Елімізде қай қала тұрғындарының жоғары жалақы алатыны анықталды
Фотосурет: автордікі
2025 жылдың үшінші тоқсанында Қазақстандағы ең жоғары жалақы Астанада төленді. Мұнда медианалық мөлшері 280 мың теңгеден асқан, деп хабарлайды JANABASTAU.KZ ақпарат агенттігі.
HeadHunter сарапшыларының зерттеуінше, 2025 жылдың шілде-қыркүйек айлары аралығында еліміздегі медианалық (орташа ұсынылатын) айлық жалақы 268 970 теңгені қамтыған. Бұл – өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 2,9% төмен көрсеткіш.
Сарапшылардың айтуынша, ең жоғары еңбекақы Астанада сақталып отыр. Мұнда медианалық жалақы – 280 013 теңге. Дегенмен бір жыл ішінде ол 6,4% азайған. Екінші орында Алматы қаласы тұр. Онда орташа ұсынылатын жалақы – 274 422 теңге. Өткен жылмен салыстырғанда, 8,3% төмен. Осылайша, екі ірі мегаполисте аздаған төмендеу байқалса да, олар әлі де ең жоғары жалақы деңгейін ұстанып отыр.
Ал қалған аймақтарда көрсеткіш мынадай:
- Қостанайда – 255 431 теңге (+6,3%);
- Павлодарда – 235 807 теңге (+1,6%);
- Көкшетауда – 232 956 теңге (+1,3%);
- Таразда – 217 247 теңге (+0,6%).
Бұл қалаларда еңбекақының біртіндеп артуы жергілікті еңбек нарықтарының жандана бастағанын көрсетеді.
Сонымен қатар бірқатар өңірде, керісінше, төмендеу байқалған:
- Қарағанды (-3,2%);
- Шымкент (-2,0%);
- Семей (-6,4%);
- Өскемен (–8,2%);
- Ақтау (-8,5%);
- Орал (-6,9%).
Ең айқын құлдырау Атырау облысында тіркелді. Онда медианалық жалақы – 193 819 теңге. Бұл – өткен жылмен салыстырғанда, 20,4% төмен көрсеткіш.
Мамандардың пікірінше, 2025 жылдың үшінші тоқсанының қорытындысы бойынша еңбек нарығы ірі қалаларда жалақының аздап түзелуін, ал өңірлік орталықтарда, әсіресе Қостанай, Павлодар және Көкшетауда жалақы теңгерімінің біртіндеп қалыптасып келе жатқанын көрсетіп отыр.
Пікірлер (0)