Еріктіліктің дәнегі жүрекке егіледі

Редакция таңдауы
view 130
news

Жалғыздың үні, жаяудың шаңы шықпайды. Әлемдегі көргіміз келетін өзгерістердің болуы үшін бірігуіміз керек. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» дейді ғой қазақ. Бұл күндері еріктілік – халықаралық, мемлекеттік реформалардың айнымас күшіне айналды.

Волонтерлік – халқымыздың этнографиялық тарихындағы «Асар» дәстүрінің заманауи көрінісі. Өз уақытын, дағдылары мен ресурстарын өз қалауымен өзгеге арнау – әлемді жақсы жаққа өзгертудің, мемлекеттің әл-ауқатын жақсартудың ең тиімді тәсілдерінің бірі болып шықты. Тіпті, көптеген коммерциялық емес ұйымдар күнделікті тапсырмаларды орындау, ұзақ мерзімді мақсаттарға жету үшін еріктілерге сүйенеді. Уинстон Черчилль еріктілік жайлы  «Еріктілік дегеніміз не? Еріктілік дегеніміз – қаржылық өтемақыны қажет етпестен, өз уақыты мен қабілеттерін басқаларға беру. Қарапайым сөзбен айтқанда, еріктіліксіздің қоғамға қызметіңіз» дейді.

Әлем халқының 970 миллионы еріктілікпен айналысады. Ал әрбір сегізінші қазақстандық еріктілер қатарында екен. Бұл – соңғы 5 жылмен салыстырғанда жақсы көрсеткіш. Әлемдік өндірістердің ішкі өнімінің 2,5 пайызын ерктілердің еңбегі құрайды.

Бүгінгі таңда Қазақстанда 200-ден астам волонтерлік ұйым жұмыс істейді, құрамында 50 мыңнан астам адам бар. 2019 жылдың сәуір айында ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен «Ұлттық еріктілер желісі» ЗТБ және«Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» КЕАҚ бірлесіп жүйелі басқаруды дамытуға және волонтерлік ұйымдарды тығыз үйлестіруді дамытуға бағытталған qazvolunteer.kz онлайн-платформасын іске қосқанын атап өткен жөн.

Қазақстандағы волонтерлік бағыттар: «Сабақтастық», «Саулық», «Таза әлем», «Асыл мұра», «Қамқор. Әлемде көптеген халықаралық еріктілер ұйымдары бар.  Олардың ішіндегі ең ықпалдысы – БҰҰ еріктілері. Волонтерлік идеяларды дамытудың нақты практикалық міндеттерін атқара отырып, әлемдегі орнықты жаһандық дамуды қолдайды. Қазақстан еріктілік бойынша тек осы ұйымда ғана бар.

Еріктілік – ерекше ортақ құндылықтары бар адамдарды біріктіреді. Сіз адамдармен кездесіп, ортақ мүдделер, құндылықтар мен көзқарастармен бөлісетін жаңа орта табасыз. Болашақ ортақ мақсаттарға жету үшін бірге жұмыс жасайтын қауымдастық құру сіздің сеніміңіз бен мақсатыңызды нығайта түседі. Өмірдің басқа жолдары туралы білім мен түсінік пайда болады. Ең қызығы, еріктілік сізді бұрын-соңды болмаған қоғамның жаңа бөлігіне апаруы мүмкін. Сіз өзіңіздің қоғамның маңызды бөлігі екеніңізді түсінесіз. Алдыңыздан жарқын болашаққа апаратын түрлі-түсті есіктер ашылады. Тіпті, депрессия, стресс, психикалық проблемалардың барлық түрлерімен күресуге де көмектеседі.

Еріктіліктің бағыттары қандай? Негізгі 5 бағытқа бөлінеді:

1. Әлеуметтік;
2. Экологиялық;
3. Мәдени;
4. Спорттық;
5. Медициналық.

Әлеуметтік қорғалмаған азаматтарға көмектесу – еріктіліктің кең таралған тұүрі. Яғни, аз қамтылған отбасыларға, жалғыз басты қарттарға, жұмыссыздарға, мүгедектерге, жетімдерге, жалғыз басты аналарға, қиын жағдайға тап болғандарға көмек.

Жасалуы бойынша екінші орында тұрған көмек түрі – төтенше жағдайлардан,  апаттардан,  өрттен зардап шеккен адамдарға көмек. Дүлей апаттардың салдарын еңсеруге дайындық барысында да волонтерлік қызметке жүгінеді. Келесі көмек түрі – сәулет және табиғи мұраны, жануарларды қорғау және тегін заң көмегі мен әлеуметтік жарнама жасау. Статистикалық деректерді жинау кезінде волонтерлер ретінде ақпарат жинауға дейін 12 ай ішінде волонтерлік қызметтен тәжірибесі бар азаматтар саналады. Еріктілік – қоғамның көзге көрінбейтін, ажырамас бөлігі. Оны дамыту сіз бен біздің қолымызда.

Қасым-Жомарт Тоқаев 2020 жыл волонтерлар жылы деп жариялады. Мемлекет басшысының еріктілік жайлы пікірін ұсынамыз.

«Волонтерлік қызметтің басты мақсаты – халыққа қызмет ету»          

Игі іспен айналысу, адамдарға жақсылық жасау – халқымыздың көне заманнан келе жатқан дәстүрі. Біз осы дәстүрді сақтап қалуымыз керек. Себебі біреуге қол ұшын созып, қолдау көрсету – қанымызға сіңген қасиет. Халқымызда осындай береке-бірлікке шақыратын «Асар» дәстүрі бар. Бұл – ғасырлар бойы құндылығын жоймаған ата салтымыз. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» дейді халқымыз. Волонтерлік қызметтің басты мақсаты да – бірге жұмылып, халыққа қызмет ету. Өздеріңізге тарихтан мәлім, кезінде Қазақстанға көптеген ұлт өкілдері жер аударылды. Сол қиын-қыстау уақытта халқымыз оларды бауырына басып, бір үзім нанын бөлісті. Шынайы жанашырлық көрсету – қазақ халқына тән қасиет. Міне, нағыз волонтер атанудың озық үлгісі деп осыны айтуымыз керек. Қазақстан 116 елдің 20 миллионнан астам волонтерін біріктіретін Дүниежүзілік экологиялық «World Clean up day» науқанына қосылуға дайын. Отандастарымыздың БҰҰ, ЮНИСЕФ, AIESEC ұйымдарының еріктілік бағдарламаларына және басқа да халықаралық бастамаларға атсалысуы әртүрлі мемлекеттердің тәжірибесімен танысуға және елімізге үздік волонтерлік тәжірибені тартуға мүмкіндік береді.Волонтерлерге жан-жақты қолдау көрсету керек. Менің тапсырмам бойынша оларға арнайы жеңілдіктер ұсынылады. Мысалы, енді волонтерлік жұмыс еңбек өтілі саналады. Сондай-ақ волонтер студенттерге қосымша стипендия беріледі немесе пән кредиттерін жабуға рұқсат етіледі.

Осы салада жұмыс істейтін үкіметтік емес ұйымдарға да қаржылай көмек беріледі. Осыған орай әлеуметтік жобаларды жүзеге асыру үшін 400-ден астам шағын грант бөлінеді. Әр гранттың құны 300 мың теңге көлемінде болмақ. Одан бөлек, әкімдерге жергілікті бюджеттен қосымша гранттар бөлуді тапсырдым. Еңбегімен ерекшеленген волонтерлер мемлекеттік наградаларға ұсынылады. Волонтерлер еліміздің рухани әлеуетін арттыруға үлес қосуы керек. Мәдениетімізді дамытпай өсіп-өркендеу мүмкін емес. Сондықтан осы мәселеге ерекше мән берілуі тиіс. Қазіргі таңда мәдениет және өнер саласындағы жас таланттардың арқасында Қазақстан күллі әлемге танылып келеді.

Біз осы бағытта жүйелі жұмыс жүргізуіміз керек, яғни ойы ұшқыр, дарынды азаматтарды барынша қолдау керек. Сонда ғана төл мәдениетімізді жаңа белеске көтеретін буын қалыптасады. Осыған байланысты Мәдениет пен өнер бастамаларын қолдауға арналған қор ашуды тапсырдым. Бұл құрылым өнер ұйымдары мен ерекше жобаларға қаржылай да, басқа да көмек көрсетеді. Қордың жұмысына волонтерлерді де тарту қажет. Олар музей, кітапхана және өнер мекемелерінде өздерінің жобаларын жүзеге асыра алады. Осы шаралар еліміздің шығармашылық әлеуетін нығайтуға мол мүмкіндік береді.

Ел үшін қызмет ететін еріктілер "Астана жастары" КММ еріктілермен жұмыс бөлімінің басшысы Есмуханова Эльвира Карабековнамен кішігірім сұхбат құрдық. 

 Ерікті болу қандай мүмкіндік береді?

Бастапқыда осы бір бірегей қозғалыс басталмай тұрып, мұқтаждар мен зардап шеккендерге қызмет жасаудың өтеусіз түрі болған. Еріктіліктің негізі неде жатыр? Неліктен адамдар уақытын ізгілік үшін құрбан етеді? Ең әуелі осы сұрақтарға жауап беруіміз керек. Егер біз еріктілікке материалдық тұрғыдан қарайтын болсақ, онда жоғарыда аталған қозғалыстардыңеш мәні қалмайды. Ал адами және моральдық құндылықтар көзімен қарар болсақ, онда еріктілікті қызметпен байланыстыруға болады.
Еріктілікте қандай бағыттар маңызды рөл атқарады?
Негізгі бағыттары көп. Мысалы, экологиялық тұрғыдан алар болсақ: қоқыс жинау, табиғатты қорғау, ағаш отырғызу. Еріктілер өздерінің жұмсалған ресурстарын адамдарға да, табиғатқа да пайдалы болады деп үміттенеді және сенеді. Ең негізгісі еріктілердің жағдайының жасалуы. Еріктінің жасына және оның волонтерлік қызмет саласына байланысты болашақ әлеуметтік жағдайды дамыту үшін келесі мүмкіндіктер бөлінуі керек. Мен көп нәрсені қоғамның осындай ұяшығына, оның жеке қасиеттеріне, белсенділігі мен пікіріне үлес қосуға шешім қабылдаған адамның өзі анықтайды дегім келеді.
Сіздің еріктілікке келуіңізге не себеп болды?
Университетті бітіргеннен кейін мені « Астана жастары» еріктілер қызметін дамытуға шақырды. 2014 жылы волонтерлік қызмет кейбір университеттерде белсенді болды, ал қалада бірнеше еріктілер қозғалысы жұмыс істеді. Еріктілік қызметі ел арасында танымал бола бастады. Ал біздің еғ негізгі мақсатымыз – волонтерлік қызметте мектеп жастарының белсенділігін арттыру. Бұл міндет мен үшін 8,5 жылдан бері өзекті болып келеді.    
Жастарды ерікті болуға қалай үгіттей аламыз?
Волонтерлік қызметтің ең үздік жарнамасы – бұл шынайылыққа толы  ынта мен волонтерлердің үйде, мектепте, университетте, жұмыста және кез келген әлеуметтік/мәдени шеңберде айтқан әңгімелері. Ең тиімдісі туыстарының айтуы. Туыстары мен жақындары айтқан  ақпарат сенімді болып көрінеді.  Сондай-ақ ақпараттық қолдау өте маңызды.  Бұл тұрғыда БАҚ-тың қызметі орасан.  Жалған еріктілер шынайы волонтерлікке зиянын тигізбеуі керек. Оның ақ-қарасын БАҚ ажыратады. Көп жағдайда волонтерлікті оқу орындарында насихаттаймыз. Қолдау қажет.
Еріктілік дегеніміз не?
Еріктілік – адамдардың бір-біріне деген қарым-қатынасының көрінісі. Адам көршісіне, табиғатқа, жануарларға және басқа объектілерге немесе субъектілерге көмектеседі. Ал өз мүддесін ойлап, сыйақы немесе көмек күтпейді. Еріктілік – бұл физикалық немесе интеллектуалдық көмек. Материалдық қолдаудың қатысуынсыз құнды және ауқымды бола алатын керемет құбылыс. Егер басқа елдерде волонтерлік тұрақты мәдениеттің орнын алатын болса, онда біздің елде волонтерлер шын мәнінде жоғары пәрменділікке ие бола алады. Біз оқиғалардың ең жақсы нәтижесіне үміттеніп, оған сенеміз. Өмір жолының күрделілігіне қарамастан, тек алға жылжу керек. Сонда ғана еріктілік әр түрлі жастың, ұлттың, мәдениеттер мен діндердің адамдарына күшті және жағымды әсер етеді.Еріктіліктің дәнегі жүрекке егілген. Ол біздің мейірімізбен суғарылғанда ғана алып ағаш болып өседі.
Әңгімелескеніңізге рақмет!
Ел Риза

Пікірлер (0)

Пікір қосу

Сіздің атыңыз *
Сіздің пікіріңіз *