«Генерал» атанған келін
Редакция таңдауы
210
Қосшы қаласының ардақты ардагері Майра Сағадинқызы Жетпісова – сұхбат алаңының кезекті кейіпкері. Ол үлкен әулетте «генерал» атағына ие болған ізетті, ұйымдастырғыш қабілеті зор келін атанған. Ұжымда абыройы асқақ, сыр-сымбаты үйлескен, пайым-парасаты бөлек маман, басшы қызметтерін атқарды. Ал бүгінгі күні елге белгілі «Замандас» ардагер әжелер тобының белсенді мүшесі.
– Майра апа, Қосшыға есіміңіз танымал тұлғасыз. Туған өлке, өмір жолыңыздан сұхбатымызды бастасақ...
–1946 жылы Көкшетау облысында туғанмын. Ресейдің Омбы облысында балалық шағым өтті. Әкем елді аңсап, Көкшетау облысына Қызылту ауданына көшіп келдік. Сол жерде орта білім алып,мектепті аяқтадым. Жоғары білімді осы Астанада алдым. Әу баста медициналық білім аламын деген ой болғанымен, ауылшаруашылығы саласында білім алып, маман болдым. Оқып жүріп, болашақ жолдасыммен таныстым.
1968 жылы оқуды бітірген соң, бізді Павлодар облысы Лебяжье ауданына жолдамамен жұмысқа жіберді. Бес жыл сонда абыроймен қызмет атқардық. Содан кейін үлкен қалада мүмкіндік көп деп ару қала Алматыға жол тарттық. Бірақ көңіл қалағанымен, денсаулығым сыр беріп, ауа-райы жақпай 1974 жылы Целиноградқа қайтып келдік. Қосшының Ауылшаруашылық техникумына мамандар керек деген соң, ат басын осында бұрдық. Басында бір-екі жыл көрейік деп келген едік. Отағасы электротехникадан сабақ берсе, мен экономика, бухгалтерия жағынан дәріс бердім. Бірақ бізге әп сәттен бұл жердің ауа-райы да, халқы да, тіршілігі де қатты ұнады. Қызметіміз де жақсы еді. Жас мамандарды тәрбиелеп, білгенімізді үйреттік. 1982 жылы осы оқу ордасының басшысының орынбасарлығы қызметіне тағайындалдым. 15 жыл аянбай қызмет атқардым.
Әйел баласына басшылық қызмет өте ауыр. Отбасы, ошақ қасы, азаматыңның жағдайын жасауың керек. 1996 жылы бізді қалаға ауыстыратын болды. Сол жылы 15 мұғалім отырған автобус жол апатына ұшырап, біреуі сол жерде жан тапсырды, екіншісі ауыр жағдаймен аурухана түсті. Біз отағасы екеуміз бір ай төсекте жаттық. Содан ол «осы жағдайда екеуімізге бірдеңе болғанда балалардың жағдайы қалай болар еді. Бұлай болмайды. Қалаға қатынап жұмыс жасай алмаймыз. Ауылда болайық», деді.
Мал бақтық, бақша ектік. Қолдан келген тіршіліктен қаймыққан емеспіз. Қыстың күні бораны қатты, суық мекен ғой. Жұмыс жасайтын жеріміз де суық болатын. Уақытылы айлық та болмаған жылдар болды. Бірақ соған қарамастан еңбек еттік. Дәулет, Шынар, Арыстан есімді үш баланы тәрбиелеп, өсірдік.
– Жолдасыңыз туралы айтыңызшы?
– Жолдасым – Мағжан Жұмағалиұлы. Мінезі бөлек азамат еді. Ешкіммен шаруасы жоқ, артық әңгімесі, қыңыр мінезі жоқ бөлек жан болатын. Бір сөзді, нағыз азаматқа лайықты мінезі бар деп айтар едім. Дүниеден өткеніне 13 жыл болыпты. Орны ойсырап қалды. Арқа сүйерім, берік қамалым, ақылшым еді. Балаларымыздың тәрбиесіне аса жауапкершілікпен қарайтын. Оның даралығы, еңбекқорлығы баларымыздың, немерелеріміздің бойында сақталған. Сонысына қуа-
намын, шүкір айтамын.
Адамның дамуы, жетілуі үшін жанындағы азаматыңның жақсы болуы маңызды. Жолдасыммен өмірімнің маңызды шағын осы Қосшыда өткізгеніме қуанамын. Қаншама жақсы жандармен дастарқандас болдық, қиындық пен қуанышты қатар көрдік. Жолдасымның әпкесі, жездесі жазушы болды. Соның арқасында Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсірепов, Бауыржан Момышұлы сияқты танымал тұлғаларды көрдік. Сол ортамен таныстық. Мәдени ой-өрісіміз, білімге деген ынтамыз артты. Елге танымал бола тұра, қарапайым адамдық қасиетті сақтап қалған қазақтың тау тұлғаларын көру, білу үлкен бақыт дер едім. Сөз саптаулары, өздерін ұстауы ерекше болатын. Өзімізге үлгі ретінде қарайтынбыз.
– Балаларыңыздың бірі шетелде тұрады екен? Сол туралы кеңірек айтсаңыз...
– Үлкен ұлым Дәулет заңгер, ағылшын тілінің маманы. Елде шағын кәсіппен айналысып жүр еді. Бірақ карантин кезінде кәсібі тұралап, шығын ақталмады. Сол бәріміз онлайн режимге ауысқанда, балалар да онлайн білім алып жатқанда, осындай шешімге тәуекел етіп, рұқсатымызды алып, ел асып Испания мемлекетіне кеткен еді. Міне, үш жыл болды елге сіңісіп, өз алдына жұмыс жасап жатыр. Бес баласы сол жақта білім алуда. Баламның бір жақсы қасиеті жұмыс талғамайды, қиындыққа төзімді, тез тілтабысқыш. Сол қасиетінің арқасында отбасын асырап отыр. Келінім тәрбиеші болып жұмыс атқарып жүр. Ол жақта қазақтар көп дейді. Қазақты қазақ елден жырақта жүргенде іздейді екен.
– Елден жырақта жүргенде тіл тазалығын сақтап қалу қиын шығар?
– Технологияның дамыған заманында өмір сүріп жатырмыз. Аллаға шүкір, балаларыммен күнделікті телефонмен байланысқа шығып отырамын. Ана тілдеріңді, салт-саналарыңды, ұлттық құндылықтарыңды сақтап қалуға тырысыңдар. Сендер қазақсындар деп күнде айтып отырамын. Оның үстіне анасы да ол жағынан мықты. Келінім Қарқаралының қызы, қазақы тәрбие көрген жан. Немерелерім әзірге қазақша сөйлеп жүр. Тіліміздің тазалығын сақтағанда ғана біз ұлт болып сақталамыз. Тіліміз болмаса жойылып кету қауіпіміз бар. Біз бұл жағдайды ұрпағымызға күнде айтудан жалықпауымыз керек. Әйтпесе «қолымды мезгілінен кеш сермедім» деп, сан соғып қалуымыз мүмкін.
– Ал немерелеріңіздің бірі шетел азаматына тұрмысқа шығамын, сол жақтан келін аламын деп жатса не дейсіз? Келісім бересіз бе?
– Аллаға шүкір, 14 немере сүйдім. Әр қайсысының өзіндік ерекшелігі, мінезі бар. Болашақтары қандай болары бір Аллаға аян. Бірақ біздің әулетте жазылмаған заңдылық бар. Тек қазақ ұлтынан келін алып, күйеуге шығуға рұқсат деген. Сол заңдылықтан аттамайды деген сенімдемін. Ұлт тазалығын, тіл тазалығын сақтап қаламыз деген үмітім басым.
– Қандай келін болдыңыз?
– Мен әке-шешемді жақсы көргеніммен, ата-енемді қадірлеп өткен адаммын. Алты бала тәрбиелеп өсірген әулетке келін болдым. Енем сондай жақсы адам болатын. Ол 1936 жылы атқа мініп, Ресейдегі Қызыл алаңда билеген танымал акробат, биші болған. Шара Жиенқұлова апарған екен. Жас кезінде өте сұлу, қолаң шашты,дара мінезді кісі болған дейді бәрі. Тахауи Ахтановтың «Шырағың сөнбесін» деген романы менің енеме арналған. Бұл шығармаға Екінші дүниежүзілік соғыс жылдарындағы ел басына түскен нәубет арқау болған. Романның бас кейіпкері – Назираның басынан кешкен оқиғалары арқылы сол кезең суреттеледі. Қиындыққа мойымаған, көп қасірет көрсе де нәзік болмысын сақтап қалған қазақ әйелі суреттелген роман тамаша жазылған. Осыдан-ақ біле беріңіз қандай әулетке келін болғанымды. Енеме қалтқысыз, адал қызмет жасағандықтан, сыйластығымнан болар маған «генерал келін» деген ат қойып кетті. Қолымнан келгенше үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсеткен келін болдым деп ойлаймын.
– Шаңырақтың шаттығы неде? Бақытты отбасы болудың құпиясы бар ма?
– Отбасын құру, оны абыроймен сақтап қалу қиын іс. Бала тәрбиелеп отырған жас отбасыларына айтарым бар. Балаға әрдайым әкені жоғары қойып, құрмет көрсету маңызды екенін үнемі айтып, білдіріп, көрсетіп отыру маңызды. Әке қадірлі болған жерде, ана да ардақты. Балалардың алдында зекіп, қатты сөйлемеуге тырысу керек. Мәселені байыппен, салмақпен шешіп үйренген абзал. Әйел ретінде бәрін біліп отырсақ та, отағасының пікірін сұраған жөн. Баланың көз алдында әке асқар тау болып сақталсын. Азаматын қадірлегеннің жаман болғанын көрмедім. Сан ұрпаққа сақталатын тәрбие осы. Шаңырақтың шаттығы, берекесі мен бірлігі әйел адамның мейірімі мен махабатында жатыр.
– Ардагерлердің ардақталу мәселесі қалай бізде?
– Осы мәселе көтерілуі керек. Кезінде еңбек еткен, аянбай қызмет атқарған ардагерлердің көпшілігі еленбей жататыны өкінішті. Тәуелсіздік алып, өз алдымызға дербес мемлекет болғанымызбен қиын-қыстау кезеңде ел дамуына өлшеусіз үлес қосқан азаматтар мерекеде еленіп, олардың еңбегі ұрпақ санасында сақталса дейміз. Әкімшілік тарапынан тіпті қарапайым Қарттар күні ескеріп, табалдырығын аттап, құттықтап бармайды. Осы мәселе ескерілсе екен деймін.
– Қосшы қаласының дамуын қалай бағалайсыз?
– Қаланың бастама дамуы жақсы. Бірақ әлі де ақсап тұрған тұстары көп. Қала статусын енді алып жатырмыз ғой. Әлі де алдыңғы қатардан көрінетін қаланың біріне айналады деген сенім бар. Басшылықта халыққа, елге жаны ашитын адам отырса қаламыз дамиды. Біз мұнда келгенде үш көшесі бар елді мекен еді. Қиын кезеңде өмір сүрдік қой. Қазір дамуы қарқынды қала. Жаңа жұмыс орындары ашылып, экономикалық тұрғыдан белсенділігі артса екен деймін.
– Апа, салиқалы, салмақты сұхбатыңыз үшін рақмет! Жүз жасап алдымызда аман жүре беріңіз!
Гүлназ БИСЕН
«Jańa Bastau» газетінен алынды
Оқи отырыңыз
Редакция таңдауы
Хасан Қасымбаев Сенат депутатының туысы - дереккөз
Редакция таңдауы
«Хуторские» тобы: атышулы Хасан Қасымбаев ұсталды
Редакция таңдауы
Астанада әйелдің басына лифтінің плиткасы құлап, миы шайқалды
Пікірлер (0)