Елге көлемі 1,5 трлн теңгені құраған активтер қайтарылды
Сурет: Ашық дереккөзден
Елімізде «Заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтару туралы» Заң жүйелі түрде жүзеге асып жатыр. Былтыр Парламент бейінді заң қабылдап, оның нормалары толық күшіне енді. Осы шаралардың аралық нәтижелерімен ҚР Бас прокуратурасының Активтерді қайтару жөніндегі комитетінің төрағасы Нұрдәулет Сүйіндіков ОКҚ алаңында бөлісті.
Оның айтуынша 2022 жылдан бері 1,5 трлн теңге көлемінде активтер қайтарылды. Бұл – қылмыстық, азаматтық, әкімшілік істер бойынша мемлекет пайдасына өндірілген сомалар мен мүліктер және мемлекеттік органдардың бақылау, қадағалау қызметі аясындағы өндірулер.
«Ағымдағы жылдан бастап бейінді заңда белгіленген жаңа тетіктер мен қайтару тәсілдерін қолдана бастадық. Бұл жұмысты активтерді заңды айналымға тарту арқылы Қазақстан халқының игілігі үшін еліміздің экономикалық және әлеуметтік тұрғыдан орнықты дамуын қамтамасыз ету жөніндегі заңның қабылдау мақсаттарын қатаң ұстанудамыз. Заңның негізгі қағидаттарының бірі ол – ерікті қайтаруды ынталандыру болып табылады. Ерікті қайтарудың артықшылығы – субъект мүлкінің бір бөлігін өзінде сақтап қала алады. Сонымен қатар азаматтарымыздың әл-ауқатын арттыруға тікелей әсер ететін елге қажетті жобаларды іске асыра алады», – деді спикер.
Ең бастысы қаражаттың Қазақстанда жұмыс істеп, салық елде төленуі және жаңа жұмыс орындарының ашылуы болып табылады. Ерікті түрде қайтару кезінде субъект бірқатар заңда көрсетілген құқықтық мүмкіндіктер мен кепілдіктер алады. Оның ішінде, жауаптылықтан да босатылуы мүмкін.
Комитет жұмыс істеп жатқан адамдардың көпшілігі ынтымақтастық пен ерікті қайтару әрекеттеріне өздері бастама жасауда. Нәтижесінде, бүгінде Арнаулы комиссия жалпы сомасы 450 млрд теңгеге жуық 40-тан астам келісім жасауды мақұлдады. Олар заң субъектілерімен Арнаулы мемлекеттік қорға 300 млрд теңгеден астам ақша аударуды көздейді, оның 170 млрд теңгеге жуығы қор шотына түсті. Жасалған келісімдер бойынша 100 млрд теңгеден астам сомаға активтер мемлекетке заттай түседі. 82 млрд теңгенің мүлігі Қайтарылған активтерді басқару жөніндегі компанияға берілді. Оның ішінде, кәсіпорындардың акциялары, коммерциялық және тұрғын жайлар, еліміздегі және шетелдегі таңдаулы жылжымайтын мүлік, жер учаскелері, сән бұйымдары, зергерлік бұйымдар сынды құнды мүлік бар.
Пікірлер (0)