Италия экономикасы қыл үстінде
Экономика
511
Италияның өндірістік қауымдастығының мәліметінше, ел экономикасы құлдырау алдында тұр. Бұған пандемияның қайтадан өршуімен қатар Украина-Ресей байланысының ушығуы да себеп.
Соңғы бір айда инфляция 8%-ға жоғарылаған Италияда мұндай көрсеткіш соңғы рет 1985 жылы болған. Елдегі экономиканың регресті сценарийін жасауға азық-түлік бағасының артуы, кәсіптердің дағдарысы, корпоративтік шығындар сияқты мәселелер тосқауыл болып отыр. Осыған байланысты келесі айдан Еуроодақтың экономикалық өсімі азаймақ.
2011 жылы Италияда экономикалық дағдарыс орын алып, зейнеткерлік жасы 67-ге дейін ұлғайтылған болатын. Соңғы жылдардағы Италиядағы саяси дағдарыстың ең басты себебі, парламенттегі басым орынды ешбір партия немесе альянстың жеңіп алмауы деп санайды сарапшылар. Бұл Италия парламентін қауқарсыздыққа алып келіп, соңында ұзақ жылға созылған саяси дағдарыстар мен экономикалық қиыншылықтарға ұшыратты. Салдарынан Еуроаймақтың үшінші үлкен экономикалық аймағы ауқымды саяси тұрақсыздыққа тап болды.
Жыл бойы осы мәселеге қатысты талқылаулар өтіп, Еурокомиссия Италиядан алғаш рет бюджет жобасын толықтыруды талап еткен. Рим әлеуметтік бағдарламаларға қатысты бюджет көлемін 0,9%-ға ұлғайтуды ұсынғанмен, Брюссель оны кері қайтарды. Себебі екі тарап ұсынысындағы айырмашылық 25 миллиард еуроға жеткен. Қазірдің өзінде Италия жұмыссыздық индексі бойынша ЕО елдері арасында үшінші орында.
Осыдан бірнеше жыл бұрын «PricewaterhouseСoopers» консалтинг тобы «Әлем 2050 жылы» деп аталатын баяндамасында әлем экономикасы жылына орта есеппен үш пайызға: 2032 жылға қарай екі, ал 2050 жылға қарай тағы екі есеге өсетінін болжаған. Оптимистік гипотезаға қарамастан әлемде, әсіресе Еуропа одағында ЖІӨ-нің соңғы жылдағы секірмелі өсімі, баға тұрақсыздығы, жұмыссыздық деңгейі артқан. Экономикалық ахуалдың күрделенуі Қазақстанды да айналып өткен жоқ.
Пікірлер (0)