Мұрағат – өткеннің үнсіз куәгері: Ақмолада саяси қуғын-сүргін құрбандарының тағдыры сақталған
Фотосурет: istockphoto
Мемлекеттік мекемелердің міндетті атрибуттарының бірі - пайдаланушылардың мүддесі үшін құжаттық мұраны сақтауды жүзеге асыратын мұрағаттар.
Көпшіліктің көзқарасында мұрағаттар - жертөлелерде шаң басқан құжаттар үлкен сұр папкаларда сақталатын, іш пыстыратын сөрелер сияқты еслестейді. Бір қарағанда солай сияқты. Алайда мұрағаттық материалға үңілген сәтте ондаған жылдар бұрынғы оқиғалардың еріксіз куәгеріне немесе қатысушысына айналасың. Осындай бөлімшелердің бірі - Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитеті Департаментінің Ақмола облысы бойынша мұрағаты.
Мұрағат қызметкерлерінің басты міндеті — сақтауға берілген құжаттардың тұтастығын қамтамасыз ету және олардың сақталуына кепілдік беру. Департамент мұрағатында адамдардың тағдырлары жазылған бірегей құжаттар сақталады. Бұл құжаттар жаппай сталиндік қуғын-сүргін жылдарында елден қуылып, туған жерлерінен көшіріліп, Қазақстанға жер аударылған азаматтардың тағдырынан сыр шертеді.
Тарихи деректер Қазақстан аумағына басқа халықтардың жаппай қоныс аударуы саяси қуғын-сүргін жылдарында басталғанын айғақтайды. Қоныс аударушылардың алғашқы легі өткен ғасырдың 1929–1930 жылдарына келді. Олар - ұжымдастыру кезеңінде КСРО ХКК мен БОАК-тың «өлкелік/облыстық атқару комитеттері мен автономиялық республикалар үкіметтеріне кулактарды аудандардан көшіру құқығын беру туралы» қаулысының негізінде Қазақстан мен Сібірге жер аударылған ауқатты («кулак» деп аталған) шаруалар еді. Келесі толқын - 1936 жылы КСРО ХКК-нің «поляк ұлтының адамдарын Украин КСР-інен көшіру туралы» қаулысының негізінде жер аударылған поляк азаматтары болды.
Ұлы Отан соғысы жылдарында Қазақстанға Кеңес Одағының әртүрлі өңірлерінен неміс ұлтының өкілдері жаппай қоныс аударды. 1941 жылы КСРО ХКК мен БКП(б) ОК-нің «Еділ бойындағы бұрынғы неміс АКСР-інен, Саратов және Сталинград облыстарынан неміс ұлтының азаматтарын көшіру туралы» қаулысы қабылданып, кейін Мәскеу, Куйбышев, Ростов, Ворошиловград, Сталин, Ленинград облыстарынан,сондай-ақ Краснодар және Орджоникидзе өлкелерінен немістер көшірілді.
Қазақстанда тұрып жатқан немістер де арнайы есепке алынды. Олардың тағдырлары, өзге де көптеген халықтар сияқты, қазақ жерімен тығыз байланысты болды. Қоныс аударудың ең ауқымды кезеңдерінің бірі - 1944 жылғы оқиғалар. КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының Жарлығы негізінде Солтүстік Кавказдан шешендер, ингуштар, қарашайлар, балқарлар, Қырымнан - қырым татарлары, армяндар, болгарлар, гректер; Грузиядан - түріктер, хемшилдер, күрдтер көшірілді.
Мыңдаған адамдар туған жерінен жырақта қалды. Тек Ақмола облысының өзінде 467 арнайы комендатура жұмыс істеп, онда 98 530 қоныс аударушы есепте тұрды. Олардың ішінде 58 964 неміс, 3 780 поляк, Солтүстік Кавказдан 22 824 отбасы, 288 грек отбасы, Молдавиядан 665 отбасы, 7 176 «кулак», 3 776 жер аударылған және ІІХК, БМСБ-ның ерекше кеңесімен сотталған 1057 адам болған. Президент Нұрсұлтан Назарбаев «Жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы» Жарлыққа қол қойған күннен бері 33 жыл өтті. Бұл заңда «саяси қуғын-сүргін» ұғымына нақты анықтама берілген. Ол - мемлекеттік органдар немесе олардың атынан әрекет еткен лауазымды тұлғалардың саяси себептермен жүзеге асырған мәжбүрлеу шаралары: өмірінен немесе бостандығынан айыру, қамауға алу, мәжбүрлі емдеу үшін психиатриялық мекемелерге орналастыру, елден шығару, азаматтықтан айыру, тұрғылықты жерінен шығару - жер аудару немесе көшіру, арнайы қонысқа жіберу, бостандықты шектеу арқылы мәжбүрлі еңбекке тарту, соның ішінде «еңбек армияларында», «НКВД жұмыс колонналарында», сондай-ақ саяси көзқарастары, таптық, әлеуметтік, ұлттық, діни немесе өзге де тиістілік белгілері бойынша соттық, соттан тыс немесе әкімшілік тәртіппен әлеуметтік қауіпті адамдар деп танылған.
Бүгінгі күні ақтау деп сот немесе заңмен белгіленген өзге тәртіпте тұлғаны саяси қуғын-сүргін құрбаны немесе саяси қуғын-сүргіннен зардап шеккен деп тану, оның бұзылған құқықтарын қалпына келтіру, келтірілген моральдық немесе материалдық залалды өтеу түсініледі.
Құрбандар деп бұрынғы КСРО аумағында қудалауға тікелей ұшыраған және қазіргі уақытта Қазақстан азаматтары болып табылатын адамдар танылады, егер оларға кеңестік соттар арқылы қуғын-сүргін қолданылған болса, Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде әрекет еткен армияның әскери трибуналдары айыптаған болса, әскери қызметке шақырылғаннан кейін Қазақстаннан тыс жерлерде қуғын-сүргінге ұшыраған болса, орталық одақтық органдардың шешімдері бойынша қуғын-сүргінге ұшыраған болса, сондай-ақ Қазақстандағы 1986 жылғы 17–18 желтоқсан оқиғаларына қатысқаны үшін қуғын-сүргінге ұшыраған болса деп танылады.
Соңғы жағдайда қасақана ада өлтіргені және милиция қызметкері немесе халық жасақшысының өміріне қол сұққаны үшін сотталғандар ерекшелік болып табылады. Қазіргі уақытта өңірде арнайы қоныста болған адамдарға қатысты барлық материалдар Қазақстан Республикасы Президентінің мұрағатына тапсырылған. Бұл - 38 417 жеке іс. Заң қабылданғаннан бері көп жыл өтсе де, адамдар өздерінің туған-туыстары мен жақындарын ақтау үшін мұрағаттық мәліметтерге жүгінуді жалғастырып келеді.
Біздің қызметкерлер Комитеттің ақпараттық деректер базалары негізінде қажетті мәліметтерді іздеп, мұрағаттық анықтама береді. Бұл анықтама тұлғаны саяси қуғын-сүргін құрбаны немесе одан зардап шеккен деп тануға негіз болады. Ол үшін прокуратураға, облыс мұрағатына өтінішпен жүгініп, мұрағаттық анықтама және жеке басты куәландыратын құжаттарды ұсыну қажет.
Соның негізінде ақтау туралы анықтама беріледі. Арнайы қоныста болған адамдардың балалары үшін заңда бөлек тәртіп қарастырылған. Олар «саяси қуғын-сүргіннен зардап шеккендер» санатына жатады. Бұған ата-анасымен бірге айдауда, арнайы қоныста болған қуғын-сүргін салдарынан 18 жасқа толмаған ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалары болып танылады.
Айта кету керек, 1940 жылдан кейін туған, арнайы есепте тұрмаған, бірақ ата-анасымен бірге арнайы қоныста болған тұлғалар туралы мұрағатта жеке мәліметтер сақталмауы мүмкін. Сондықтан сұрау салу кезінде ата-анасының толық анкеталық деректерін көрсету қажет. Мұрағаттық анықтама солардың атына беріледі және онда олардың балаларымен бірге тұрғаны көрсетіледі. Кейде Департамент архивінде сұралып отырған мәліметтер болмайды.
Мысалы, 1930–35 жылдардағы «жаппай ұжымдастыру» кезеңінде кейбір деректер жойылған. арнайы қоныстанушылардың жеке істері қандай да бір себептермен 1955 жылы жойылған. Сондай-ақ Қиыр Шығыстан қоныс аударған корей ұлты өкілдері туралы мәліметтер толық сақталмаған. Алайда, тиісті заңның 20-бабына сәйкес, құжаттық деректер болмаған жағдайда, туыстарының қуғын-сүргінге байланысты мәжбүрлі қоныс аудару фактісі тұрғылықты жері бойынша сот тәртібімен анықталуы мүмкін.
Тағы бір қиындық туғызатын жағдай — қуғын-сүргінге ұшырағандарға қатысты құжаттардың бәрі біздің мұрағатта сақталмайды. Көкшетау облысы 1997 жылы қайта ұйымдастырылғаннан кейін барлық құжаттар Солтүстік Қазақстан облысы бойынша Департамент мұрағатына берілді. Сондықтан кейбір қуғын-сүргінге ұшырағандар туралы деректер сол жерде қалып қойған. Құжаттарды бөлу мүмкін болмады. Карточкада әрдайым нақты аудан көрсетілмей, тек облыс қана көрсетілген. Осының нәтижесінде, Көкшетау облысында арнайы қоныста болған азаматтарға анықтама алу үшін Петропавл қаласындағы Солтүстік Қазақстан облысы бойынша Департамент мұрағатына жүгіну қажет. Қорытындылай келе, мұрағат – тек құжаттар сақтайтын орын ғана емес, өткеннің сырын ашатын, тарихи әділеттілікті қалпына келтіруге мүмкіндік беретін маңызды мекеме. Мұрағаттық анықтамалар мен құжаттарды беру мемлекеттік қызмет ретінде:
1) Апостиль қойылған мұрағаттық анықтама үшін мемлекеттік баж құжат дайын екені туралы хабарлама алғаннан кейін алынады. 2) Мемлекеттік қызмет көрсетуге өтініштерді қабылдау және нәтижелерін беру жүзеге асырылады: -«электрондық үкімет» веб-порталы арқылы немесе «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамы арқылы.
3) Мемлекеттік қызмет жеке және/немесе заңды тұлғаларға электрондық, ішінара автоматтандырылған және/немесе қағаз нысанда көрсетіледі.
4) «Бір өтініш» қағидаты бойынша көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің құрамына кіретін мемлекеттік қызметтерді көрсету мерзімі 13 жұмыс күнінен аспайды, оның ішінде: мұрағаттық анықтаманы дайындау - 8 жұмыс күні; апостиль қойылған мұрағаттық анықтаманы дайындау - 5 жұмыс күні.
5)Мемлекеттік қызметті алу үшін құжаттар тізбесі: -белгіленген үлгідегі өтініш; -жеке басты куәландыратын құжат; - туыстары туралы ақпарат алу кезінде туыстық дәрежесін растайтын тиісті құжаттар;
-көрсетілетін қызметті алушының мүдделерін үшінші тұлға ұсынған жағдайда нотариалды куәландырылған сенімхат.
Ниталиева Айгүл, ҚР БП Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетінің Ақмола облысы бойынша Департаментінің аға прокуроры, кіші әділет кеңесшісі.
Пікірлер (0)