Балалардың бағын ашқан орталық
Редакция таңдауы
147
«Сауран клаб» тек Қосшы емес, Астана қаласының жұртшылығына да белгілі дамыту орталығы. Бір жылдан астам уақытттан бері мұнда мыңдаған шәкірт білімін толықтырып, заманауи үйірмелерден тәлім алып үлгерді.
Орталық басшысы Асылбек Құмаров талай жыл білім ордаларында музыкадан дәріс берген ұстаз. Сондықтан шәкірттің талғамын жақсы біледі. Ол: «Дамыту орталығын ашу тек бір ғана адамның идеясы емес. Мұндай жауапты істе алдымен білікті, білімді мамандарды табу маңызды. Әрбір бала бір тұлға деп қарастырсақ, оның талантын ашып, талабын арттыру жақсы ұстазбен тікелей байланысты дүние. Сондықтан бұл орталығымыздағы мамандармен бірлесе көтерген жауапты жоба десем артық айтпағаным», дейді.
Расымен, бұл жерде халықаралық деңгейде жақсы көрсеткіштерге қол жеткізген, шәкірттері додалардан топ жарған жоғары дәрежелі мамандар жұмыс жасайды. Олардың қатарында Ерлан Назарқұлов, Жұлдыз Байсеңгірова, Айнұр Рақымжанова, Рамида Дарменшиева, Жайлауқан Оқас, Сандуғаш Есекешова, Перизат Тұрарова, Құралай Хамитова секілді ұстаздар бар.
Мемлекеттік спорттық және шығармашылық тапсырысты ілгерілету мақсатында 2023 жылы республика бойынша жергілікті атқарушы органдар 560 мыңнан астам бала мен жасөспірімді спортқа баулу үшін 86,7 млрд теңге бөлді. Бұл қаражаттың бір бөлігін ArtSport бағдарламасы арқылы «Сауран клаб» дамыту орталығы да алып отыр.
«Аталған бағдарламаның артықшылығы көп. Қарапайым отбасының балаларын дамыту, түрлі үйірмелерге қатыстыру, ата-анаға салмақ салмай, мемлекет арқылы қамтамасыз ету көзделген. Қаражатты орынсыз жұмсауға негіз жоқ. Бұл бір жағынан біз секілді кәсіпкерлерге де қолдау, дамуға мүмкіндік», дейді орталық басшысы Асылбек Мұхаметқалиұлы.
2022 жылы 4 жастан 17 жасқа дейінгі 400 мыңнан астам бала мен жасөспірім 13 мың спорт секциялары мен шығармашылық үйірмелеріне тегін қатысуға мүмкіндік алды. Бұл Мәдениет және спорт министрлігінің статистикалық ақпараты. Көрсеткіш жыл өткен сайын артып отыратыны анық. Себебі тиімді бағдарламаға сұраныс көп. «Сауран клаб» мемлекеттік қаражат тарапынан 400 баланы спорттық-шығармашылық үйірмелермен қамтамасыз етіп отыр. Оның ішінде сурет, мүсіндеу, тоқыма, кестелеу, бисермен өру, көркемдеп оқу, халық әні, халық билері, каратэ бар. Әр үйірме бойынша оқу бағдарламасына сәйкес іс-шаралар кешенді түрде ұйымдастырылады. Балалардың жасаған жұмыстары жергілікті, халықаралық, республикалық байқауларға жіберіліп, жүлделі орындармен қуантып жүр.
Орталықтың сурет үйірмесінің жетекшісі – Қазақстанға танымал халықаралық дәрежедегі суретші, Франциядағы Art Mondial академия-
сының мүшесі Ерлан Суанбекұлы өзінің жеке сурет коллекциясы мен балалардың салған суреттерін үлкен көрме етіп, қалың жұртшылыққа ұсынып отыр. «Жаным толған жақсылық» атты шығармашылық шара Астана қаласының Оқушылар сарайында шілде айының соңына дейін өтеді.
«Бұл жыл ішінде атқарылған үлкен еңбектің нәтижесі. Көрмеге келушілер қатары көп. Өйткені мұндағы әр шығарма ғажайып сырға толы, шынайы, алуан күйге бөлейтіндей әсерлі етіп салынған. Көрерменнің назарына көрмеде 300-ге жуық сурет ұсынылып отыр», дейді «Сауран клаб» дамыту орталығының басшысы Асылбек Құмаров.
Заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген кең, жарық студиялар, жаттығу залы баланың мүмкіндігін ашатындай ерекше етіп жасалған. Бала бойындағы шығармашылық, спорттық қабілетті дамыту, оны болашақ мамандығына айналдыру үшін мұндай орталықтардың маңызы зор. Сондықтан жақсы ұстаздан тәлім алған балалардың болашағы жарқын, мақсатттары айқын боларына күмән жоқ.
Гүлназ БИСЕН
«Jańa Bastau» газетінен алынды
Оқи отырыңыз
Редакция таңдауы
Хасан Қасымбаев Сенат депутатының туысы - дереккөз
Редакция таңдауы
«Хуторские» тобы: атышулы Хасан Қасымбаев ұсталды
Редакция таңдауы
Астанада әйелдің басына лифтінің плиткасы құлап, миы шайқалды
Пікірлер (0)