Егемендікті нығайтуда тарихи сананың орны ерекше – Рақымжан Сейдахметов

Жаңалықтар
view 31
news

Фотосурет: сұхбат берушінің жеке мұрағатынан

Бүгінде Қазақстандағы егемендікті нығайту мәселесі кешенді түрде қарастырылып, оның саяси, экономикалық, ғылыми-технологиялық және рухани қырлары талданып жатыр. Соның нәтижесінде ғылым мен инновацияның ұлттық қауіпсіздік пен бәсекеге қабілеттілікті арттырудағы рөлі, тарихи сананы жаңғыртудың маңызы, сондай-ақ конституциялық және саяси реформалардың қоғам дамуына ықпалы айқындалары сөзсіз. Сонымен қатар Мемлекет басшысы айқындаған стратегиялық басымдықтар мен алдағы кезеңдегі негізгі міндеттерге баса назар аударылып отыр. Сондықтан біз осы тақырыпта AMANAT партиясы Қосшы филиалының атқарушы хатшысы Рақымжан Сейдахметовтің пікірін білуді жөн көрдік, деп жазады JANABASTAU.KZ ақпарат агенттігі.

– Рақа, соңғы уақытта елімізде егемендікті нығайту мәселесі қоғамдық-саяси күн тәртібінің өзегіне айналды. Бұл бағыттағы негізгі басымдықтар қандай?

– Егемендікті нығайту – бүгінгі Қазақстанның стратегиялық міндеттерінің бірі. Бұл тек саяси тәуелсіздікпен шектелмейді, экономикалық, ғылыми-технологиялық, құқықтық және рухани дербестікті қамтитын кешенді ұғым. Астанада өткен «SARAP» эксперттік клубының отырысында да осы мәселе кеңінен талқыланды. Жиында ғылыми-технологиялық егемендік мемлекеттің дербестігі мен бәсекеге қабілеттілігін арттырудың негізгі факторы ретінде қарастырылды. Сарапшылар ғылымды басқару жүйесін жетілдіру, қаржыландыру тетіктерін жаңғырту және жас ғалымдарды қолдау қажеттігін атап өтті.

Жалпы, қазір сол ғылымның егемендікке әсері қандай?

– Қазіргі заманда ғылым – ұлттық қауіпсіздік пен тұрақты дамудың басты тіректерінің бірі. Сарапшылардың пікірінше, елдің бәсекеге қабілеттілігі ғылыми және институционалдық шешімдердің сапасына тікелей байланысты. Мәселен, ғылыми қауымдастық өкілдері зерттеулерді ұзақ мерзімді жоспарлау, сараптама жүйесін автоматтандыру және бағалау критерийлерін жетілдіру қажеттігін көтерді. Сонымен қатар жас ғалымдардың ғылымға келу қарқынының төмендеуі де өзекті мәселе ретінде айтылды. Бұл ретте тұрақты еңбек жағдайлары мен айқын мансаптық модель қалыптастыру маңызды.

– Тарихи сана мен ғылыми көзқарастың рөлі туралы не айтасыз?

– Егемендікті нығайтуда тарихи сананың орны ерекше. Отандық тарихты жаңаша зерделеу, соның ішінде Жошы ұлысы кезеңін терең зерттеу – ұлттық бірегейлікті күшейтудің маңызды бағыты. Сарапшылар баламалы дереккөздерді пайдалану және шетелдік зерттеулерді тарту арқылы ғылыми базаны кеңейту қажет екенін айтты. Бұл – тарихқа объективті көзқарас қалыптастырудың алғышарты.

– Президенттің саяси бағыты бұл үдеріспен қалай сабақтасады?

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз сұхбаттарында егемендікті нығайту мәселесін тұрақты түрде көтеріп келеді. Оның айтуынша, негізгі мақсат – экономиканы күшейту, мемлекеттің дербестігін сақтау және халықаралық аренадағы орнын бекіту. Президент Қазақстанды «орта держава» ретінде сипаттап, жаһандық саясаттағы жауапкершіліктің жоғары екенін атап өтті. Сонымен қатар еліміздің Біріккен Ұлттар Ұйымы сияқты әмбебап халықаралық құрылымдарды қолдайтыны да ерекше мәнге ие.

Ал бұл тұрғыда Конституциялық реформаның маңызы қандай?

– Конституциялық реформа – егемендікті нығайтудың құқықтық негізі. Соңғы жылдары жүзеге асырылған өзгерістер мемлекеттік басқару жүйесін жаңғыртып, заң үстемдігін қамтамасыз етуге бағытталды. Конституциялық соттың қайта құрылуы азаматтардың құқығын қорғау тетіктерін күшейтті. Бұл институт заңдардың Ата заңға сәйкестігін қамтамасыз етіп, құқықтық тәртіптің кепіліне айналды.

Жалпы, саяси реформалардың қоғамға әсері қандай?

– Сарапшылардың пікірінше, соңғы үш жылдағы реформалар Қазақстанның саяси жүйесін түбегейлі жаңғыртуға мүмкіндік берді. Бұл өзгерістер азаматтық қоғамды дамытуға, мемлекеттік институттардың ашықтығын арттыруға және халықтың билікке деген сенімін нығайтуға ықпал етті. Реформалардың түпкі мақсаты – әрбір азаматтың әл-ауқатын арттыру және әділетті қоғам құру.

– Алдағы кезеңге қандай міндеттер қойылып отыр?

– 2026 жыл – үлкен өзгерістер кезеңі ретінде сипатталып отыр. Бұл ретте цифрландыру мен жасанды интеллект реформаларды жеделдетудің маңызды құралына айналады. Сонымен қатар инфрақұрылымды жаңарту, экономиканы әртараптандыру және әлеуметтік мәселелерді шешу басым бағыттардың қатарында.

Нақты айтқанда, егемендікті нығайтудың негізгі формуласы қандай?

– Егемендік – тек мемлекеттік саясаттың емес, бүкіл қоғамның ортақ жауапкершілігі. Оны нығайту үшін заң үстемдігін сақтау, білім мен ғылымды дамыту, экономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету және ұлттық бірлікті күшейту қажет. Әр азамат ел дамуына өз үлесін қосқанда ғана Қазақстан тұрақты, қуатты және бәсекеге қабілетті мемлекетке айналады.

 – Әңгімеңізге рақмет! 

Сұхбаттасқан Еркеғали БОЛАТҰЛЫ

Пікірлер (0)

Пікір қосу

Сіздің атыңыз *
Сіздің пікіріңіз *