Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы емі жоқ жаңа эпидемия туралы ескертті
Фото: trends.rbc.ru
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДСҰ) Марбург вирусының Руандада алғаш рет тіркелуіне байланысты жаңа эпидемияның әлем бойынша таралу қаупі жоғары екенін мәлімдеді, – деп хабарлайды janabastau.kz Ulysmedia.kz-ке сілтеме жасап.
ЕМІ ТАБЫЛМАҒАН ВИРУС
Әзірге вирустың емі табылмаған. Сондықтан ол үлкен қауіп тудырады.
БАСЫМ БӨЛІГІ ДӘРІГЕРЛЕР
Руанда Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, аурудың өршуі елдің 30 аймағының жетеуінде, соның ішінде астана Кигалиде тіркелді. Жұқтырғандар арасында денсаулық сақтау саласының қызметкерлері көп, олар барлық расталған жағдайлардың 70%-дан астамын құрайды. Бұл мамандарды алаңдатып отыр, өйткені вирус оңай таралып, денсаулық сақтау мекемелеріне еніп үлгерген.
Кейбір жұқтырған адамдар шетелге саяхаттаған және ешқандай симптомдар байқалмағанымен, тасымалдаушы ретінде инфекцияны басқаларға жұқтырған.
ЭБОЛАМЕН БІР ТОПҚА ЖАТАДЫ
Марбург вирусы геморрагиялық қызбаны тудырады және Эбола вирусымен бір топқа жатады.
ВИРУСТЫҢ БЕЛГІЛЕРІ
Ол жұқтырғандармен тікелей байланыста, зақымдалған тері немесе шырышты қабаттар арқылы, сондай-ақ қан арқылы беріледі. Аурудың белгілері – дене қызуының кенеттен көтерілуі, қатты әлсіздік және ішкі ағзалардан қан кету.
ДДСҰ елдерді мүмкін болатын эпидемияның алдын алу шараларын күшейтіп, эпидемияға дайындық жоспарларын әзірлеуге шақыруда. Мамандықтар эпидемиологиялық мониторингті үздіксіз жүргізіп, қауіпті аймақтардағы мемлекеттерге қолдау көрсетіп жатыр.
Пікірлер (0)