Әлеуметтік қамсыздандырудың қалы қалай?

Әлеумет
view 2930
news

Бірінші жартыжылдықтың қорытындысы бойынша Қазақстанда 3 млн 558 мың зейнетақы мен жәрдемақы алушы тіркелген. Әлеуметтік қамсыздандыру – елдің дамуы мен халықтың жағдайын тұрақтандыру үшін қызмет етеді. Яғни, халықтың еңбекке жарамсыз бөлігінің қажеттіліктерін қанағаттандыруға және тұрмыс жағдайын  қолдауға негізделген.

Парламентте 7 комитет болса, соның бірі – әлеуметтік комитет. Бюджеттегі ақшаның 50 пайызы соған кетеді. Осыдан-ақ әлеуметтік мәселелердің мемлекет үшін маңызды екенін көреміз. Мұны Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Біз әлеуметтік қамсыздандыру саясатын қайта жүктеуіміз керек. Мемлекеттің басымдығы неғұрлым осал азаматтарды қолдауға бағытталуға тиіс. Бұл ретте мемлекеттік көмекті алу кезінде тиісті талаптарды күшейту қажет. Үкімет пен Ұлттық банк зейнетақы жүйесін одан әрі дамыту тұжырымдамасын әзірлеуде. Оны іс жүзінде іске асыру сапалы заңнамалық қамтамасыз етуді талап ететіні анық, – деген сөзінен де түсіне аламыз. Әлеуметтік қамсыздандыру құқығы Қазақстан Республикасы Конституциясының 28-бабында бекітілген. Бапта «Қазақстан Республикасының азаматы жасына келген, мүгедек болған, асыраушысынан айырылған жағадайда және өзге де заңды негіздерде оған ең төменгі жалақы мен зейнетақы көлемінде, әлеуметтік қамсыздандырылуына кепілдік беріледі», – делінген.

Қоғамда материалдық көмекке мұқтаж жандар көп. Жартысы өзіне тиесілі көмекті алып жүрген болса, қалған бөлігі бұл туралы білмеуі де мүмкін. Мемлекеттік әлеуметтік қамсыздандырудың түрлерін білесіз бе? Оның 5 түруібар: ақша төлемдері (зейнетақы, жәрдемақы, өтемақы, материалдық көмек және т.б.); заттай көмек (дәрі-дәрмек, азық түлік, мүгедектер үшін техникалық көмек құралдары);қызмет көрсету және жеңілдіктер (қарттар және мүгедектердің үй-интернаттарына, балалар үйлеріне орналастыру, үйде әлеуметтік қызмет көрсету және т.б.);мүгедектердің емделуімен, сауығуымен және денсаулығын жақсартумен (стационарда, үйден қатынап емдеу санаторийларда, қарттар және мүгедектер үшін арналған үй-интернаттарда);азаматтардың жекелеген санаттарына көмек көрсетудің біржолғы ақшалай және ақшалай емес түрлері).

Әлеуметтік қамсыздандырудың экономикалық, әлеуметтік, еңбек, сауықтыру, демографиялықфункциясы бар. Экономикалық функциясы –  еңбекке қабілетінен немесе асыраушысынан айырылған және тұрмыс жағдайы нашар тұлғаларға көмек көрсету. Әлеуметтік функциясы – әлеуметтік қорғалмаған, өзгенің жәрдем көрсетуіне мұқтаж азаматтарға қосымша қаржы бөлу жолымен көмек көрсету. Еңбек функциясы – жұмыссыздық алдын алып, көмектесу.  Сауықтыру функциясы – мүгедектер мен халықтың өзге де әлеуметтік тұрғыдан әлсіз топтарынын қолдау, көмек көрсету. Демографиялық функциясы – халық санының көбеюін көтермелеу. Осы аталған функциялардың мемлекеттің дамуы, халықтың өсуі үшін маңызы зор.

Мемлекеттің тұтастығын қамтамасыз ететін қаншама бағандар бар. Соның бірі осы әлеуметтік тұрақтылық. Әлеуметтік қамсыздандыру саласының дамуына кедерге келтіретін бірнеше фактор бар. Әлбетте, алғашқысы – жемқорлық болса, екіншісі – халықтың өзі. 2022 жылдың бірінші жартыжылдығында мү 606 тексеру жүргізілді, оның барысында 2,6 мың бұзушылық анықталып,  497 ұйғарым беріліп, 146 бақылау субъектісіне жалпы сомасы 27,8 млн теңгеге айыппұл салынды. Ақша алу үшін жалған куәлік жасап, жалған анықтама беретіндер көбейген.  Мысалы зейнетақы мен жәрдемақыларды тағайындау кезіндегі негізгі проблемалық мәселеле: азаматтардың зейнетке шығар алдында табысын жоғары етіп көрсетуі, жасына байланысты берілетін зейнетақыны екі рет Қазақстаннан және Ресейден алуы, Қытайдан келген қандастардың еңбек қызметі туралы жалған құжаттарды ұсынуы.Тіпті, мүгедектік туралы жалған құжат жасатып әлеуметтік көмекке жүгінетіндерде бар. Осы мәселелердің шешімі – сырттай куәландыруды іске қосу. Сырттай куәландыруға көшу әкімшілік және бюрократиялық кедергілерді жойып, сараптамалық шешімдердің ашықтығын қамтамасыз етеді.

2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап әлеуметтік қамсыздандыру қызметі түгелдей Цифрлық карта арқылы көрсетіледі. Қазақстанда Цифрлық отбасы картасы қолданысқа еніп жатыр. Демек, азаматтарға тиісті органдарға жүгінусіз проактивті форматта қызмет көрсетіледі.  Бұл туралы ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова «Азаматтардың әлеуметтік статусына қарай мемлекет тарапынан берілетін кепілдендірілген көмек проактивті форматта ұсынылады. Биыл 1 қыркүйектен бастап 5 қызмет бойынша жоба пилоттық режимде іске қосылды. 20 мыңнан астам азаматқа СМС арқылы ақпарат жіберілді. 6 мыңға жуық азаматқа проактивті түрде жәрдемақылар тағайындалды. Ал 1 қазаннан бастап тағы 4 жәрдемақы қосылады. 2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап әлеуметтік қамсыздандыруға қатысты қызметтердің бәрі осы Цифрлық картаарқылы көрсетілетін болады»,деді.

2022 жыл әлеуметтік қамсыздандыру үшін біршама өзгерістер мен жаңалықтарға толы болды. Оның ішінде зейнет жасы мен зейнет ақыға қатысты өзгерістер көп. Мәселен, 2022 жылғы 1 қаңтардан бастап базалық зейнетақы мөлшері 5% – ға, ынтымақты зейнетақы 7%-ға ұлғайды. 2022 жылғы 1 сәуірден бастап зейнетақы мөлшері қосымша 4% индекстелген. Бұл 2021 жылмен салыстырғанда зейнетақылардың 9-11%-ға өсуін қамтамасыз етті.  2023 жылғы 1 қаңтардан бастап 2027 жылға дейін базалық зейнетақының ең төменгі мөлшері ең төменгі күнкөріс деңгейінің 54% – ынан 70% - ына дейін, ал ең жоғары мөлшері 100%-ынан 120%-ына дейін кезең-кезеңімен арттырылатын болады. Республикада 2,2 миллионнан астам зейнеткерлер тұрады.

Әлеуметтік қамсыздандыруды бір жүйеге түсіріп, оны дамыту – ел келешегіне берілетін кепіл. Халықтың тұтастығы мен амандығы, тынышығына мемлекет пен халықтың өзі жауапты. Мемлекеттің міндетті – елде жұмақ орнату болмаса да, халық игілігіне қызмет ету.

                   Әр отбасының мәселесіне жеке үңілу қажет  Динара ЕСІМОВА, Л.Гумилев атындағы ЕҰУ әлеуметтану кафедрасының профессоры

«Аз қамтылған отбасыларды әлеуметтік қолдау мақсатында «Өрлеу» бағдарламасы қолданысқа енгізілген болатын. Аталған бағдарлама халықтың аз қамтылған санатын әлеуметтік қолдауға арналған. Бұл жоба – аз қамтылған отбасыларға шартты ақшалай көмек төлеумен қатар, еңбекке қабілетті отбасының мүшелерін жұмыспен қамтуды мақсат етеді. Отбасының әрбір еңбекке қабілетті мүшесі шартты ақшалай көмек ала отырып, «Жұмыспен қамту – 2020» бағдарламасына қатысады. Кейіннен жұмысқа орналастырылады, бұл өз кезегінде аз қамтылған отбасы құрамынан шығуға негіз болады. Алайда бағдарламаға қатысушыларға қойылатын талаптар өзгертіліп, кейбір отбасылар қатыса алмауда. Көптеген тұрмысы төмен отбасылар бұл бағдарламадан сырт қалып отыр. Яғни, жаңа талаптар бойынша әлеуметтік жәрдемақылар отбасының табысы ретінде есептеледі. Әр отбасының мәселесін жеке қарастыру керек деп ойлаймын. Шәкіртақы, зейнетақы, мүгедектік бойынша төленетін жәрдемақылар, балаға төленетін жәрдемақылар отбасының кірісі болып есептелмеуі керек қой. Балаға жұмсалатын ақша болады. Әр отбасының жағдайын, мәселесін жекеше түрде қарастыру керек. Отбасының бір мүшесі жұмыссыз отырса, оның жұмысқа тұруына, не кәсібін бастауға да уақыт, ынталандыру қажет. Кейбір отбасылар мұндай бағдарламалармен тіпті таныс емес. Отбасыларды аралап, жағдайларымен танысқанымызда кірістен гөрі шығыстың көп екенін аңғардық. Жуықта бір көпбалалы отбасында болдық. Анасы бала күтіміне байланысты жұмыс істемейді, отағасы балаларды қарауға көмектесу үшін жұмысынан уақытша шыққан. Арнаулы білімі жоқ болғандықтан, түрлі кәсіппен айналысқан отағасы соңғы үш айының айлығын ала алмай отыр екен. Осындай әр отбасының ішкі мәселелеріне үңілуі қажет. Себебі, арнайы талаптарға сәйкес келмегендіктен, тұрмыс деңгейі төмен отбасылар ешқандай бағдарламаға ілікпей, жалпы әлеуметтік төлемдерден де қағылғалы отыр. Ең өкініштісі – осы»

Жәрдемақы отбасылық табыс көзі болмауы керек Айсұлу МОЛДАБЕКОВА, әлеуметтанушы

«Әлеуметтік төлемдер төленген кезде «кедейлік қақпаны» деген ұғым бар. Яғни, кейбір азаматтар әлеуметтік жәрдемақы аламын деп осы қақпанға түсіп қалады. Әлеуметтік жәрдемақы бір жағынан халықтың жұмыс істеуіне мотивация бермейді. Осы қаражат күнкөрісіме жетеді деген шектеулер пайда болады. Әлемдік тәжірибеде, әлеуметтік саясатта халықты әлеуметтік төлеммен ұстап отыру дұрыс емес. Дүниежүзінде түрлі тәсілдер бар. Мысалы, АҚШ-та белгілі әлеуметтік топтардан басқасы мемлекетке сенім артпай, өз күнін өзі көреді. Әлеуметтік төлем негізгі күнкөріс көзіне айналмауы керек, ол керісінше мотивация ғана болуы тиіс. Биылдан бастап енгізіліп жатқан әлеуметтік төлемдердің жаңа жүйесіне көшу – сол жұмыстардың алғышарты болып отыр. Көп отбасылар үшін жәрдемақы негізгі күнкөріске айналғаны белгілі жайт. Қазір түрлі жұмыспен қамту бағдарламалары бар. Осы бағдарламалар жүйелі түрде жүзеге асып, жұмыссыздар жұмысқа орналасса, бұл мемлекет дамуы үшін дұрыс қадам болатыны анық. Көпбалалы отбасылардың жағдайына тоқталып көрейік. Отбасында бес бала болса, әке-шешесімен жеті адамға ең төменгі күнкөріс деңгейінің 50 пайызы әр адамға 14 мың теңге құрағанда, жалпы табыс 98 мың теңгеден асса, мемлекет әлеуметтік төлем тағайындамайды. Бір ескертетіні, отбасының жалпы табысына әлеуметтік төлемдер кірмеуі керек. Ауылды жерлерде әлеуметтік төлемдерсіз жалпы отбасының кірісі 98 мың теңгеден асатын көпбалалы отбасылар аз. Ал қалалы жерлерде отбасының табысы 98 мың теңгеден асқанымен, бұл қаражатқа бес баласы бар отбасының күн көруі қиынға соғары анық. Сондықтан бұл санаттағы азаматтар мемлекеттің әлеуметтік төлемдерінен қағылатын болса, онда басқа әлеуметтік жеңілдіктер, балаларын балабақшаға жеңілдікпен қабылдау, оқуға түсуіне жеңілдіктер, отбасылық кәсіп ашуына қолдау сынды ынталандырулар қарастырылғаны жөн. Көпбалалы отбасы кәсіп ашатын болса, салық жағынан жеңілдік болса игі. Яғни, көпбалалы отбасылар көбінесе кедей, әлеуметтік төлем алып қана күнелтеді деген стеоретиптен арылуымыз қажет. Жаңа төлем жүйесі осы механизмдерді жасап алған соң енгізілгені дұрыс болар еді. Жаңа төлем жүйесі бойынша көпбалалы отбасыларға әлеуметтік жәрдем отбасының табысына орай белгіленеді. Бұл мәселе осыдан 3-4 жыл бұрын айтыла бастады. Яғни, егер отбасында ата-ананың біреуі жұмыссыз болса, онда міндетті түрде жұмыспен қамту орталығына баруы қажет. Бұл орталықтарда тіркеліп, арнайы курстардан өтіп, жұмыс табуына болады. Мұндағы мақсат – халықты жәрдемақыға сенім арттырмай, еңбек етуге үгіттеу. Десе де, осы жұмыспен қамту орталықтарының насихатталуы әлі де кемшін түсіп отыр. Халықтың да мемлекеттің әлеуметтік бағдарламаларына қызығушылығы төмен екенін аңғару қиын емес. Бұған бірте-бірте келуіміз керек».

Ел Риза

Пікірлер (0)

Пікір қосу

Сіздің атыңыз *
Сіздің пікіріңіз *