ЕРІКТІДЕ ЕРЛІКТІҢ ҮЛГІСІ БАР

Редакция таңдауы
view 414
news

Қазақтың қанында бар қасиет ұрпақтың жадынан ешқашан өшпейді. Қолда барымен бөлісу, өзгеге көмектесу де адамгершіліктің көрінісі. Жалпы, ұлттың бұл ұлы қасиеті халықтың көне ертегі - аңыздарында кеңінен дәріптелген. Дегенмен ол кезде волонтер, ерікті деген нақты атаулары болмаса да жесірін жылатпай, қарт адамға жәрдемдесуді сауапты іс деуден бұрын міндет деп білген. Асар дәстүрі де бабалар жолы десек, қателеспейміз. Мұндай игі істің үлгісін Қосшылық жастарда көрсетіп келеді. Еріктілер қоғамда жасаған жақсылықтары үшін өтемақы немесе материалдық қажеттілік талап етпейтін, көмектесуді парыз деп санайтын жандар. Олар ел алғысын арқалап ел игілігі жолында елеулі істерді атқарып келеді. Жалпы, еріктілер деген кім, олар немен айналысады, не үшін мұндай жақсылықтарға барады? Қосшыда волонтерлік мәдениетті қалыптастыру мақсатында қандай жобалар қолға алынған? Бұл сұрақтарға жауап іздеу мақсатында Қосшы қалалық «Жастар ресурстық орталығының» волонтерлік бөлімінің маманы Мұнар Жикеновпен сұхбаттасқан болатынбыз. – Ерікті дегеніміз кім? Кез келген жас волонтер бола алады ма? Ол үшін адамның бойында қандай қасиеттер болуы керек? – Жалпы ерікті сөзінің қатып қалған анықтамасы жоқ. Деседе өзімнің ойымдағы түсінікпен бөлісейін. Еріктілік дегеніміз – адамның өз еркімен ақысыз көмек көрсетуі. Көп елдерде еріктілік жұмыс қатарына қосылады, өйткені волонтер өзінің уақытын бөліп, білімін іске асыра отырып тегін жұмыс жасайды. Еріктілікпен ұйымдар арқылы, ынталы топтар немесе жеке де айналысуға болады. Волонтерлік қызметтің аясы өте кең: әлеуметтік, спорттық, шаралық, экологиялық, медициналық және тағы басқа түрлері бар. Жастар еріктіліктің тұлғалық қалыптасудағы рөлін түсіне бастаған сайын, Қазақстанда да еріктіліктің қатары қарқынды дамып жатыр. Еліміздің әр қаласында қарттар, жетімдер, әлеуметтік осал топ отбасыларына, апат құрбандарына және өзге де жәрдемді қажет ететін қоғам мүшелеріне көмек көрсететін жастар ұйымдарының саны жыл сайын артып келеді. Біздің Қосшы қаламыздада еріктілікпен айнасылуға ниет білдірген жастардың саны артуда. Жақсылық жасау, жығылғанға сүйеу, жылағанға тіреу болу – кез келген адамның қолынан келетін іс. Тіпті бұл қазақ халқының өмір заңдылығы мен күнделікті тұрмыс-тіршілігіне сіңіп кеткен. - Қосшыда ерікті жастардың белсенділігі артып жатыр ма? - Расында, қазір Қосшыда еріктілер қатарына қосылып жатқан жастар көп. Бүгінде қаламызда еріктілер саны 100-ден асады. Олардың жас ерекшелігіне тоқталатын болсам, 14-29 жас аралығында. Дегенмен басым бөлігі мектеп оқушылары. Жасының кіші болғанына қарамастан, қайырымдылықпен айналысып, көмек көрсетуге дайын екендері баршамызды қуантып отыр. -Халқымыз «Көп түкірсе – көл» дейді. Сауапты істің үлкен-кішісі болмайды. Бірақ, ірілі-ұсақты көптеген шаруаның көптің көмегімен бітетіні тағы бар. Бүгінге дейін қалада еріктілердің көмегімен қандай игі істер атқарылды? Жақсылықты жария етпе деп айтып те жатады. Дегенмен біз өзгеде жастарға үлгі болсын деген ниетте, атқарылған жұмысымызды әлеуметтік желідегі орталықтың ресми парақшасында жариялап тұрамыз. Сонымен қатар, жалғызбасты қарт ата-апаларымыздың үйіне барып, қар күреу, үйін жинау секілді жұмысты атқарамыз. «Жақсылық жасап жарысайық» — деген ұранмен мүгедектігі бар балаларға барып сыйлықтар таратып, көңілдерін көтердік. Сонымен қатар, аз қамтылған отбасыларды азық-түлікпен, жалғыз қалған қарттарға қол көмек көрсетілді. - Еріктілер қатарына қосылу үшін жастар қайда жүгінуі қажет? - Бірінші кезекте, "Жастар ресурстық орталығына" келіп өтініш тастайды. Біз ол азамат туралы ақпаратты алып, оны еріктілер тобына қосамыз. Біздің әлеуметтік желіде арнайы тобымызда бар. Барлық іс-шара туралы сонда ақылдасамыз. Сонымен қатар, орталықта жиналып жоспар құрамыз. - Алдағы жұмыс жоспарымен бөлісе аласыз ба? - Біздің жоспарымыз көп. Алдағы уақытта, жас еріктілермен түрлі акция ұйымдастырамыз деп көздеп отырмыз. Әзірге, ол құпия болып қала берсін. - Қосшылық еріктілер өзге өңірдің волонтерлерімен кездесіп тұра ма? Қосшылық волонтерлар өзге қаланың еріктілерімен тәжірибе алмасады. Бүгінде біз арнайы "zoom" платформасы арқылы түрлі конференцияларға қатысып та жүрміз. Алдағы уақытта арнайы семинарларға қатысамыз деп мақсат қойдық. Ал жастардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру мақсатында аптасына бір рет кино кешін ұйымдастырамыз. Онда міндетті түрде отандық, және әлем киноларын көрсетеміз. Бастысы фильмнің негізгі мақсаты- жастарды қайырымдылыққа, ерікті болуға, өзгеге көмек беруге шақырады. – Волонтерлар істеген жұмысына ақы сұрамайды. Дегенмен қалада оларға қандайда бір жеңілдік қарастырылған ба? – Еріктілер істеген іс-әрекетіне ақы сұрамайтыны рас. Себебі олар атқарып жатқан жұмыс өзінің еркінен тыс болмауы қажет деп ойлаймын. Көрсеткен көмегі оның әшкі ниетімен сәйкес болу керек-ақ. Ерікті болу, басында айтып өткеніміздей, сізге ешқандай материалдық қажеттілік бермейді. Бірақ сіз оның орнына алғыс аласыз, жақсылыққа кенелесіз. Бұл сіздің адамгершілгіңіздің белгісі. Дегенмен ерікті болу арқылы сіз үлкен тәжірибе жинақтайсыз. Деседе біз оларды ынталандыру үшін, волонтерлік мәдениетті Қосшы қаласында қалыптастыру үшін оларды алғыс хатпен марапаттап, олардың әрекеті ел болашағы үшін жасалған дүние екенін еске салып отырамыз. – Сұхбатыңызға рақмет!  

ЕРІКТІЛЕР ЕЛЕУЛІ ІСТЕ ТАНЫТҚАН ЕРІК-ЖІГЕР

Дүниежүзілік статистикаға сүйенсек, бүгінде еріктілер дүние жүзінде кең таралып, әлемдік қозғалысқа,яғни белсенді топқа айналып келеді. Бүгінде әлем бойынша 1 миллиардқа жуық адам ерікті болып саналады. Ал, Қазақстанда бұл көрсеткіш 16 мыңнан асады. Айта кетсек, әлемдік ішкі өнімнің 2,5 пайызы – Еріктілер еңбегінің нәтижесі болып саналады екен. Әсіресе, волонтерлік қызмет АҚШ-та кең тараған. Бұл елде «жақсылық жасау» идеясы балаға мектеп жасынан бастап айтылады екен. Нәтижесінде еріктілікпен айналысу әрбір АҚШ азаматы үшін басты қасиеттердің бірі болып саналады. Ал жұмысқа орналасқысы келген жастардың түйіндемесінде волонтерлікпен айналысқандығы туралы мәлімет тұрса, ол – үлкен мүмкіндік.Тағы бір айта кететін жайт, әлем елдерінің жастары әркез «бір жылдық үзіліс» үрдісін өткізетін көрінеді. Бұл үрдіс өткен ғасырдың 70 жылдарынан бері үзілмей келе жатыр. Яғни жас түлектер жоғары оқу орнына бармас бұрын, бір жыл уақытын тәжірибе жинауға, өмірден өзін іздеуге арнайды. Сондай-ақ өз елінде немесе шет елде еріктілікпен айналысса болады. Бұл дамыған елдердің қай-қайсысы болсын, жақсылық жасауды басты орынға қойғанынан хабар береді. Қосшылық ерікті жастар волонтерлік қызметте шетелдік тәжірибені қолдануды қолға алған. Яғни, шаһардағы ерікті жастардың басым бөлігі мектеп оқушылары. Болашақта олар, оқуға түсіп, жұмысқа орналасқанда ерікті болғаны туралы ақпарат, оған қосымша мүмкіндік береді. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев: «ҚР Президенті ретінде мен әрқашан волонтерлардың қозғалысын қолдайтынымды жеткіземін. Еріктілер – жаны таза адамдар. Олар – елдің шынайы патриоты, сол үшін де құрметім шексіз. Белсенді азаматтық ұстанымдарыңыз мемлекеттің дамуына айтарлықтай септігін тигізетіні сөзсіз», – деген еді. Қосшылық жастар бүгінде жаңа форматтағы іс-шара ұйымдастыруды да қолға алуда. Мәселен, Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына орай көркемсөз оқу шеберлерінің байқауы және де түрлі жарыстар мен оқыту шаралары да өткізілген. Алдағы уақытта, Қосшы қаласының Жастар ресурстық орталығы қаламыздағы қарттар мен мүгедектігі бар азаматтарды қолдау бойынша қайырымдылық іс-шараларын жүйелі түрде өткізуді жоспарлап отыр. Жуырда Қосшылық ерікті жастар тағы бір қайырымдылық акциясына қатысқан болатын. Бұл туралы толығырақ орталықтың бас маманы Мөлдір Маратқызынан сұрап білдік. "Қарттар мен мүгедек азаматтарға көмек акциясы барысында қаламыздың тұрғыны Қайрат ағамыздың үйіне барып , халін сұрап ізгі ниетімізді білдіріп қайттық. Алдағы уақытта "Жастар ресурстық орталығы" директорының бастамасымен мұндай қайырымдылық іс-шараларын жиі ұйымдастырып тұрамыз деген сенімдеміз. Расында, қаламызда еріктілер жұмысы енді қарқын алып келеді. Бүгінге дейін еріктілермен бірге көптеген акциялар өткізілді. Алдағы уақытта да атқаратын жұмыс көп. Енді, жас еріктілермен бірге қарттарымызға көмек ретінде аула қарларын тазалап, көмірлерін кіргізіп береміз деп жоспарлап отырмыз. Бұл жастар тарапынан үлкенге көрсетілген құрмет деп білеміз",- дейді "Жастар ресурстық орталығының" бас маманы Мөлдір Дюсембаева. Қысы қатал, қары мол қаладағы жастар сын сағатта қолы қысқа адамдарды қамқорлықтарына алып жүргендері қуантады. Олар жал­ғызілікті жандардың аулаларын қардан тазалап, азық-түліктерін уақтылы жеткізіп беріп отырса, көктем туғалы су тасқыны болуы мүмкін аймақтарда бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып жұмыс істеп жүр. Сөзіміз дәлелді болуы үшін еріктілердің көптеген зейнеткерлерге, 20-ға жуық көпбалалы отбасына, он шақты жалғызбасты анаға нақты қамқорлық көрсеткенін ерекше айта кетуге болады. Жақсы ісі үлгі, өміршең өнеге болып сабақталған, ел ішінен екшелген еріктілер жыл басынан бері ұзын-ырғасы мыңнан астам адамды қамтитын отызға жуық ірілі-ұсақты шара өткізді. Барлық шараның мақсаты бір арнада тоғысып жатыр. Ол ең алдымен туған жердің төсінде әлдебір жағдаймен ешкімнің кемдік көріп, қатардан қалмауы. Жан жүректері жабырқап, жалғызсырамауы. Бірлесе атқарған көп жұмыс бірліктің туын биіктетті, жалынды жастарды жалпақ елге сүйікті етті. Әсіресе «Біз біргеміз», «Сүйікті ісіңмен айналыс» тәрізді акциялардың шарапаты көп болды. Қосшыдағы ерікті жастар қарға адым жер мұң болып қалған шақта қариялардың ас-суына да қарайласты. Әлеуметтік желі арқылы ел еңсесін көтеру үшін инабатты, иманды шаруаларды насихаттауға да тізе қосып кірісті. Осынау шаралардың нәтижесі ел ішінде желдей есіп, халықтың рухын көтеріп, тез тарап отырды. Оның да жақсы жағы бар. Яғни, халықтың бірлесуіне, ауызбіршіліктің артуына ықпалы тимек. "Біздің қалада да арнайы еріктілер клубы жұмыс жасайды. Оның бірі «28 петель» клубы деп аталады. Бүгінде клуб мүшелері тоқыма бұйымдарын жасап, дайын өнімді қайырымдылық бағытта ерекше күтімді қажет ететін балаларға үлестіреді. Соынмен қатар, қарттарға көмек қолын созады. Сенбілік жұмыстары да назардан тыс қалмаған. Жалпы, Қосшыда қайырымдылық жүйелі түрде ұйымдастырылып отырады. Біз ерікті жастар араснда арнайы мәдени - спорттық шараларды өткіземіз деп жоспарлап отырмыз",- деп алдағы жұмыс жоспарымен бөлісті Мөлдір Маратқызы. Ерікті болу – ерлікпен тең. Қазақ адамгершілікке арналған үш сауап бар дейді. Шөлге құдық қазған бір сауап, өзенге көпір салған бір сауап, жолға ағаш еккен бір сауап. Бұл сауаптардың сапына елге көмектесу яғни, еріктілікті қосу қазіргі заман талабы деп білеміз. Қайырымды іске себепкер болып ерікті түрде елдің игілігі үшін еңбек ету сіздің де қолыңыздан келеді. Тек ниетіңіз болса жеткілікті.  

Өнер мен білім – жастықтың қару жарағы

Соңғы жылдары елімізді жастарға көптеп көңіл бөлу, оларды жан-жақты қолдау істері ерекше қарқын алды. Өткен «Жастар жылы» аясында республика бойынша 300-ден астам іс-шара жүзеге асқаны белгілі. Сондай-ақ, бұл шаралармен 2 миллионнан астам жас қамтылды. Иә, «Жастар жылы» жастар саясаты төңірегінде жүйелі шараларды әзірлеп, қарқынды жұмыс атқаруға серпін берді. Сонымен бірге жастарды жұмыспен, үймен қамтамасыз ету жұмыстарымен бірге, жас отбасыларға қолдау көрсету, сапалы білім мәселесі де күн тәртібінен түскен емес. Мемлекет басшысы Қасым - Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына жолдауында да жастарды қолдау мәселесіне тоқталып өткен болатын. «Жастарға жан-жақты қолдау көрсету – мемлекетіміздің басты міндетінің бірі. Еңбекпен қамтитын түрлі шаралар арқылы келесі жылы 100 мың жасқа жұмыс беруіміз керек. Жастардың кәсіпкерлік бастамаларына қолдау көрсетіле бермек. Оларға жеңілдетілген тәртіппен жылдық өсімі 2,5 пайыз болатын шағын несие беріледі. Бұл шаралар қоғамның барынша үйлесімді әрі әділетті болуына ықпал етеді» - деді Президент Қасым-Жомарт Тоқаев. Иә, мемлекет те, қоғам да белсенді жастарға көптеген мүмкіндіктер беріп жатқаны анық. Сондай-ақ сүйікті ісін кәсіпке айналдырамын деген жандарға да мемлекет біршама мүмкіндіктер қарастырған. Бүгінде Қосшыда өз кәсібін бастап, оны әрі қарай дамытып отырған жастар жетерлік. Жастарды қолдау шарасы жаңаша бағытта іске асып келеді. Осы тұста Қосшыдағы жастарға көрсетілген қолдау шаралары туралы ақпарат алу үшін Рақымжан Қошқарбаев атындағы №1 жалпы орта білім беру мектебі дене шынықтыру пәнінің ұстазы Амантаев Мухаммед Жетпісұлын әңгімене тарттық. Жас маманның сөзінше қалада жастарды қолдауға арналған мемлекеттік бағдарлама өз нәтижесін беруде. Шаһарда жастар саясаты басты назарға алынған,- дейді ол. Сондай-ақ, жастарды спортқа, өнерге баулу шаралары да назардан тыс қалмапты. 22 жастағы ұстаздың сөзінше, ол 2020 жылы Көкшетау қаласында оқу бітіріп, Қосшы қаласына келіп ұстаздық қызмет етуде. Айтуынша, шаһарда білімі бар жастарға жұмысқа орналасу қиынға соқпайды. Мұхаммед аталған білім ордасында 2007- 2016 жылдары білім алған. Бүгінде дәл осы мектептегі бүлдіршіндерге дене шынықтыру сабағынан дәріс беріп, білгенімен бөлісіп жүр. «Мен таңертең мектепке барып, жоспарға сай сабағымды өтемін. Бүгінде мен 2 және 3 сынып оқушыларына дене шынықтыру пәні бойынша сабақ беріп жүрмін. Әзірге, сынып жетекшілікті қолға алмадым. Себебі ол үлкен жауапкешілікті, тәжірибені талап етеді.Сабақ барысында әр баланың дене дайындығы әртүрлі екенін байқаймын. Сәйкесінше, денсаулық, психологиялық жағынан қарағанда да кейбір оқушылар әлсіздеу болады. Ұстаз ретінде мен мұның барлығын ескеремін. Қазіргі таңда 21-ғасыр ақпараттық технологиялар заманы. Балалардың басым бөлігі смартфон ұстап, компьютерде уақытын өткізуге үйреніп қалған. Сондықтан спорттық шарада әлсіздік танытып жатады. Менің мақсатым, оқушыларды спортқа барынша тарту, қызығушылығын арттырып, спортпен айналысуды әдетке айналдырса деген ниетім бар. Меніңше ұлдар спортпен айналысса ер мінезді қалыптастырады»-деді жас ұстаз Мұхаммед Жетпісұлы. Қуантарлығы, жас маман ұстаздық қызметінен бөлек, Қосшы қаласында «Арыстан» аралас жекпе-жек клубының бапкері болыпта жұмыс істейді. Бүгінде Мұхаммедтің шәкірттері бокс, кикбоксинг, ушу-саньда, панкратион, ММА, Nomad MMA секілді спорт түрлерінен жарыстарға шығып өнер көрсетіп жүр. Спорттағы жетістіктері де аз емес. «Мәселен, Серік Ниет есімді шәкіртім , ушу-саньда спорт түрінен Қазақстан Республикасының «Спорт шебері», Базар Айтбай Қазақстан Республикасының «Спорт шеберіне үміткер». Махсұт Темірлан есімді шәкіртім болса, «Nomad MMA» спорт түрінен Әлем Чемпионатының финалисті, Азия Чемпионатының қола жүлдегері, Қазақстан Республикасының Чемпионы. Осы секілді бірқатар жетістікке жеткен спортшыларымыз көп. Бірінші кезекте, жастарға дұрыс бағыт - бағдарды көрсетіп, оларды тура жолдан тайдырмай, тәлім-тәрбие беріп жатқан ісім өмірдегі ең үлкен жетістігім деп білемін. Әрине, Қосшы қаласында жастарға спортпен айналысуға, білім алуға, жұмыспен қамтуға арналған көптеген бағдарламалар іске асып келеді. Оның шарапатын да көріп жүргендердің саны артып жатқаны мені қуантады»,-деді спортшы әрі жас ұстаз Мұхаммед Амантаев. Расында, Қосшы қаласында жастарды өнерге баулу мақсатында көптеген мәдени шараларда өтуде. Тіпті қала жастары облыстық байқауларға қатысып топ жарып жүр. Мәселен, біздің кейіпкеріміз Мұхаммед Ақмола облысында өткен «Жігіт сұлтаны» облыстық байқауының жеңімпазы атанған. Қосшы қаласының намысын қорғаған жас ұстаз, «Жігітке жеті өнерде аз»,- деген қанатты сөзді дәлелдеп бергендей болды. Еске салсақ, Ақмола облысында Қазақстан Республикасы Қарулы күштерінің 30 жылдығы, Қазақ ханы Кенесары Қасымұлының 220 жылдығына, Ұлы қолбасшы Қабанбай батырдың 330 жылдығына арналған «Жігіт сұлтаны» облыстық байқауы өткен болатын. Бұл байқауда Қосшы қаласының намысын Рақымжан Қошқарбаев атындағы №1 жалпы орта білім беретін мектебінің ұстазы Амантаев Мұхаммед Жетпісұлы қорғап шықты. ««Жігіт сұлтаны» байқауына жалпы 9 үміткер қатысты. Олардың арасында ең жасы мен болдым. Бұл жарыс екі кезеңнен тұрды. Бірі спорттық екіншісі шығармашылық сайыс. Спорттық дода барысында: Жамбы ату(аттың үстінен садақ ату) - Аударыспақ(аттың үстінен бір-бірін жығу) - Қазақша күрес - Қол күресі - Гір тасын көтеру (24 келіден екеуін) секілді сыннан сүрінбей өтуге тырыстық. Ал шығармашылық кезеңде: -Таныстыру -Өз өнерін көрсету сайыстарына қатысып, жүзден жүйрік атануға тырыстым. Облыстың түпкір-түпкірінен жиналған жігіттердің бәрі жеңімпаз болуға лайықты болды. Бірақ қаламыздың намысын қорғау үшін, мен барымды салдым. Осылайша байқауда бас жүлдені қанжығаға байладым»,- деді «Жігіттің сұлтаны» Мұхаммед Жетпісұлы.  

ТАЛАПТЫ ЖАСТАРҒА ҚОЛДАУ БАР

Жастар – ел дамуының, болашағының стратегиялық ресурсы, бүгіні мен ертеңінің қозғаушы күші. Иә, «Жас келсе іске» демекші жастардың дамуы бірінші кезекте елдің дамуына өлшеусіз үлес қосатыны сөзсіз. Мемлекет басшысы Қасым Жомарт Тоқаев жастарды дамыту үшін оларды бірінші кезекте жұмыспен қамтып,қолайлы жағдай жасау қажеттігін айтып тапсырма берді. Ел болашағы саналар жастардың қатарларынан қалмай жұмысқа тұрып, жағдайларын түзеп алуы үшін шарапаты тиетін талай жобалар жүзеге асырылуда. Ертеңгі күні ел тұтқасын ұстайтын жастардың заман ағымына сай сапалы білімді, қоғамның қай саласында болсын жан-жақты болуы маңызды. Қосшы қаласындағы жауапты мамандардың аталған маңызды мiндеттерді абыроймен атқаруға күш жүргеніне тағы бір мәрте көз жеткіздік. Ресми мәліметке сүйенсек, Қосшыда «Алғашқы жұмыс орны» жобасы бойынша 2 жасқа жұмысқа жолдама берілген. Ал, «Ұрпақтар келісімшарты» жобасы бойынша 1 азамат тұрақты жұмыс орнына орналасып отыр. Бұдан бөлек, «Жастар практикасын» ұйымдастыру және қаржыландыру қағидалары шеңберінде 28 адам аталған мемлекеттік бағдарламаға қатысып, 17 жас екі қолға бір күрек тапқан. Бұл сала бойынша Қосшыда бекітілген жоспар артығымен орындалып отыр. Сондай-ақ, бүгінгі таңда жастарды қолдау және дамыту іс — шараларымен бірге жастар саясаты саласындағы өкілетті орган тарапынан 2021 — 2025 жылдарға арналған Қазақстан Республикасындағы жастарды қолдау кешенді жоспарын жүзеге асыру жалғасып келеді. Елімізде жастар мәселесінің оңтайлы шешілуіне ықпал ету үшін Президент жанындағы жастар саясаты жөніндегі кеңестің жаңа құрамы да бекітілген. Жастарға арналған бағдарлама әрқашан керек-ақ. Себебі, оң-солын енді ғана танып келе жатқан жасөспірімдердің өзге ағымға кіріп кетпей, не болмаса уақыттарын бос өткізіп алуы өзі үшін де, қоғам үшін де қауіпті. Осыған орай, Қосшы қаласында жастардың саясатқа, елдің экономикалық-әлеуметтік жағдайына қызығушылығын арттыру, ойлау қабілеті мен шешен сөйлеуге дағдыландыру аясында бірқатар жоба қолға алынған. Ел президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы «Жастарға қатысты келесі мәселе – жұмыспен қамту. Бұл, әсіресе өңірлерде аса өзекті. Біз жұмыссыз жастарға жол сілтеп, бағыт-бағдар беруіміз керек. Олардың тұрақты кәсіп табуына көмектесуіміз қажет. Қазір жұмыспен қамтуға бағытталған бірнеше бағдарлама бар. Бірақ жастардың көбі сол шаралар туралы білмейді. Мемлекет ұсынып отырған түрлі қолдау жұмыстарынан хабарсыз. Бұл мәселе тек жалаң үгіт-насихатпен шешілмейді. Үкімет пен әкімдер жастарды жұмыспен қамту мәселесімен арнайы айналысып, күнделікті назарда ұстауы қажет» деген болатын. Деседе Қосшыда бұл бағыттағы жұмыс қарқын алған. Жастарға арналған бағдарлама туралы ақпаратты насихаттау шарасы жүйелі түрде жүргізіледі. Жалпы, жастар саясаты бағдарламасының мақсаты мен міндеті қандай? Ол қандай қағидаттарға сүйеніп іске асады? 2015 жылы қабылданған заңда жастардың толыққанды рухани, мәдени дамуы мемлекеттік жастар саясатының негізгі мақсаты болып табылатыны айтылған. Сонымен қатар олардың білім алуы мен кәсіби біліктілігінің артуы, шешім қабылдау процесіне атсалысуы, физикалық тұрғыдан дамуына да басымдық берілген. Ал жастар саясатының басты міндетіне жас азаматтардың құқығының қорғалуы, заңды мүддесінің жоғары тұруы жатады. Сондай-ақ, жастардың Қазақстандағы әлеуметтік-экономикалық, қоғамдық-саяси жағдайларға атсалысу, жастарды азаматтық сезімге тәрбиелеп, отанға, елге деген патриотизм сезімін нығайтуға бағытталған. Жастар саясаты мәдени, адамгершілік және рухани құндылықтар, азамат бойындағы еңбексүйгіштік, жауапкершілік, азаматтық қасиеттер секілді қағидаттарға сүйенеді. Сондай-ақ, жастар саясатының басым қағидаттарына конфессияаралық келісім және этносаралық толеранттылық, ұрпақ сабақтастығы, отбасыдағы тәрбие кіреді. Сонымен бірге, мемлекет тарапынан жасалынып жатқан жобалар мен мүмкіндіктерді жастарға толыққанды жеткізу тетіктері де қарастырылған. Оның ішінде мемлекеттік ақпараттық саясатты жүргізу, қаланың тыныс-тіршілігі туралы ақпараттар жариялау, баспасөз брифингтерін өткізу, баспасөз-турын ұйымдастыру және мотивациялық түсіндірме бенероликтер, үгіт-насихат билбордтары, ақпараттық үндеулер және т.б шаралары бар. Қазіргі жастар креативті, жан-жақты, өзіндік пікір білдіре алады. Қосшы қаласындағы сала жауаптылары оларға үнемі қолдау білдіріп келеді. Бүгінде шаһарда «Жастар саясатын» жүзеге асыруда дарынды жастарды қолдау, экологиялық мәдениетті қалыптастыру,жастар үшін қолжетімді тұрғын үй жүйесін дамыту, жастардың құқықтық мәдени деңгейін арттыру, сыбайлас жемқорлықтың алдын-алу сияқты маңызды іс-шаралар іске асады деп күтілуде.

Раяна Талапқызы

Пікірлер (0)

Пікір қосу

Сіздің атыңыз *
Сіздің пікіріңіз *