Елдегі бірлік пен тұрақтылық құндылықтарын сақтауда ҚХА-ның ықпалы зор
Фотосурет: gov.kz
Бірлік пен тұрақтылық – Қазақстанның мемлекеттік саясатындағы стратегиялық маңызды құндылықтар. Ол біртұтас азаматтық идентификацияны қалыптастырып, ішкі әлеуметтік қарым-қатынастарды бейбіт ұстауға, сондай-ақ сыртқы геосаяси қауіптерге қарсы табанды болуға мүмкіндік береді. Қазақстандағы этносаралық келісім, Ассамблея институты, халықтың көпұлттылығы, мемлекеттік тіл мәселесі бәрі – осы құндылықтардың нақты бір көрінісі.
Ұлттық стетистика бюросының соңғы дерегіне сүйенсек, қазір елдегі жалпы халық саны – 20 млн 283 мың 399 адам. Ал жіктеп айтқанда, этникалық құрамда:
қазақтар – 71,3%;
орыстар – 14,6%;
өзбектер – 3,3%.
Ал украиндар, ұйғырлар, немістер және басқа да этностар аз. Бұл көпұлттылық қазақ қоғамының шынайы құрылымын және «Бір ел – түрлі ұлттар» формуласының негізін көрсетеді.
Бүгінде еліміз бойынша шамамен 3 738 діни бірлестік тіркелген, 18 конфессияның өкілдері бар. Бұл да Қазақстандағы діни бейбітшілік пен өзара түсіністіктің маңызды факторы.
Еске сала кетсек, 2021 жылы жүргізілген талдауда халықтың 58,9%-ы этносаралық ахуалды «тыныш», ал 35,2%-ы «өрлеуші» деп бағалаған.
Одан кейін этникалық топтар арасындағы құқықбұзушылықтың жоқтығын (этникалық белгіге байланысты құқықбұзушылық) халықтың 75,6%-ы растаған еді. Тіпті, әлеуметтік сауалнамаға қатысқандардың 85,9%-ы мемлекеттегі этносаралық саясатқа көңілі толатынын айтқан. Осы көрсеткіштің өзі-ақ көпұлтты қоғамдағы этникалық түрлілік пен бірліктің үйлесімді дамуын айқын айғақтап тұр.
Елімізде татулықты ту еткен Қазақстан халқы Ассамблеясы (ҚХА) 1995 жылы құрылған. Ол – этносаралық келісім мен ұлттық бірлікті дамытудағы негізгі институт. Ассамблея құрамында қазір шамамен 621 этномәдени бірлестік жұмыс істеп тұр. Олардың насихаты да аз емес. Мысалы, ел ішінде осы бір ғана ҚХА арқылы 11 тілде газет-журнал, 8 тілде радиохабар, 7 тілде телехабарлар таратылады.
Биыл елдегі бірлік пен келісімнің ұзақ мерзімді институты болған ҚХА өзінің 30 жылдық мерейтойын атап өтті. 30 жылда орасан қызмет атқарған ассамлеяда 2022-2026 жылдарға арналған даму тұжырымдамасы бекітілген.
Бұл құжатта адам құқығының теңдігі, нәсіліне, ұлтына, дініне қарамастан азаматтар құқығының қорғалуы маңызды мақсат ретінде қарастырылған.
Соған сәйкес, мемлекеттік саясат этносаралық қарым-қатынастарды саясиландырмау арқылы келісім мен тұрақтылықты сақтауға бағытталған.
1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күнін біз этносаралық ынтымақ пен бірлікті дәріптейтін ресми мереке ретінде атап өтеміз. Тіпті, ҚХА-ның елдегі бірлік пен тұрақтылықты нығайтуға қосқан үлесі үшін берілетін жоғары марапаты «Бірлік» медалі де бар.
Сонымен қатар Шығыс Қазақстан облысында 1992 жылдан бері Достық үйлері жұмыс істеп тұр. Ол үйлерде этноауыл, «Достық керуені» жобасы, тіл мектептері, ҚХА музейі сияқты бастамалар іске асады. Достық үйлерін күшейтуге мемлекет тарапынан мақсатты қаржы бөлініп тұрады. Ол дегеніміз – этникалық топтар арасындағы мәдени диалог пен азаматтық қарым-қатынасты нығайтуда маңызды рөл атқарады.
Ал Ұлытау облысында «Этноглобус» жобасы басталды. Оның аясында этномәдени фестивальдар, әдеби және тарихи іс-шаралар өткізіледі. Мысалы, «Тукай көктемі» сияқты әдеби байқаулар қазақ, татар, башқұрт және басқа да ұлттардың әдеби мұрасын дәріптейді. Жастар мен мемлекеттік құрылымдардың арасында этностық көрсетілімдерді насихаттау арқылы азаматтық бірегейлікті нығайту көзделген.
Әлеуметтік зерттеулер көрсеткендей, этникалық топтардың көпшілігі Қазақстандағы этносаралық саясатқа сенім білдіреді. Өйткені «Әлеуметтік, ұлттық, рулық, нәсілдік немесе діни алауыздықты қоздыру» бабы бойынша қылмыстық істер саны 2023 жылы 56,4% болған. Демек жүйе жақсы жұмыс істеп тұр. Сондай-ақ 2024 жылдың алғашқы 3 айында осы бап бойынша 27 іс қозғалған. Бұл көрсеткіштер – бірлік пен тұрақтылыққа деген әлеуетті қауіптің бір көрінісі.
Қазір елімізде шамамен 80% тұрғын мемлекеттік тілді түсінеді, бірақ күнделікті өмірде 49,3%-ы ғана қазақша сөйлейді. Бұл ретте қазақ тілінің күнделікті қолданылуының төменгі деңгейі – әлеуметтiк интеграция мен бірегей азаматтық идентификация тұрғысынан маңызды проблема. Сондықтан елде енді тіл үйрету бағдарламалары мен азаматтық білім беру жобаларын кеңейту керек. Мемлекеттік тілді белсенді қолдау тұрақты бірлікті арттыра алады. Этномәдени бірлестіктердің жұмыстарын қолдау да маңызды. Ассамблея және жергілікті мәдени орталықтар арқылы әр этностың мәдени мұрасын дәріптеген жөн. Ал аралас ұлттар арасында диалог, ортақ жобалар мен әлеуметтік бастамаларды ынталандыру демократияны күшейтеді. Қылмыс пен алауыздықты болдырмау үшін құқықтық механизмдерді нығайту керек. Ол үшін этникалық, діни қылмыстарға қарсы күшті мониторинг жүйелерін арттырған дұрыс. Этносаралық қақтығыстардың алдын алу үшін ерте ескерту жүйелерін, мысалы, қоғамдық кеңестерді қолдануға болады. Этносаралық ахуалға халықтың көзқарасын жыл сайынғы немесе көпжылдық сауалнамалар арқылы бақылап отыру да артықтық етпейді. Мерзімді әлеуметтік-экономикалық индикаторларды (әлеуметтік тепе-теңдік, табыс теңсіздігі, этностық қатысудың көрсеткіштері) есепке алып отырсақ, тіпті жақсы.
Пікірлер (0)