Елтаңба сыйлаған ерен тұлға

Редакция таңдауы
view 144
news

Қазақстанның мемлекеттік рәміздері егемендік алған сәтте бірден пайда бола кеткен жоқ. Кеңестің атрибуттарынан арылып, тәуелсіз елдің нышандарын жасау үшін терең білімнен басқа, сергек сана мен сезімтал түйсік керек. Одан бөлек, қазақ халқының тарихы мен мәдениетін ашып көрсете алатын ұлттық ерекшеліктерді сомдау оңай шаруа емес. Міне, осы талаптардың үдесінен шығып, елдіктің нышанына айналған мемлекеттік рәміздердің бекітілгеніне биыл 31 жыл толып отыр. Қырық жылдан соң Отанына оралды Мемлекеттік Елтаңбаның авторларының бірі Жандарбек Мәлібеков (екіншісі ШотАман Уәлиханов-авт.) Қызылорда облысының алыстағы Екпінді ауылында 1942 жылдың 24 наурызында теміржолшы отбасында дүние есігін ашты. Болашақ сәулетшінің балалық шағы Екінші дүниежүзілік соғысқа тұспа-тұс келді. Ерте жасынан анасынан айырылып, жалғыз әкесінің қамқорлығында қалған бала Жандарбек 1949 жылы ауылындағы ескі «шпал мектептің» табалдырығын аттады. Бірақ тозығы жеткен оқу үйінің бұзылуына байланысты 4 сыныпта №166 жеті жылдық мектепке ауысады. Бұл білім ошағында Ресейдің эвакуацияланған аймақтарынан келген жетім балалар көп оқитын. Жеті жылдық мектепті 1956 жылы бітіріп, оқуын одан әрі жалғастыру үшін аудан орталығы Жаңақорғанға ауысты. Ауылдан ұзап шығып көрмеген жеткіншектің өмір жолындағы алғашқы сапары осылай басталып еді. Аудан орталығында теміржолшы, малшы, сауыншы қауымының балаларына арналып ашылған интернатқа қабылданады. Мұнда 9 сыныпта оқып жүргенде, Сыр өзені тасып, Жаңақорған мен Төменарық стансалары арасындағы Жайылма, Бөрітескен разъездерін су шайып кетеді. Сол себепті Ж.Мәлібековтің 9-10 сыныптарды Төменарық ауылындағы білім ошағына оқуына тура келді. Мектеп бітірген 1959 жылы Ташкентке оқуға аттанды. Пойызда жолшыбай өзі сияқты өнер-білім қуған бір топ қыз-жігітпен танысады. Сапар барысында жастар әңгіме-дүкен құрып, жақын араласып-құраласып кетеді. Бейтаныс шаһарға жеткенімен, мұнда оны күтіп тұрған ағасы не көкесі жоқ екені о бастан белгілі. Сондықтан ол жаңа таныстарына ілесіп, бір өзбектің үйіне келіп түседі. Сапарлас серігінің ағасына өзінің Сурет училищесіне түскісі келетінін айтады. Өйткені кейіпкеріміздің жастайынан сурет салатын қабілеті зор еді. Екеуі оқу орнына келсе емтихан бітіп, жатақханалардың бөлмелері беріліп қойған екен. Енді не істерін білмей аңтарылып тұрғанда, әлгі жігіт «егер оқуға түскің келсе, біздің политехникалық институтта құрылыс-сәулет факультеті бар, құжатыңды тапсыр» дейді. Сөйтіп, Жандарбек Мәлібеков Ташкент политехникалық институтына қабылданды. Соғыс аяқталғанына біршама уақыт өткенімен, халық шаруашылығы әлі түзеліп кете қоймаған ол замандарда білім алу оңай емес еді. Себебі сол кездің заңы бойынша студенттер күндіз құрылыс алаңдарында жұмыс істеп, тек кешкі жетіден кейін ғана институт партасына отырған. Еңбек пен оқуды қатар ұштастыра жүріп, оқуын да аяқтайды. Диплом алғаннан соң, Алматыға бірден қайтып кетпек болған. Бірақ өзбек билігі оқудан кейін үш жыл сонда жұмыс істеуді шарт етіп қояды. Кейіпкеріміз дәл сол сәтте табандатқан 40 жыл бойы Өзбекстанда тұрақтап қаламын деп ойламаса керек. Осы жылдар ішінде Ж.Мәлібеков талай қызметті абыройлы атқарып, жетістік биіктерінен көрінді. Өзбекстанның Ташкент, Наманган, Нүкіс секілді қалаларының сәулет тұрғысынан дамуына көп үлес қосып, өз қолтаңбасын қалдырды. Бұл еңбектері елеусіз қалмады, Өзбекстанның Еңбек сіңірген сәулетшісі атанды. Елтаңба елдің арманын айшықтайды Қазақстан тәуелсіздік алған тұста, 1991 жылы Мемлекеттік рәміздерге халықаралық байқау жарияланады. Шет жерде жүріп, туған елді әбден сағынған сәулетші өзінің басқа арман-мұраттарының бәрін ысырып тастап, егемен елдің Елтаңбасын сомдауға кіріседі. Сөйтіп, 1992 жылдың 27 наурызында Жоғарғы Кеңестің бәйге материалдарын қабылдайтын бөліміне бұл да өз жобасын тапсырады. Құзырлы комиссия Мемлекеттік Елтаңба байқауына түскен 293 жұмыстың ішінен 6 іріктеп алады. Оның ішінде Ж.Мәлібековтің де еңбегі бар-тын. Әрине, жобаны талқылау оңай болған жоқ, таңертеңнен басталған талқылау тек кешке ғана шешім тапты. Елтаңбаның тең авторы Шот-Аман Уәлиханов екеуі жобаның бастапқы нұсқасына біршама өзгертулер де енгізді, бірақ оның өзіндік идеясы сақталып қалды. Ақыр соңында комиссия мүшелері академик Салық Зимановтың, Сұлтан Сартаевтың, жазушы Әбіш Кекілбаевтың қолдауымен Ж.Мәлібеков жобасы таңдап алынады. Сөйтіп, 1992 жылы 4 маусымда Жоғарғы Кеңес депутаттары 237 дауыспен Елтаңбаның жобасын қабылдады (Мемлекеттік Ту да, Әнұран да сол кезде қабылданған еді – авт.). «Бұл сәттегі қуанышымды сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Менің жетекшілігіммен жасалған нұсқа қабылданды. Енді көп ұзамай Қазақстан азаматтығын аламын. Осында түбегейлі көшіп келіп, қалған өмірімді алаңсыз өз еліме арнаймын деген ой келді», дейді Елтаңба авторы. Елтаңбада талай ұрпаққа кие қара шаңырақ, яки отау үй, ел мен жерді қорғаушы ерге қанат болған тұлпар, тосылғанда жол көрсеткен темірқазық жұлдыз бейнеленген. Қазақы үй – Ұлы даланың рәмізіне айналған сәулет туындысы. Киіз үйдің әр бөлігі ұлт дүниетанымын құрап отыр. Ал қарашаңырақ – әлемдік құндылық пен үйлесімге қосқан қазақтың үлесі. Ол туралы сәулетшінің өзі былай дейді: – Елтаңба идеясының алтын тұғыры – шаңырақ. Неге десеңіз, киiз үй осыдан 2 500 жыл бұрын пайда болды. Сол заманнан Ұлы дала елінде өмір кешкен түркі халықтары өзiнiң тұрмыс-тiршiлiгiн, салт-санасын осы үймен байланыстыра өмір сүрді. Киiз үй – қазақ үшiн баспана ғана емес, үлкен философиялық нысан, терең дүниетанымдық көрсеткiш. Оның iшкi құрылысы, сыртқы көрiнiсi, пропорциясы, оны кеңiстiкке орналастыру әдiсi – терең философияның жемiсi. Бұл тұрғыда киiз үй – шын мәнiнде әлi де толық зерттелмей келе жатқан тақырып. Мысалы, оның кейбiр өлшемдерi жұлдызнамаларға сәйкестендiрiп жасалған деген мағлұмат бар. Тiптi, үйдiң орналастырылуы күннiң шығысы мен батысын айқындап, кiсiге бағыт көрсететiндей тәртiппен жасалады. Расында киіз үй баспана ғана емес, бүкiл қазақ халқының болмыс-бiтiмiн, салт-санасын, дәстүр-дағдысын көрсететiн фактор. Қазақтың «шаңырағың биiк болсын, керегең кең болсын, босағаң берiк болсын» деп тiлек айтатыны – соның белгiсi, – деп ашыла сөйледі Ж.Мәлібеков. Сөйтіп, 6 маусым күні Абай атындағы Опера және балет театрында мемлекеттік рәміздердің тұсаукесері өткізіліп, Ж.Мәлібековке ресми түрде «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасының авторы» деген Президенттің қолы қойылған «Биік мәртебелі куәлік» табысталды. – Мен Алланың бұйырумен ел тарихындағы ең маңызды шара – мемлекеттік рәмізді даярлауға қатыстым. Мемлекеттік белгі немесе таңба – елдің арманы, ойы, философиясы, тұжырымдамасы, қағидаты. Сондықтан Елтаңбаның бірден-бір авторымын дей алмаймын. Оның иесі де, киесі де – халық. Оның демеушісі де, дем берушісі де – халық. Мен – сол халықтың бір баласымын. Ел мүддесін айқындайтын бейнелерді санамда жаңғыртқан Жаратқанға мың алғыс! – деп әңгімесін тыянақтады Жандарбек Мәлібеков. Кейіннен, 2019 жылы кириллица әліпбиін латын графикасына ауыстыру бойынша Елтаңбадағы «ҚАЗАҚСТАН» жазуы QAZAQSTAN-ға өзгертілді, қаріптің жаңа стандарты бекітілді. Ол қаріптің геральдика, көркемдік және қазақы нақыш бойынша рәміздің ажырамас бөлшегіне айналды. Елтаңба стандартының өзгеруіне байланысты ҚР Президентінің штандартының стандарты да қайта әзірленді. Автордың осынау тарихи рәміздің стандарттық үлгісінің жасалу негіздерін, жүйесін баяндайтын «Қазақстан Елтаңбасы» атты кітабы үш тілде жарық көрді. Әсем қалаларда қолтаңбасы бар Жандарбек Мәлібеков қырық жылға жуық Өзбекстан Республикасының ғылыми-инженерлік қала құрылысын жобалау институтында сәулетші, бас сәулетші болып еңбек етті. Қазақстан және Өзбекстан Сәулетшілер одағының мүшесі, Өзбекстанның еңбек сіңірген сәулетшісі. 1982 жылы Қарақалпақстанның астанасы Нүкіс қаласының орталығын абаттандыруға байланысты Кеңес Одағы бойынша өткізілген байқауда бірінші орын алған. 1985-1990 жылдары Кеңес Одағы бойынша өткізілген бірнеше сәулет өнері байқауларының жеңімпазы. Самарқанд, Әндіжан, Ферғана, Ташкент қалаларының орталықтарын безендіру мақсатында өткізілген байқауда жеке авторлық еңбегі үшін І және ІІ дәрежелі сыйлыққа ие болған. Ташкенттегі метроны салу құрылысына қатысып, ІІ дәрежелі сыйлықтың иегері атанған. Ташкенттегі Қазақстанның төрт қабатты елшілік ғимаратының және Қырғыз Республикасы елшілігі ғимаратының жобасын сызған. Ташкентте Төле бидің басына орнатылған мешіт жобасын жасаған. Ал елордаға көшіп келгеннен кейін оның сызбасы бойынша «Нұр Астана» мешіті салынды. Сондай-ақ сәулетшінің жобасы бойынша «Алатау» спорт кешені, «Егемен Қазақстан» газетінің ғимараты, Еуразия ұлттық университетінің оқу корпусы, қаланың бірқатар шағынаудандарындағы тұрғын үйлер бой көтерді. Қазір Қытайда, Батыс Еуропада біраз жобалары жүзеге асырылып жатыр. Яғни, ол өзінің дарынды сәулетші екенін өмір бойы паш етіп келеді. Әрине, көпшілік сәулетшілердің еңбегін көбіне байқай бермейтіні бар. Жандарбек ағаны да халық тек Елтаңба авторы ретінде ғана таниды. Бірақ әріден толғасақ, Орталық Азиядағы, беріден айтсақ, Қазақстанның әдемі қалаларының бірі – Астананың сәулетінде қолының таңбасы қалған тұлға. Сәулетші ретінде қала құрылысының қазаққа таңсық бағыттарында да еңбек сіңірген. Оған Ташкент метросы құрылысына қатысуы дәлел болса керек. Бүгінде сексеннің сеңгіріне шыққан сәулетшінің еңбегін елі бағалап келеді. Ол ел дамуына сіңірген еңбегі үшін «Құрмет» орденімен, «I дәрежелі «Барыс» орденімен, «Тәуелсіздікке 10 жыл» медалімен марапатталды. Қазір Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры, ақсақалдар алқасының мүшесі.

Дәулет АСАУ

Пікірлер (0)

Пікір қосу

Сіздің атыңыз *
Сіздің пікіріңіз *