Олжас Елубаев: Балаларға қатысты мемлекеттік қолдау бір жүйеге біріктірілген

Жаңалықтар
view 25
news

Фотосурет: Еркеғали Болатұлы

2026 жылғы наурызда өткен Қазақстанның жаңа Конституциясын қабылдау жөніндегі референдум елдің әлеуметтік саясатына тың серпін берді. Жаңартылған Ата заңда адам құқығын қорғау күшейтіліп, оның ішінде бала мен отбасы институтына ерекше мән берілді. Бұл өзгерістер қазір қоғамда қызу талқыланып жатыр. Осы орайда біз Ғылым және жоғары білім министрлігі «Ұлттық тестілеу орталығы» шарушалылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорыны мемлекеттік сатып алу бөлімінің басшысы Олжас Елубаевпен әңгімелескен едік, деп жазды JANABASTAU.KZ ақпарат агенттігі.

  Олжас Қилыбайұлы, жаңа Конституциядағы өзгерістердің әлеуметтік саясатқа әсерін қалай бағалайсыз?

Жаңа редакциядағы Конституцияда неке мен отбасы, ана, әке және бала мемлекеттің қорғауында екені нақты әрі күшейтілген түрде көрсетілді. Ал бұл дегеніміз мемлекеттің нақты жауапкершілігін арттыратын норма. Яғни балаға қатысты барлық негізгі құқық әлеуметтік қорғалу, білім алу, денсаулық сақтау және қауіпсіздік енді жүйелі түрде қамтамасыз етілуге тиіс.

Ал балалар құқығын қорғау жүйесінде қандай нақты өзгерістер бар?

Соңғы жылдары бұл бағытта институционалдық өзгерістер байқалады. Мысалы, 2025 жылдан бастап өңірлерде балалардың құқығын қорғауға арналған арнайы басқармалар мен бөлімдер жұмыс істей бастады. Бұл жүйені күшейтті. Сонымен қатар былтыр 51 мыңнан аса жағдайда балалардың құқығын қорғауға байланысты тәуекелдер дер кезінде анықталып, алдын алу шаралары жүргізілген.

2026-2030 жылдарға арналған «Қазақстан балалары» тұжырымдамасының маңызы неде?

Бұл құжат өте маңызды. Ол балаларға қатысты барлық мемлекеттік қолдау шараларын бір жүйеге біріктіреді. Қауіпсіздік, білім беру, денсаулық сақтау және отбасы саясаты сияқты негізгі бағыттарды қамтып, 158 нақты іс-шараны көздейді. Бұрын бұл жұмыстар шашыраңқы жүргізілсе, енді кешенді тәсіл қалыптасып отыр.

Қазір балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында қандай жұмыстар атқарылып жатыр?

Бұл бағытта нақты қадамдар бар. Психологиялық көмек орталықтары дамып келеді, «111» бірыңғай байланыс орталығы жұмыс істеп тұр. Сонымен қатар буллинг пен интернеттегі қауіптерді ерте анықтау шаралары күшейтілді. Балалардың ақпараттық қауіпсіздігіне де ерекше назар аударылып отыр.

– Енді ана мен баланы қолдау бойынша қандай мемлекеттік тетіктерді ерекше атап өтер едіңіз?

Біріншіден, декреттік демалыс пен төлемдер жүйесін атап айтуға болады. Қазіргі заңнамаға сәйкес, әйелдерге 126 күнтізбелік күн демалыс беріледі: 70 күні босануға дейін, 56 күні босанғаннан кейін. Егер медициналық көрсеткіштер болса, бұл мерзім 140 күнге дейін ұзартылады.

Екіншіден, қаржылық қолдау. Мысалы, соңғы 12 айдағы орташа айлық табысы 300 мың теңге болған жағдайда, декреттік төлем шамамен 1 134 000 теңгені қамтиды. Бұдан бөлек, бала туған кездегі біржолғы жәрдемақыны былтыр 338 мың адам алған, оған 61,1 млрд теңге жұмсалған.

Ай сайынғы төлемдер туралы не айтасыз?

Жұмыс істейтін әйелдерге бала 1,5 жасқа толғанға дейін әлеуметтік сақтандыру қорынан ай сайын төлем беріледі. Ал жұмыс істемейтін аналарға мемлекеттік жәрдемақы қарастырылған. Оның мөлшері бала санына байланысты. Мысалы, төрт балаға 69 200 теңге, бес балаға 86 500 теңге, жеті балаға 121 100 теңге төленеді.

Жалпы 2026 жылдың қаңтарында 875,2 мың адам жәрдемақымен қамтылып, 56,5 млрд теңге төленген. Оның ішінде 627,4 мың көпбалалы отбасы 49,2 млрд теңге алған.

Осы орайда ұзақмерзімді бастамалар туралы айтсақ. «Ұлттық қор балаларға» жобасының тиімділігі қандай?

Бұл стратегиялық маңызы бар жоба. Оның аясында Ұлттық қордың инвестициялық табысының 50 пайызы балалардың шотына аударылады. Мысалы, биыл әр балаға 130,71 доллардан түсті. Үш жылда бұл сома шамамен 360 долларға жетті.

Жалпы есеп бойынша, 18 жасқа дейін әр баланың шотында кемінде 3 мың доллар жиналуы мүмкін.

Ал «Келешек» жүйесінің ерекшелігі неде?

Бұл бағдарлама ата-аналарға баланың біліміне алдын ала қаржы жинауға мүмкіндік береді. Жылына кемінде 24 АЕК, яғни шамамен 95 мың теңге салу қажет. Сонымен қатар мемлекет 5% (әлеуметтік осал топтарға 7%) сыйақы қосады.

Ең қызығы бұл жүйедегі қаражатты «Ұлттық қор балаларға» бағдарламасымен біріктіруге болады. Яғни баланың болашағына арналған қаржы бірнеше көзден қалыптасады.

Жалпы алғанда, қазіргі әлеуметтік саясаттың бағытын қалай сипаттар едіңіз?

Бүгінде Қазақстанда әлеуметтік саясат нақты нәтижеге бағытталған. Мемлекет тек жәрдемақы төлеумен шектелмей, жүйелі қолдау тетіктерін қалыптастырып жатыр. 2024-2026 жылдарға арналған бюджеттің шамамен 40 пайызын әлеуметтік салаға бағытта соның айқын дәлелі.

Бастысы, бұл саясат баланың болашағына инвестиция ретінде қарастырылып отыр. Ал бұл өз кезегінде елдің ұзақмерзімді дамуына негіз болады.

– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан Ерік ЕЛЕУСІЗ

Пікірлер (0)

Пікір қосу

Сіздің атыңыз *
Сіздің пікіріңіз *