Дәрігерлікке жетелейтін – мейірім
Адамдардың 10%-ы ғана туғаннан бастап күшті иммунитетке ие. Қалғанын үнемі күшейтіп, емдеу отырыу қажет. Демек, 7,5 млдр адамның 90%-ы дәрігерлер көмегіне үнемі жүгінеді. Дәрігерлердің Гиппократқа ант бергенін, адам жаны үшін жанкештілікке баратынын білеміз. Ал олардың ішкі күйіне, дәрігерлік жолына назар аударып көрдік пе?
Қазақстанда дәрігер 3054 мобильді бригада, резервте 1622 бригада жұмыс істейді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Пандемия туындатқан дағдарыс бізді көп нәрсеге үйретті. Мәселен, дәрігердің еңбегін бағалай білетін болдық. Бір кезде медицина қызметкерлерінің мемлекет назарынан тыс қалғаны рас еді» деген сөзінің жаны бар. Пандемияға дейін қасық қан, шығар-шықпас жан үшін күресіп, өрт ортасына түсетін дәрігерлерге көңіл бөлінбеген еді. Қазір үкімет бұл саланы гүлдендіру үшін барын салып жатыр. Ал халықтан дәрігерлерге керегі ілтипат пен құрмет ғана.
Қосшы қаласында 2 жыл дәрігер қызметін атқарып жүрген Мәлика Әбдумәліктің дәрігерлікке қалай келгенін, дәрігерлік жолының қандай екеніне қызығушылық таныттық. 2007 жылы 9-сыныпты бітіргеннен кейін медициналық колледжге түсіп,емдеу факультетінде оқыған. Бұл оның адам жанының арашасы боламын деген алғашқы қадамы. Қазіргі уақытта медицинаның қыр-сырын жетік білу үшін Астана медицина университетінде резидентурада оқып жүр. Оқуы мен жұмысын қатар алып жүрген Мәлика бұл жолға түсуіне не себеп болғанын «Маған ақ халат киген адамдар қатты ұнайтын. Олар маған құдды бір сиқыршыдай көрінді. Қуыршақтар мен басқа да жұмсақ ойыншықтарға мен ақ халат кигізіп, оларға инъекция жасап ойнайтын едім. Менің барлық балалық ойындарым тек емдеумен байланысты болды. Мен дәрігер болуға деген ұмтылыстың қашан және қандай себеппен пайда болғанын айта алмаймын. Бірақ осы кәсіпке келуімнің бірден-бір себебі – анам» деп түсіндірді.
Дәрігерлер әрдайым сұранысқа ие. Маман қалада да, ауылда да қажет. Мысалы 2017 жылы қалада бір дәрігерге шамамен 115 бос жұмыс орны бос болды. Дәрігерлер бізге «көптік» етпейді. Жас маман дәрігерлікке бала қиялынан келіп, ыстық-суығына ыждахаттылықпен төзген. Ол үшін дәрігерболу – мен үшін бұл кәсібилік, көп нәрсені білуге ұмтылу, тез шешім қабылдау, біліктілікті арттыруға ұмтылу, пациенттің физикалық-моральдық, психикалық жағдайын жақсарту, пациенттердің денсаулығына жауапкершілікпен қарау, стандартты емес жағдайларда стресске төзімділік.
Мәликаның жұмыс күні таңғы 9:00-да басталып, кешкі 20:00-де аяқталады. Ол –қарапайым тілмен айтқанда учаскелік дәрігер. Пациенттерімен, әсіресе кішкентай балалардың аналарымен тәулігіне 24 сағат байланыста. «Менің жеке өміріме менің мамандығым әсер етеді. Білесіз бе? Еңбек демалысында отбасы, балаларымның жанында болсам да пациенттерім туралы ойлаймын. Өйткені олардың өміріне, әл-ауқатына, психологиялық және физиологиялық денсаулығына мен жауаптымын ғой», – деп ағынан жарылды. Карантин кезінде Мәликаға 2 жасар және 3 айлық екі баласын тастап, жұмысқа шығуға тура келген. Оны жұмысқа шығарған – мейірім.
Ақ халатты абзал жан «Жалақы деңгейі әрдайым жоғары бола бермейді, әсіресе мемлекеттік медицина саласында. Дәрігер пациенттермен үнемі байланыста болады, сондықтан вирустық, жұқпалы және басқа ауруларды жұқтыру қаупі жоғары. Тұрақты емес кесте де ауыртпашылық тудырады. Пациенттер түн ортасынан кейін де дәрігерді алаңдатуы мүмкін», – деп дәрігерлік жолдың қиын тұсарынан да сыр шертті. Мәлика «Болашақ дәрігерлерге бір ғана кеңес бергім келеді. Ең бастысы, сіз бұл мамандықты жақсы көруіңіз керек және көмектесуге, емдеуге, жанашырлыққа әрдайым ұмтылуыңыз керек», – деп кеңес айтты.
Иә, нағыз еңбек адамы – дәрігер. Өз өмірін осы мамандыққа арнаған әрбір дәрігерді еңбек адамы деп айтуға болады. Өйткені бұл – кез келген адам жүре алмайтын ұзақ жол.
Ел Риза
Пікірлер (0)