БЖЗҚ зейнетақы жүйесін жаңартуды ұсынды: не өзгереді?

Жаңалықтар
view 152
news

Фотосурет janabastau.kz

Бұл туралы 2024 жылғы Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының (БЖЗҚ) жылдық актуарлық есебінде жарияланды, деп хабарлайды JANABASTAU.KZ ақпарат агенттігі.

Қазақстандық сарапшылар – Григорий Марченко, Ораз Жандосов, Болат Жәмішев, Қадыржан Дамитов, Анвар Сайденов және Елена Бахмутова, сондай-ақ актуарий Гүлфайрус Шайкакова БЖЗҚ-ның ақпараттық-талдамалық қолдауымен еліміздің зейнетақы жүйесінің қазіргі және болашақ жағдайына жан-жақты талдау жүргізді.

Зерттеу нәтижесінде сарапшылар зейнетақы жүйесінің қаржылық тұрақтылығы мен тиімділігін арттыруға бағытталған кешенді шаралар топтамасын әзірлеп, оны Президентке ұсынды. Ұсыныстардың бірі – жинақтаушы жүйені жетілдіру және «4+1» үлгісін енгізу.

«4+1» үлгісі нені көздейді

Мақсат – зейнетақы жинақтарының жеткіліктілігін қамтамасыз ету және төлемдердің өмір бойы жалғасуын қолдау. Осы мақсатта мамандар жұмыс берушілердің міндетті зейнетақы жарналарын қазіргі шартты-жинақтаушы жүйеден аралас, яғни «4+1» үлгісіне көшіруді ұсынды.

Ұсынысқа сәйкес:

  • 4 пайыздық жарна қызметкерлердің жеке зейнетақы шоттарына аударылады. Бұл жинақтар қызметкердің жеке меншігі болып саналады және мұрагерлік құқығымен сақталады;

  • 1 пайыздық жарна жалпы сақтандыру шотына бағытталады. Ол болашақта азаматтарға өмір бойғы зейнетақы төлемдерін қамтамасыз етуге арналған.

Зейнетке шыққаннан кейінгі төлем тәртібі

Зейнет жасына жеткен азаматтар Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы жеке жинақтары есебінен зейнетақы төлемдерін алады. Бұл төлемдер қызметкердің 10 пайыздық және жұмыс берушінің 4 пайыздық жарналары есебінен қалыптасады. Жалпы жиынтық көлемі 14 пайызды құрайды.

Ал жеке шоттағы қаражат толық таусылған кезде (болжам бойынша 80–81 жаста, кейде ертерек), азамат жалпы сақтандыру шотынан өмір бойғы төлем ала бастайды. Мұндай төлемдерге тек адал қатысушылар – яғни еңбек өтілі жеткілікті және жүйеге тұрақты түрде жарна аударып келген салымшылар ие болады.

Сарапшылардың пікірінше, «4+1» үлгісі зейнетақы жүйесінің әділдігін арттырып, оның ұзақмерзімді қаржылық тұрақтылығын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Пікірлер (0)

Пікір қосу

Сіздің атыңыз *
Сіздің пікіріңіз *