Елімізде азық-түліктің 30 түрі қымбаттаған

Жаңалықтар
view 97
news

Фотосурет: Еркеғали Болатұлы

Қазақстанда әлеуметтік маңызы бар өнімдердің тізбесін кеңейту жоспарланып отыр. Бұл туралы вице-премьер – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің төрағалығымен өткен инфляцияны тұрақтандыру жөніндегі кеңесте айтылды, деп хабарлайды JANABASTAU.KZ ақпарат агенттігі Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Сауда және интеграция бірінші вице-министрі Айжан Бижанованың айтуынша, Қазақстанның барлық өңіріндегі азық-түлік инфляциясына жасалған талдау нәтижесінде бағаның өсуіне ең көп үлес қосатын, бірақ әлеуметтік маңызы бар өнімдер тізбесіне енбеген 30 тауар анықталған. Олардың қатарында әртүрлі ет түрлері, жаңа ауланған балық, ысталған суық скумбрия, алма, алмұрт, лимон, шай, ірімшік, банан, қызанақ, қияр және басқа да өнімдер бар.

Олардың ішінде импорт үлесі жоғары тауарлар да, көбіне ай сайынғы инфляцияға әсер ететін өнімдер де бар. Осы тізімнен әлеуметтік маңызы бар тауарлар қатарына қосылуы мүмкін 23 позицияны анықтадық. Енді бұл ұсыныстарды бизнес өкілдерімен талқылаймыз, – деді Айжан Бижанова.

Кәсіпкерлер үшін тізбенің кеңеюі мәмілелердің ашықтығы, келісімшарттарды рәсімдеу, шот-фактура мен фискалдық чектерді беру, сондай-ақ заңнамада белгіленген 15 пайыздан аспайтын сауда үстемесін сақтау сияқты белгілі талаптарды орындауды міндеттейді. Бұл шаралар халық жиі тұтынатын азық-түлік тауарлары айналымының ашықтығын қамтамасыз етуге және соңғы бағаға әсер ететін тиімсіз делдалдарды азайтуға бағытталған.

Кеңес қорытындысы бойынша, Серік Жұманғарин Сауда және интеграция министрлігіне әрбір ұсынылған позицияны бизнес қауымдастығымен, салалық қауымдастықтармен, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасымен талқылауды және импорт құрылымын қосымша талдауды тапсырды. Соңғы шешімдер барлық консультациялар аяқталғаннан кейін ғана қабылданады.

Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары (ӘМПТ) – Қазақстанда бағаны мемлекеттік реттеу енгізілетін, халықтың күнделікті тұтынатын ең қажетті өнімдері. Бұл тауарларға шекті бағалар белгіленіп, инфляцияны тежеу және халықтың қолжетімділігін қамтамасыз ету көзделеді. Мұндай тауарлар азаматтардың белсенді және саламатты өмір сүруі үшін маңызды деп есептеледі. Ал олардың тізбесі Үкімет қаулысымен бекітіледі.

16 қазанда Үкімет дағдарысқа қарсы шараларды қабылдағанын мәлімдеді. Оған сәйкес, ӘМПТ бағасының өсуіне жол бермеу үшін тұрақтандыру қорларының жұмысы күшейтіледі, отандық ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді қаржыландыру көлемі 2 есе артады. Бұл әлеуметтік өнімдердің арзандауына әкеледі деп күтіліп отыр.

Пікірлер (0)

Пікір қосу

Сіздің атыңыз *
Сіздің пікіріңіз *