Электр қуатының қауқары неге жеткіліксіз?
Редакция таңдауы
194
11 шілде күні Қосшы қаласының әкімі Гайдар Қасенов кезекті аппараттық кеңес өткізді. Мұнда шаһардың ағымдағы түрлі мәселелері талқыланды. Басты тақырып – электрмен жабдықтау ісіне арналды. Ол бойынша Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы Валерий Асамбаев, «АРЭК» АҚ Целиноград аудандық электр желісінің бастығы Ақан Қозыбаев, «КИПЭСТ-К» ЖШС бас директоры Валерий Слободняк сөз сөйлеп, қалыптасқан күрделі жағдайдан шығудың жолдарын қарастырды.
– Өткен сенбіде Үкіметте жиын өтіп, Премьер-Министр бірқатар өзекті мәселелерді көтерді. Оның ішінде білім беру саласына қатысты «жайлы мектептердің» сапасы, балаларды үш ауысыммен оқытуды тоқтату керектігі туралы тапсырма берді» дей келіп, қала басшысы бұл бағытта кейінгі кездері атқарылып жатқан жұмыстар туралы тілге тиек етті.
Қосшы облыстық маңыздағы қала мәртебесіне дейін мұнда 3 мектеп болған. Кейін тұрғындар саны өсуіне байланысты мектеп тапшылығы туындап, балаларды үш ауысыммен оқытуға тура келді. Бұл проблеманы шешу үшін 2022 жылы 1 200 орындық бір жаңа мектеп ашылды. Дәл қазір Қосшыда үш мектеп салынып жатыр, оның екеуінің құрылысы биыл аяқталып, пайдалануға берілуі тиіс. Сондай-ақ «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 2024-2025 жылдар кезеңінде 3 мектеп салу жоспарланған. Бұл білім ошақтарындағы шамадан тыс жүктемені азайтып, үш ауысымдық оқу жүйесін жоюға септігін тигізбекші.
Гайдар Қабдоллаұлы тұрғындардың әлеуметтік-экономикалық өмірімен байланысты басқа да ағымдық мәселелер туралы сөз қозғады. Дегенмен, негізгі түйткіл қалада соңғы кездері жиі сөне беретін электр энергиясымен жабдықтау жөнінде болды. Бұл тұрғындардың үлкен наразылығын тудырып отыр.
– Шалғайдағы ауылдарда жарты күн жарық жоқ болса да, оны көпшілік ел біле бермеуі мүмкін. Ал елорданың дәл іргесінде тұрған, халық саны 100 мыңнан асатын Қосшыда электр қуаты сөніп қалса, жарты сағаттан кейін одан Астана да, республиканың басқа аймақтары да лезде хабардар болып отырады. Сондықтан мұндай келеңсіздіктерге жол бермеу керек. Оған кінәлілер тиісінше жауап беруге міндетті, қажет болып жатса, жаза қолдануға дейін барамыз,– деп шүйлікті әкім.
Бұл мәселе бойынша бірінші болып сөз алған ТҮКШ және ТҮИ басшысы Валерий Асамбаев электр жарығының жиі сөнуін кейінгі жылдары қалада көпқабатты тұрғын үйлердің, жеке баспаналардың, әлеуметтік инфрақұрылым мен коммерциялық нысандардың көптеп салынуымен байланыстырды. Ал қала облыстық маңыздағы мәртебе алғаннан бері құрылыс қарқыны бұрынғыдан үдеп кетті. Аталған нысандарды пайдалануға беретін кезде инженерлік торапқа – сумен жабдықтау, сутарту, жылумен жабдықтау және электрмен жабдықтау желілеріне қосатыны түсінікті. Осыған байланысты тұрғындардың аталған қызметтермен қамтамасыз етіп отырған қандайда бір жүйені кейде ішінара, кейде толықтай тоқтата тұруға тура келеді. Бар кілтипан осы жерден шығады.
– Жаңадан салынған нысанды инженерлік желіге қосу процедурасын қысқаша түсіндіре кетейін. Техникалық шарт бойынша рұқсат алған мердігер иженерлік желіні өз аумағынан магистральдық торапқа дейін тартады. Егер бұл жұмыстар басқа абоненттерді өшірумен байланысты болса, онда мердігер техникалық шарт беруші ұйымға өз өтінішінде құрылыстың қанша уақыт бойы жүргізілетінін көрсетеді. Бұл жағдайда техникалық шартты беруші ұйым шартта көрсетілген талаптардың сақталуына бақылауға, жалпы ол бойынша атқарылатын жұмыс көлемін бағалауға және оған қанша уақыт кетуі мүмкін екенін шамалауға міндетті. Көпшілік қызмет көрсетушілер бұл процедураларды орындамайды. Соның салдарынан инженерлік желіні қосу жұмыстары мердігердің құрылыс жүргізу үшін өтініште көрсетілген уақытынан әлдеқайда асып кетеді,– дейді Валерий Асамбаев.
Сөйтіп, құрылыс жүріп жатқан ауданда біраз уақытқа дейін не жарықтың, не судың өшірілуі мүмкін. Бұл тұрғындардың наразылығын тудырады. Дау-дамай, айқай-шудың бәрі осыдан. Мәселен, 29 маусым күні Сarservic ЖШС өз аумағынан 10 кВ электр бағанын шығарды. Бұл жұмыстарды «КИПЭСТ» ЖШС-нан алған техникалық шартқа сәйкес 3 сағат ішінде аяқтап бітіруге тиіс болатын. Алайда оған табандатқан 7 сағат кеткен. Олай болуы заңды еді де, өйткені АРЭК-тің де, КИПЭСТ-тің де қызметкерлері Сarservic ЖШС-нда ол жұмысты келісілген мерзімінде атқарып шығуы үшін материалдық және адами ресурсы жете ме, жетпей ме тексермеген.
Валерий Анатольевич болашақта мұндай келеңсіздіктер қайталанбасын десек, инженерлік желілерге қосылу үшін берілетін рұқсатқа бақылауды күшейту керектігін айтты. Одан бөлек, жұмыс басына тікелей барып, жаңа нысанның әзірлігін тексеру, құрылысшыдан өтініш берген кезде мамандар мен техника санын көрсетуді талап ету, жұмысты мүмкіндігінше түнгі мерзімде орындау және бір желі бойында орналасқан нысандар бойынша өтініштерді бірге топтастыруды ұсынды.
«АРЭК» АҚ Целиноград аудандық электр желісінің бастығы Ақан Қозыбаев түрлі келеңсіздіктерді болдырмау үшін және халықтың наразылығының алдын алу үшін жөндеу жұмыстары кезінде міндетті түрде «Электр энергиясын пайдалану туралы» ережеге сүйену керек екенін мәлімдеді. Әйтпесе, заңға бағынбаған жерде қызмет көрсетуші тараптан да, тұтынушы тарапынан да, бақылаушы тарапынан да түрлі түсінбеушіліктер туындай беретінін алға тартты.
Даулы мәселе бойынша «КИПЭСТ-К» ЖШС бас директоры Валерий Слободняк да өз ойын білдірді. Оның айтуынша, ВЛ-10кВ бағанын Қосшы қаласы Құрылыс бөлімінің келісімімен мердігер ұйымның «Северная» кіші стансасынан көшіргенде, 29 маусым күні жарық бірінші рет сөндірілген.
– Бізге ешкім ештеңе деп ескерткен жоқ. Біз электр қуаты 14.00-ден 18.00 сағатқа дейін өшірілетіні жөнінде «Қосшы Су» ЖШС тұтынушысының әлеуметтік желісінен кездейсоқ оқып қалдық. Осыдан кейін компания диспетчері бұл хабарландыруды барлық чаттарға таратты. Бұл күні электр энергиясы кешкі сағат 22.00-ге дейін болмады. 1 300 абонент жарықсыз отырды, деді Валерий Слободняк.
Екінші рет №303 желісінде ВЛ-10кВ-да апат болуына байланысты 08.00-ден 18.00 сағатқа дейін жарық сөнген. Оған №69 КТП-да муфтаның жанып кетуі және №70 КТП-да ВЛ-10кВ-ға жекеге тиесілі кабельдің ілініп қалуы себеп болған. Бұл уақытта 600 абонент электр қуатынсыз қалды.
Кезекті жоспарлы сөндіру «Лесная полянада» мектепті инженерлік желіге қосуға байланысты АРЭК-тің рұқсатымен 3 шілде күні 11.00-ден 18.00 сағатқа дейін болды. Ол күні де 1 300 абонент жарықсыз қалды.
Электр энергиясымен жабдықтау ісінде апаттық жағдайлардың жиі орын алуына «КИПЭСТ-К» ЖШС қызмет көрсететін желілерге көлденең қосылушылардың көбейіп кетуі де кесірін аз тигізіп отырған жоқ. Мәселен, аталған желіден қоректендірілетін көше жарығы, бағдаршам, бақылау камерасы, КНС үшін кәсіпорынға ешкім ақша төлемейді. Тек «Қосшы Су» ЖШС-ның тұтынған өнім бойынша «КИПЭСТ-К» ЖШС-тің алдындағы берешегі 3 795 096 теңгеге жеткен. Бір айтарлығы, аталған нысандар үшін электр қуаты әлі де еш төлемсіз пайдаланылып келеді.
Сондай-ақ Құрылыс бөлімінің теңгеріміндегі тозығы жеткен электр жабдықтарына жөндеу жүргізу үшін де қаражат қажет. Бұл желілер 2014 жылы іске қосылған. Ал «КИПЭСТ-К» ЖШС-тің қызмет көрсеткені үшін алатын ақысы жабдықтарды жөндеуге жетпейді. Сондай-ақ электр энергиясы тасымалданатын желі бойында, әйтпесе өндіруші көздерде апат бола қалған жағдайда оны жедел арада жөндеп-жамап тастайтын білікті кадрлардың тапшылығы да Қосшыда жарықтың жиі сөнуіне себеп болып отыр.
Валерий Слободняк электр энергиясы апаттарын азайту үшін РП-3 (тарату пункті) жүктемесін РП-2-ге жіктеу арқылы абоненттерді бөлу қажеттігін айтады. Қазіргі күні жүктеменің артуына байланысты РП-3-те тоқты қабылдау тағайындамасын 10кВ-ға ұлғайту үшін қосымша шаралар жасалған.
Қосшы қаласының әкімі Гайдар Қасенов аппарат мәжілісін түйіндей келе, жоғарыда көтерілген мәселелер бойынша нақты шешімдер қабылданып, айтылған сын-ескертпеден нәтиже шығарылуы тиістілігін ескертті. Сондай-ақ 15 тамызға дейін қаладағы электр энергиясы желісіне толықтай ревизия жасалуы керектігі жөнінде міндет қойды. Аталған жұмыстардың дер кезінде және сапалы орындалуын қадағалау-
ды қос орынбасары – Әсет Мұқанов пен Альмира Ибраеваға тапсырды.
Дәулет АСАУ
«Jańa Bastau» газетінен алынды
Оқи отырыңыз
Редакция таңдауы
Хасан Қасымбаев Сенат депутатының туысы - дереккөз
Редакция таңдауы
«Хуторские» тобы: атышулы Хасан Қасымбаев ұсталды
Редакция таңдауы
Астанада әйелдің басына лифтінің плиткасы құлап, миы шайқалды
Пікірлер (0)