Еліміз есірткі саудасының тынысын тарылта түсті
Фотосурет: egemen.kz
Бүгінде БҰҰ Есірткі және қылмыс жөніндегі басқармасының есебінде Орталық Азия Ауғанстаннан тасымалданатын героиннің негізгі транзиттік дәлізі ретінде көрсетіледі. Оның ішінде Қазақстан географиялық тұрғыда Ресей мен Еуропаға баратын есірткі жолының қақ ортасында орналасқан, деп хабарлайды JANABASTAU.KZ ақпарат агенттігі.
Дегбірді қашырған дерек
Соңғы жылдары аталған дәлізде героин, метамфетамин, экстази сияқты есірткілер көптеп анықталып жатыр. Соның салдарынан қазір біздің ел есірткі трафигінің транзиттік аймағы ғана емес, ішкі тұтыну жағынан да қауіпті деңгейге жақындап қалған. Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, былтыр Қазақстан бойынша есірткіге байланысты 20 мыңнан аса құқықбұзушылық тіркелген. Оның 5 мыңнан астамы – есірткіні өткізу фактісі.
Ал сарапшылар интернет арқылы «жасырын дүкендер» мен криптовалюта төлемдерінің қылмыстық схемаларды одан әрі күрделендіріп отырғанын айтады. Олардың пайымынша, классикалық апиын, героин немесе гашиштен бөлек, соңғы 5 жылда синтетикалық есірткілердің үлесі 65 пайызға жеткен. Осы синтетикаға қатысты ҰҚК дерегі де жаға ұстатарлық.

2023 жылы Қазақстан аумағында жасырын зертханалардан 1 тоннаға жуық синтетикалық есірткі тәркіленді. Олардың басым бөлігі Алматы, Шымкент және Қарағанды облыстарында орналасқан, - дейді комитет өкілдері.
Есірткімен есіріктенген тұтынушылардың денін жастар қамтиды екен. Ол туралы мәліметті біз Денсаулық сақтау министрлігінің статистикасынан алып отырмыз. Мысалы, нашақорлыққа үйір болғандардың 60 пайызы – 18-25 жас аралығындағы буын. Әсіресе жасөспірімдер есірткі сатушылардың арбауына TikTok, Telegram арналары арқылы тез түседі. Психиатр-наркологтар бұл құбылыстың себебін «жұмыссыздық, өмірлік мақсаттың айқын болмауы және оңай табысқа ұмтылыс» деп түсіндіреді.
Қарсы күрестің қарқыны
Сол себепті қазақ билігі есірткіге қарсы күресте тек қылмыстық жазамен шектелмей, профилактика мен ақпараттық жұмысты да күшейтіп отыр. Мысалы, биыл мектептерге «Есірткісіз болашақ» атты жаңа пәндік модуль енгізілген. Сондай-ақ елімізде наркологиялық орталықтар желісі кеңейтіліп, есірткіге тәуелділіктен арылуға бағытталған тегін бағдарламалар қолжетімді бола түседі.
Қазір құқық қорғау органдарының әдістемелерін жаңартып жатқанына да куә болып отырмыз. Олар цифрлық іздестіру технологияларының көмегімен былтыр 3 мыңнан аса интернет-дүкені қызметінің жолын кесті. Сондай-ақ 58 есірткі тасымалдау желісі жойылды десек, оның 31-і – халықаралық, 27-сі – өңірлік бағыт. Жойылған зертханадан 3 тонна есірткі, 18 тонна препараттар өндірісіне қажетті химиялық прекурсорлар анықталды. Олардың қара нарықтағы бағасы шамамен 36 млрд теңгені қамтиды.
Статистикаға сүйенсек, 2025 жылдың бірінші жартыжылдығында 6,4 тонна есірткі тәркіленген. Жіктеп айтқанда, олар – 570 келі синтетика (2024 жылғыдан 2 есе көп), 2,5 келі героин, 10 тонна марихуана, 572 келі гашиш. Сондай-ақ осы аралықта есірткіге қатысты 8 мыңнан аса қылмыс тіркеліп отыр. Нәтижесінде 63 зертхана жойылып, 7 400 интернет ресурстың жұмысы тоқтатылған. Оның ішінде Telegram-арналардың 28 әкімшісі және есірткі таратумен айналысқан 474 адам қамауға алынды.
Сол есірткі саудасы арқылы заңсыз ақша айналымына құныққан 98 мыңнан аса шот бұғатталды десек, ондағы жалпы сома 4,2 млн долларды қамтиды.
Қосшы қаласында ондай мәселе жоқ
Ақмола облысына арнайы тоқталсақ, биылғы ақпанда ҰҚК ұйымдастырған арнайы іс-шара барысында өңірге есірткі жеткізумен айналысқан арнаның жолы кесіліп, ұсталған 2 адамнан 15 келі гашиш тәркіленді. Жалпы, Ақмола облысында өткен бір айда есірткіге қатысты 24 құқықбұзушылық тіркелген. Сондай-ақ өңір азаматтарына 311 ескерту жасалып, 2 хаттама толтырылды.
Онымен шектелмеген облыстық ПД мамандары «Мен өмірді таңдаймын!» атты ауқымды профилактикалық акция өткізді. Соның аясында ұйымдастырылған спорттық, шығармашылық және құқықтық іс-шараларға 700-ден аса адам (100-ден астамы – жастар) белсене қатысты.
Маусым айында Ақмола облысындағы «Есірткіге қарсы айлық» аясында мектептер мен колледждерде арнаулы дәрістер, кездесулер, түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, нашақорлықтың алдын алуға, саламатты өмір салтын насихаттауға және құқықтық сауаттылықты арттыруға баса назар аударылды.
Ескерте кетсек, өңірдегі бұл есірткіге қарсы күрес – тек статистикалық көрсеткіш емес, халықпен бітеқайнасқан ауқымды жұмыс, профилактика, жұмысшы топтардың бірігуі арқылы көрініс табатын кешенді әрекет. Әсіресе жергілікті тұрғындарды тартқан спорт, акция, дәрістер қоғамда денсаулыққа ден қойған жақсы үрдіс қалыптастырады.
Ал Ақмола облысына қарасты Қосшы қаласы – 2021 жылы қала мәртебесін алған, елорда іргесінде жедел дамып келе жатқан аймақ. Қуаныштысы, бұл жерде есірткіге қатысты еш мәселе жоқ. Жаңа қала басшылығы ондай әлеуетті проблемаларға жол бермеудің барлық механизмін қарастырып қойған.
Пікірлер (0)