Гүлнұр дәлелханқызы: «Еңбек сіңбей өнерден орын алу мүмкін емес»

Редакция таңдауы
view 152
news

Би - сұлулық пен сезімді қатар суреттей алатын дара өнер. Бірнеше дәуірлік даму кезеңінен өткен өнердің бұл түрі бүгінгі күні өзіндік қолтаңбасы, өзіндік бағыты бар кәсіби бишілер мен ансамбльдерді қалыптастырды. Сұхбат алаңындағы бүгінгі кейіпкеріміз де сахна төрінде бірнеше жыл мың бұрала билеп, көрермен көзайымына айналған, ендігі бағытын шәкірт тәрбилеуге арнаған ұстаз, Қосшы қаласының Мәдениет үйінің хореографы Гүлнұр ДӘЛЕЛХАНҚЫЗЫ. – Өнер атты алып әлемге қалай келдіңіз? Киелі сахна төрінде өнер көрсету құрметіне қашан бөлендіңіз? – Аты әйгілі “Гүлдер” ансамблінің бишісімін. Қазіргі таңда Қосшы қаласының мәдениет үйінде жетекшілікпен қызметімді жалғастырып келемін. Өнер – менің өмірімнің өзегі. Өнерсіз өзімді елестете алмаймын, тіпті. Шығармашылықпен айналысу – менің жанымның шипасы, дәруі десем артық айтпағаным болар еді. Сахнаға қатысы бар кішкентай іс-шараның өзіне үлкен дүние деп қараймын, үлкен жауапкершілікпен, жан-дүниемді салып атқарамын. Кейде жоқтан бар жасауға тырысып, тырмысып жатқанымды көргенде айналамдағылардан «Неге сонша жаныңды салып жүрсің? Саған керек пе сол?» дегендерін жиі естіп қаламын. Сол кезде мен өнерге, сахнаға бар ынтамды беріп жұмыс жасамасам, менің мұнда қажеттілігім қанша, еңбек сіңбей өнерден орын алу мүмкін бе деп қараймын. Ал өнерге келуіме себепкер болған анам деп айтсам, артық айтпағаным болар еді. Ата-анам өнер саласынан емес, дегенмен өнерге үлкен құрметпен қарайтын жандар. Алланың берген талантын байқап, анам барынша қолдап, мені жетектеп сахнаға дайындады. Көп ұзамай өзім талпынып, іздене бастадым. Сахна, музыка, костюм, оның қойылымы барлығын ой елегінен өткізіп,қиялға ерік беріп, үлген дүние жасауға талпынатынмын. Ұмытпасам, бесінші сыныптан бастап мектептің концерттерін қалт жібермей, өнерге титтей болсын үлесімді қоса бастадым. Сахнаның киесі бар, ол рас. Ол сонысымен биік, сонысымен әсерлі, сонысымен қасиетті. Сахна – төл өнерімізді көрерменге жеткізу алаңы. Әдемі көңіл-күй, атмосфера сыйлайды, рухани дамуымызға көмектеседі. Сонысымен сахна маған ұнайды, шабыт береді. Сондықтан әр сахнаға шыққанда аса дайындықпен шығамын, ыждағаттылықпен дайындаламын. Сахна арқылы, мәдениетіміз арқылы басқа ұлттардан ерекшелігіміз айқындалады. Біздің ұлттық өнеріміз ерекше ғой, мысал ретінде әшекей бұйымымызды алып қарасақ, барлық ұлт көргенде қатты қызыға қарайды. Домбыраның үнін сүйсініп тыңдайтын ел қаншама. Сондықтан біз мәдениетімізді дамытуымыз керек. Мен өз тарапымнан үлесімді қосуға барымды саламын. – Осы саланы, мамандықты меңгеруде ұстазыңыз кім? – Би әлеміндегі алғашқы ұстазым – Әділхан Демегенұлы. Ол Талдықорған қаласындағы І.Жансүгіров атындағы мәдениет үйінде “Алтын дән” ансамблінің жетекшісі болып қызмет етті. Сол кісінің себепкерлігімен үлкен сахнаға аяқ бастым. Кейін оқуымды бітірген соң «Гүлдер» ансамбліне жұмысқа орналастым. Қазақстан бойынша ауқымы үлкен жобаларға, Тұңғыш Президентіміздің қатысуымен өтетін үлкен концертте ылғи біздің ансамбль шақырылатын. Себебі Қазақстан бойынша эстрадалық би ансамблі тек «Гүлдер» ансамблі еді. Сол себепті біздің ұшым тізімнің ылғи басынан табылатын. – Үлкен ұжыммен жұмыс жасаған екенсіз. Есте қалар керемет естеліктеріңіз де бар шығар? – Мен үшін ерекше оқиғаның бірімен бөлісе кетсем. Алғаш ансамбльге жұмысқа орналасқандағы бірінші гостролім Астанада Н. Назарбаевтың 70 жасына арналған мерейтойы болатын. Үлкен сахнада еліміздің бетке ұстар жұлдыздары өнер көрсетті. Әр елден келген президенттер, елшілер сияқты мықты тұлғалар қонақ болды. Сол мерейтойдың тортына қажетті жабыдығын екі қыз алып шығу керек екен. Соған жауапты кісі ансамбльдің қыздарына қарап шығып, Айман деген әріптесім екеумізді шақырды. Тортты апаратын даяшы жігіттер тортты құлатып ала жаздап, біз ептілігіміздің арқасында қорқынышты басып, келеңсіздікті болдырмай, әдемі алып шыққанымыз әлі есімде. – Өнер саласы қыз баласы үшін ауыр деп жатады. Киелі сахнада талай жылдан бері қызмет ету сізге қиын болмады ма? – Өнер жолы нәзік жандылар үшін қатты қиын деп айта алмаймын. Дегенмен ауыр әшекей тастармен әрленген бірнеше костюмдерді гас- трольде көтеріп жүру оңай емес, бірақ оған да үйренеді екенсің. Көмекші сұрай алмайсың, себебі отыз бишінің қасына отыз көмекші қарастырылмаған. Кім біледі, болашақта ол жағдайға да жетерміз. Біздің ансамбльдің костюмдері көлемді, салмақты болады, содан гастрольде 5-6 костюм алып шығамыз, соның салмағы жиырма келіден асатындай ауыр болатын. Ал өнеріңді отбасың, жақындарың түсініп, қабылдаған болса, ауыртпашылығы жоқ деп білемін. – Бидің қай түрі жаныңызға жақын? Болашақта дамытуды мақсат еткен би түрлері бар ма? – Ұлттық би жаныма жақын. Ол рухыңды оятып, тамаша серпіліс, шабыт сыйлайды маған. Ал жалпы, бидің барлық стилі ұнайды. Өзімді дамыту мақсатында барлық би түрінен мастер класстарға көп қатысамын, әлі де үйренерім көп деп білемін. – Нарықтық заманда нәпақасын табу үшін тойда өнер көрсететін бишілер көп. Осы тұрғыда не дейсіз? – Қазір бишілер тойда өнер көрсетіп, нәпақасын тойдан да табатыны рас. Бишілердің жалақысы көп емес, сондықтан тойға шыққандарына таңғалудың қажеті жоқ. Оның үстіне тойдың көркі ән мен би. Ұлттық өнер үлкен ортада дәріптеліп жатқаны жақсы деп қараймын. – Бос уақытыңызда айналысатын хоббиіңіз? – Бос уақытымда кітап оқығанды ұнатамын, табиғат аясында, таза ауамен тыныстап серуендеймін. Қала ішіндегі саябақтарды, мүмкіндік болса қаладан тыс тауы бар демалыс орындарына барғанды жақсы көремін. Жақындарыммен жыл сайын тауға барамыз. Бұл кәдімгі үрдіс болып қалыптасып қалды қазір. Таудың таза ауасы бөлек қой. Сондай-ақ жанға жайлы, ырғағы жақсы музыка тыңдаған ұнайды. – Шәкірттеріңіздің жеткен жетістіктерін айта отырсаңыз? – Мен 2010 жылдан бастап шәкірттеріме сабақ бере бастадым. Алдымен мектептерде, кейін оқушылар сарайында еңбек еттім. Қандай байқауға қатыссақ та жүлделі орынмен оралып жүрміз. Бір байқағаным, әр хореографқа өзіне ұқсас шәкірттер жиналады екен. Қазір мысалы, Қосшы мәдениет үйіндегі шәкірттерімнен кішкентай кезімдегі өзімді көремін. «Самғау» ансамблі осы биылғы жылдың басында құрылды. Сол аз уақыт ішінде үлкен сахналарға шығып, еліміздің жұлдыздарымен бір сахнада өнер көрсетті. Осы саланың маманы ретінде айтарым, биге машықтанушы алдымен хореографияның негізін үйрену керек, содан кейін ғана сахнаға шығуына болады. «Самғау» ансамблі – ерте сахнаға шығып кеткен жас ұжым. Сонысымен мен өз шәкірттерімді мақтан тұтамын. – Бишілер үшін арнайы ұстанатын диета түрі бола ма? Дене бітіміңізді қалай бір қалыпта ұстайсыз? – Бишілер көкөніс, жеміс-жидектерді көбірек жегені дұрыс, өйткені бізде физикалық тұрғыда көп қозғалыс болады, энергия жұмсалады. Оның орнын дәруменді, ағзаға пайдалы, сымбатты бұзбайтын жемістермен толықтырып тұрған абзал. Менің ұстанымым – осы. Арнайы диетам жоқ. – Ашық әңгіме, сырлы сұхбатыңыз үшін рақмет! Шығармашылық табыс тілеймін!

Сұхбаттасқан Гүлназ БИСЕН

Пікірлер (0)

Пікір қосу

Сіздің атыңыз *
Сіздің пікіріңіз *