубә!

Сонымен әлгі бәйгеге ат қостық. Нәтиже 6-маусымда шығарылмақ. Одан кейін ол “тамыз айына шегерілді” деді, тамсантып тамыз да өтті. Сосын патриоттық мереке “25-қазанға қалды” деді, жоқ. Енді естуге қарағанда су аяғы құрдым, мүлде болмайтын болған көрінеді, - деді Ұларбек Нұрғалым.

Сондай-ақ ол жалпы әдебиет саласындағы мәселелерді сөз ете келе, Қорғаныс министрлігінің әлгі әрекеті мүшәйраға өлең жіберген ақындарды мазақ қылғанын жеткізді. 

Президент қанша жылдан бері қоғамды кітап оқуға, жастарды көркем шығарма оқуға ынталандыру керегін қақсап айтып келеді. Жаңа кітапханалар ашылып, түрлі нәсихат жүргізіліп жатыр. Ал, жазба әдебиетке келгенде құзырлы мекемелердің желке терісі құрысады да қалады.

Айтысты өздеріңіз көріп отырсыздар! Машина мен миллиондарды шүлен таратқандай “мен ал да, сен ал” болып жатыр. “Алтын домбыра” айтыс тіпті пәтер мен машинаның кілті сахнада шашылып қалды емес пе, ерінбегендер еңкейіп теріп алып жатты, десек те болады. Алсын, қазақтың ұл-қыздары ғой, шетелге әкетіп жатқан жоқ. Бірақ, жазба әдебиет ше?

Мәдениет және Ақпарат минстрлігінен мың сүзгіден өтіп жүріп кітабы шығып, аздаған адам аздаған гонарар алады, болды. Соңғы жылдары біраз конкурстар болып жатыр, оған да шүкір!

Әйгілі Черчилль соғыс жүріп жатқанда мемлекеттің жылдық қаржы бөлінісін қарап отырып “мәдениетке қаржы бөлінбепті ғой?” Депті. Минстр: “соғыс болып жатыр ғой…” деп күмілжіпті. Сонда саңлақ саясаткер: “Біз не үшін соғысып жатырмыз?” Деген екен.

Ал, бұдан артық не деуге болады? Біздің бір су тасқынын сылтау етіп руханияттың қанша қаржысын олай-бұлай бұра салғанымызды бір Құдай біледі. Әлде айтысқа бөлген қаржыны әдебиетке бөліп жатырмыз деп ойлай ма екен?

Біз осы Абайдың сөзімен, Ақанның әнімен, Құрманғазының күйімен (күллі руханият өкілдерінің шығармалары) өзіндік әдебиет, мәдениет, өнері бар қазақ деген ел болып тұрған жоқпыз ба!? Біржандардың әніне, Тәттімбеттердің күйіне, Әуезовтердің сөзіне, Мұқағалилардың жырына сүйеніп келе жатқан жоқпыз ба!? Ол жаңарады, өз уақытына сай жанданады.

Шіркін, егескенде әлгі жазба ақындарға жарияланған 3 миллон теңге арқасына аяздай батып Қорғаныс минстрлігіне бір пәрменді күш “айтыс өткізіңдер” десе ғой дейді екенсің.

Біздікі не мынау, мазақ боп?!!

“Соғыста қан кешкен аталармыз” деп енді әскерилерге қалай ерлік туралы айтады?

Республика күні құтты болсын, Ұлттық әскери-патриоттық орталығы! - деп жазды қаламгер.

Пікірлер (0)

Пікір қосу

Сіздің атыңыз *
Сіздің пікіріңіз *