Бұл көлемі жағынан соңғы 80 жылдан бергі ең ірі табиғи апат - Мемлекет басшысы
akorda.kz
Бұл көлемі жағынан соңғы 80 жылдан бергі ең ірі табиғи апат. Бұл туралы бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев су тасқыны салдарынан қалыптасқан ауыр жағдайға байланысты үндеуі кезінде айтты, деп хабарлайды janabastau.kz.
"Бүгін мен еліміздің азаматтарына арнайы үндеуімді жолдап отырмын. Баршаңызға белгілі, қазір елімізде күрделі жағдай қалыптасып отыр. Қардың күрт еруіне байланысты аймақтарда су тасқыны болып жатыр. Бұл – табиғи апат. Мұндай ахуал ұзақ жылдан бері болмаған. Бұл көлемі жағынан соңғы 80 жылдан бергі ең ірі табиғи апат деуге болады", - деп атап өтті Мемлекет басшысы.
Оның сөздерінше, су тасқынына байланысты еліміздің он аймағында төтенше жағдай жарияланды, яғни Абай, Ақмола, Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан және Ұлытау облыстарында.
"Атқарушы органдар жіберген олқылықтарды түзеу үшін мен шұғыл түрде нақты тапсырмаларды бердім. Қазір барлық қажетті шаралар қабылданып жатыр. Үкімет қарғын судың салдарын жоюға бар күшін салуда", - деді Президент Тоқаев.
Мемлекет басшысы, сондай-ақ Премьер-Министрдің басшылығымен Республикалық штаб құрылғанын атап өтті.
"Премьер-Министрдің өзі, оның орынбасарлары және Төтенше жағдайлар министрі апат болған аймақтарды аралап жүр. Барлық құтқару жұмыстары менің тікелей бақылауымда", - деді Қасым-Жомарт Кемелұлы.
Пікірлер (0)