Ресейден алшақ, Еуроодаққа жақын: көпвекторлы саясат аяқтала ма?

Экономика
view 571
news

Импортқа тәуелділіктен баға тұрақталмаған Қазақстанда отандық өндіріс халық сұранысын қанағаттандыра алмай отыр. Бір жағынан, батыс санкцияларынан кейін құнсызданған Ресей рублі теңгеге тікелей әсер етті. Ендігі кезекте бұл дағдарысты азайту жолында басқа серіктестерге мүдделі Қазақстан Еуроодақпен экономикалық байланысын дамытуға ниет білдіріп отыр. Адам құқықтары, сөз бостандығы деңгейі бойынша «үш қайнаса сорпасы қосылмағанмен», сауда-экономикалық байланыста ресми Астана Еуропа елдерімен бірқатар жобаларды бірлесе жүзеге асырмақ. Осы аптада ұйымдастырылған «Қазақстан-Еуроодақ» диалог платформасында елдің сауда мен экономикада басқа әріптестерге мұқтаж екендігі кезекті мәрте белгілі болды. Жыл басынан бері Қазақстан мен кәрі құрлық елдері арасындағы тауар айналымы 20,1 млрд доллар болған. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 51,2%-ға көп. Шетелдік инвестициялардың елге келуі де біршама артты. Қазіргі уақытта Еуроодақ елдері Қазақстанның тау-кен өнеркәсібіне қызығушылық танытып отыр. Бірақ, Украина ахуалы сөз болғанда Еуропа мен Ресей арасында бейтарап позиция ұстануы қиынға соққан ресми Ақорда үшін көпвекторлықтың салмағы ауырлай түсті. Бүған дейін «Қазақстан Республикасы – Еуропалық Одақ» ынтымақтастық кеңесінің 19-шы отырысында да тараптар бірқатар салада байланыс орнатуды мақсат еткен. Келіссөздерге еуропалық тараптан Францияның сыртқы істер министрі, ЕО Кеңесінің төрайымы Кэтрин Колонна және Қазақстан СІМ Мұхтар Тілеуберді қатысқан. Тараптар жаңартылатын энергия көздері саласындағы өзара тиімді серіктестікті тереңдетуге, атап айтқанда, сирек жер металдары мен «жасыл» сутегін өндіру және өңдеу саласында ынтымақтастық орнатуға мүдделілік танытты. Ресми мәліметтер бойынша, Еуропалық одақ елдері Қазақстанның жалпы тауар айналымы 29 миллиард АҚШ доллары болатын ең ірі сауда серіктесі саналады. Биылғы жылдың төрт айында бұл көрсеткіш 12,6 млрд АҚШ доллары болып, өткен жылмен салыстырғанда 28%-ға артқан. 2021 жылға ЕО елдерінен Қазақстан экономикасына құйылған тікелей шетелдік инвестиция көлемі 10,1 млрд АҚШ долларына жетті, бұл өткен жылмен салыстырғанда 24,3%-ға жоғары. Негізгі инвестиция Нидерланды, Бельгия, Франция, Кипр, Люксембург және Германия елдерінің компанияларынан. Білім және ғылым саласында тараптар Erasmus+ және Horizon Europe академиялық және ғылыми алмасу бағдарламаларын дамыту арқылы қазақстандық жастардың шетелде білім алу пайызын арттыруды да талқылаған. Тараптардың келесі қадамы – ЕО елдеріне баратын Қазақстан азаматтары үшін визалық режимді жеңілдету. Соңғы жылдары тауарларды жеткізу бойынша жаһандық жобалар өзгергендіктен, Қазақстан үшін қосымша бағыттар құру маңызды. Бұл демек, Қазақстанның көліктік-логистикалық әлеуетіне, ЕО-ның «Жаһандық қақпалар» жаңа бағдарламасының «Транскаспий халықаралық көлік маршрутымен» интерфейсіне ерекше назар аударылуы тиіс дегенді білдіреді. Қазақстанның көршілес мемлекеттерден гөрі Еуропамен, Түркиямен серіктестікті нығайтуға деген құлшынысы мен Транскаспий жобасын батыс сарапшылары посткеңестік елдерге Ресей үстемдігінің азаюымен байланыстырады. Ресми Кремль мұны «кеңестік өткенге романтикалық көзқарастың болмауы, Ресейден алшақтауға ұмтылыс» деп бағалаған. Дегенмен, тәуелсіздік алғанда көпвекторлы сыртқы саясат ұстанатынын жария еткен Қазақстан энергетика саласына АҚШ, Еуропа, Қытай мен Ресейден қатар инвестиция тартуын негізгі жетістіктерінің бірі ретінде сипаттайды. Демек, кез келген әлемдік жағдайда бейтарап қалуға «тырысатын» Қазақстан үшін Ресейден алшақтау процесінің кульминациясын болжау қиын.

Пікірлер (0)

Пікір қосу

Сіздің атыңыз *
Сіздің пікіріңіз *