Әлемде инфляция деңгейі өсті
Экономика
364
Әлемде инфляция деңгейінің артуы экономикалық дағдарысты жиілетті. Қазір Еуропада ақшаның құнсызданғаны соншалық, тарихи деңгейдегі өзгерістер болып жатыр. Die Welt басылымы «инфляция Еуропалық Одақтың экономикалық жүйесін күйретті», – дейді.
Өткен аптада Еуропалық Орталық банк соңғы 11 жылда алғаш рет базалық пайыздық мөлшерлемені 0-ден 0,5%-ға көтерген болатын. Осылайша банк еуроаймақтағы 8%-дан асып кеткен рекордты инфляцияны тежеуге қадам жасады. Бұл өзгеріске Украинадағы соғыстан туындаған дағдарыс, Италия үкіметіндегі шиеленіс те кері әсер етіп отыр.
Инфляция деңгейі тек Еуропа емес, әлемнің түкпір-түкпірінде өсті. Халықаралық валюта қоры сарапшыларының пікірінше, бұған сұраныс пен ұсыныс тепе-теңсіздігі, азық-түлік, энергия ресурстарының қымбаттауы ықпал еткен. Сондықтан биыл әлем елдеріндегі инфляция болжамы қайта қарастырылған.
Гипотеза бойынша дамыған елдерде инфляция деңгейі 6,6, ал дамушы елдерде 9,5%-ға жетуі мүмкін. Бұл алдыңғы болжамға қарағанда шамамен 1% жоғары. «Ресей басқыншылығы мен Қытайдағы індетке қарсы шектеулер және әлем елдеріндегі ақша-несие саясатының қатаңдатуынан алдағы айларда дүние жүзі экономикасы құлдырайды» деген пессимистік болжам да бар.
Пікірлер (0)