Ералы Тоғжанов: Қосшы қаласы өте қарқынды дамып келеді
Редакция таңдауы
259
Осы аптада Үкімет басшысының орынбасары Ералы Тоғжанов Қосшы қаласына арнайы келіп, халықтың тұрмыс-тіршілігімен, әлеуметтік нысандардың жай-күйімен танысып қайтты. Вице-премьер жалпы қаланың дамуына оң бағасын беріп, жергілікті атқарушы органға бірқатар мәселеге назар аударылуы керектігін айтты.
Мектеп мәселесі – үкімет назарында
Жұмыс сапары аясында Премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов Ақмола облысының Қосшы қаласында болып, әлеуметтік инфрақұрылыммен танысты. Вице-премьердің өзі атап өткендей, 2019 жылдың сәуір айындағы сапар қорытындысы бойынша Мемлекет басшысы Қосшы қаласын одан әрі дамыту, оның ішінде үш ауысымды мектептер мәселесін шешу жөнінде нақты тапсырмалар берген. Қазіргі уақытта қала халқының саны шамамен 65 мың адамды құрайды. Қосшы – расында да, облыстық маңызы бар қарқынды дамып келе жатқан қалалардың бірі. Бұл ретте халықтың жыл сайынғы өсуі әлеуметтік инфрақұрылымға айтарлықтай жүктеме түсіреді. Осыған байланысты Үкімет пен өңірлік билік қалалықтардың өмір сүру сапасын жақсарту бойынша жүйелі шаралар қабылдап жатыр. Қалада жобалық қуаты 3,7 мың орындық үш мектеп жұмыс істейді. Бірақ оларда 6,8 мың оқушы оқиды. Оқушы орындарының тапшылығы 3,1 мың орынды құрайды. Үш ауысымды оқытуды жою үшін 3 мектептің құрылысы жүргізілуде. 1 қыркүйекте жаңа мектеп өз есігін айқара ашады. Бұл оқушы орындарының тапшылығын 77% төмендетуге мүмкіндік береді. «Қосшы қаласының мектептерінде үш ауысымды оқыту мәселесі 2023 жылдың 1 қыркүйегіне дейін толық шешіледі», - деп жоспарланған. Ералы Тоғжанов салынып жатқан мектептер оқушы орындарының тапшылығына байланысты мәселелерді шешу бойынша өте маңызды әлеуметтік-білім беру функциясын атқаратынын атап өтті. «Мемлекет басшысы оқу орындарында жайлы жағдай жасауды тапсырды. Оны іске асыру үшін Үкімет үш ауысымда оқытатын мектептерде екі ауысымдық оқыту форматына көшу мәселелерін шешуде. Жыл соңына дейін Қосшы қаласында мәселе өз шешімін табады», – деді Е.Тоғжанов. Сапарды қорытындылай келе, вице премьер: «Қосшы қаласы соңғы жылдары өте қарқынды дамып келе жатыр. Өйткені, ол шаһар Нұр-Сұлтан қаласының жанында орналасқан. Өз емханасы да бой көтерді. Үш ауысымды оқуды тоқтату мақсатында жайлы мектептердің құрылыстары жүргізіліп жатыр. Биыл 1 қыркүйектен бастап жаңа ІТ мектеп-лицейі жұмысын бастайды. Тағы бір мектептің құрылысы жылдың аяғына дейін аяқталады деген жоспар бар», – деді.Қосшыдағы заманға сай емхана
Сондай-ақ вице-премьердің сөзінше, жаңа қала тарихындағы бір ауысымда 100 адам қабылдайтын бірінші заманауи қалалық емхана да болады. Ол 2022 жылдың үшінші тоқсанында пайдалануға берілмек. Оның ашылуын қала тұрғындары асыға күтуде. Емхана заманауи медициналық және зертханалық жабдықтармен жабдықталған және дәрігерлермен, медбикелермен қамтамасыз етілген. Одан кейін вице-премьер полиция бөлімінің жаңа ғимаратындағы қауіпсіздік және құқық тәртібін қорғауды мониторингілеу жүйесімен танысты. Жаңа полиция корпусы барлық қажетті жабдықтармен, соның ішінде бақылау және тәртіптің сақталуын бақылау мониторларымен жабдықталған. Сапар қорытындысы бойынша Ералы Тоғжанов Ақмола облысының әкімдігіне Оқу-ағарту және Денсаулық сақтау министрліктерімен бірлесіп, мектеп пен емхананы педагогикалық және медициналық персоналдармен толықтыруды аяқтауды, сондай-ақ білім беру және денсаулық сақтау объектілерін қажетті жабдықтармен және мүкәмалмен толық жарақтандыруды қамтамасыз етуді тапсырды. Вице-премьер осы сапар барысында жергілікті билік пен бизнес өкілдеріне біраз тапсырмалар берген. Ең бірінші, халықтың өмірін жайландыру, халыққа барынша жақсы жағдай жасау. «Ең алдымен, Нұр-Сұлтан қаласымен көлік қатынасын дұрыс ұйымдастыру міндеті маңызды. Құрылысы жүріп жатқан мектептердің уақытында аяқталуын, сапалы мектептердің болуын, Президентіміз айтқандай жайлы мектептердің салынуын қамтамасыз ету керек. Сонымен қатар жолдардың жөнделуіне де назар аударылған абзал. Қосшы қаласында жаңа емхана пайдаға берілді. Сол секілді басқа да құрылыстардың барлығы басталған мерзімнен бастап уақытында аяқталуы және сапалы жұмыстың жүргізілуі толық бақылауға алынуы тиіс», – деп түйді сөзін Ералы Тоғжанов.Нұрән Әділет
Оқи отырыңыз
Редакция таңдауы
Хасан Қасымбаев Сенат депутатының туысы - дереккөз
Редакция таңдауы
«Хуторские» тобы: атышулы Хасан Қасымбаев ұсталды
Пікірлер (0)