Қосшы қаласының мәселелерін шешу бойынша көшпелі кеңес өтті

Редакция таңдауы
view 393
news

  18 шілде күні Президент әкімшілігінің тапсырмасымен қала әкімдігінде Қосшы қаласының мәселелерін шешу бойынша кеңес өтті. Жиында ҚР Ұлттық экономика вице министрі Омарбеков Бауыржан Бақытұлы төрағалық етті.

 Қосшы қаласының мәселелері талқыланған жиынға мемлекеттік органдардан 15 тұлға қатысты. Әр қайсысы өздеріне тиесілі сұрақтарға жауап беріп, мәселенің мәйегін тапты. Жиында Қосшы қаласының тұрғындарының көкейінде жүрген бірқатар мәселелердің шешімі де шығарылды. Қаланың дамуына тікелей әсер ететін кездесуде сумен жабдықтау, жол-көлік инфрақұрылымы, электрмен жабдықтау, жылумен жабдықтау, газбен жабдықтау, жұмыс орындарын құру, әлеуметтік инфрақұрылым, үлестік құрылыс, полиция бөлімінің штаттық құрамы, мал шаруашылығындағы «Асыл түлік» ісі талданып, қаралды.

Сумен жабдықтау бойынша Ақмола облысы әкімінің бірінші орынбасары Елдос Мұратұлы «Қосшы қаласының дамуы тұрақты бақылауда. Қаланың сумен жабдықтау желілерінің ұзындығы158 км, ауыз сумен қамтамасыз етілуі - 85%. Өткен жылдан бастап 1500 абонент қосылған. Суды жалпы тұтыну-тәулігіне 7,5 мың м3, қуаты тәулігіне 10 мың м3. Халық үшін су алу Нижнероман кен орнынан (тәулігіне 10 мың м3), ұңғымалардан жүзеге асырылады, оның ішінде – 24, резервте – 5 ұңғыма бар. Қазіргі уақытта Қосшы қаласының бас жоспары әзірленуде, онда нөсерлі кәріздердің схемасы көрініс табатын болады. Бас жоспар бекітілгеннен кейін ЖСҚ әзірлеу басталады. Республикалық бюджеттен уақтылы қаржыландыру кезінде іске асыруды бастау 2024 жылы жоспарланып отыр. Осы іс-шараларды іске асыру қолданыстағы кәріз-тазарту құрылыстарының толық жобалық қуатына шығуға мүмкіндік береді, бұл Қосшы қаласын даму перспективасын ескере отырып қамтамасыз етуге мүмкіндік береді», –  деген тұшымды сөз сөйледі. Шынында да, осы күннің үлкен мәселесі –  су ресурстарын үнемдеу. Бұл жолда  сумен жабдықтау, суды бұру және оны тазартатын жүйелердің өндіріс процестерін автоматтандыру – маңызды. Демек, су арналарының барлық кезеңінде қажетті ресурсты есепке алудың кешенді жұмысы жүргізілу қажет. Мысалы, дамыған елдерде  сумен жабдықтау және су бұру жүйесінің гидромоделін құру үшін барлық өндіріс учаскесінде судың көлемін өлшейтін жабдықтарды орнатылады. Автоматтандыру жүйесі су арналарының алдағы уақыттағы шығындарын азайтуға, сондай-ақ, тиімді даму моделін жолға қою арқылы су инфрақұрылымын салып, жаңғыртуға жұмсалатын мемлекеттік қаражатты үнемдеуге септігін тигізбек.

Жол-көлік инфрақұрылымы – қала өркениетінің негізгі тірегі. Бұл жөнінде Елдос Мұратұлы «Қосшы қаласының көше-жол желісінің жалпы ұзындығы 185, оның ішінде асфальт-бетон жабыны 95,7 , тас-қиыршық жабыны 32,2  және топырақ жамылғысы 57,1 шақырымды құрайды. Бүгінгі таңда жол төсемін жаңарту Қосшы қаласы мен Тайтөбе ауылының жолдарын салу және күрделі жөндеу бойынша 4 жоба негізінде жүргізілуде. Жалпы осы жылы республикалық және облыстық бюджеттер қаражаты есебінен ұзындығы 35 шақырымнан асатын жолдарды салу және жөндеу бойынша жұмыстар жүргізілмек»,  – деді.   Осы жылдың басында қала әкімдігі Қосшы қаласындағы 16,4 шақырым қала ішілік жол салу жобасын әзірлегенін еске сала кетейік. Құрылыс-монтаждау жұмыстары Болат Өтемұратов қорының қаражаты есебінен салынған 1500 орындық мектептің жанында жүргізіледі, мектепті пайдалануға беру ағымдағы жылдың тамыз айына жоспарланып отыр. 

Энергетикалық  қамтамасыз ету, әрі оны қауіпсіз ету – маңызды. Президенттің тапсырмасы бойынша Қазақстанды 2050 жылға дейін көміртегін аз пайдаланып, дамыту тұжырымдамасы дайындалып жатыр. Қазір Үкімет Электр энергетикасын дамыту жөніндегі ұлттық жобаны пысықтап, еліміздің 2035 жылға дейінгі энергиялық теңгерімін дайындалуда. Бұл жобаның Қосшы қаласына да қатысы бар екені анық. Бұл туралы өкілетті орган «Қолданыстағы электр желілерінің жалпы ұзындығы400 км. құрылыстың жылдам қарқынына байланысты электрмен жабдықтау қажеттілігі туындайды. Қажеттілік ЖТҚ үшін 1500 учаске. Осы мәселені шешу үшін электрмен жабдықтау желілерін салу бойынша жобалар әзірленуде: іске асыру республикалық бюджет есебінен кешенді жоспарда көзделген. Қаланы жылумен жабдықтау қатты отынмен қуаты сағатына 75 Гккал Орталық қазандықпен жүзеге асырылады. Қолданыстағы жылу энергиясының тапшылығы-5 гккал / сағ. Осы мәселені шешу үшін қолданыстағы қазандықтың қуатын сағатына 96 Гккал-ға ұлғайту бойынша жоба әзірленді, қазіргі уақытта жобаның құны сараптамада тұр», – деп есеп берді.

Қосшы қаласының әкімі Гайдар Қайсенов  «Үш аусымды мектеп әлі де бар. Бұл біз үшін әлі де мәселе болып қалмақ», – деп маңызды мәселені тілге тиек етті. Қосшы қаласында контингенті бар 4 мектеп жұмыс істейді. 2897 орынжетіспейді. Желтоқсан көшесінде 1200 орынды мектеп салынды, 2140 оқушы қабылданды. Осыжылы екі мектепті аяқтай отырып, 3900 орындық үш мектептің құрылысы қосымша жүргізілуде: Республика көшесі бойынша 1200 орындық және «Лесная Поляна» ТК ауданында 1500 орындық. 2024 жылға 1200 орынға жоспарланған. Осы мектептерді пайдалануға беру қорытындысы бойынша Қосшы қаласындағы Оқушы орындарындағы қамтамасыз ету 10 863 орынды құрайды, осылайша олардың тапшылығы мәселесі шешіледі. Осы орайда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының «Орта білімнің сапасы - табысты ұлт болудың тағы бір маңызды шарты. Әрбір оқушының білім алып, жан-жақты дамуы үшін қолайлы жағдай жасалуы тиіс. Сол үшін «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы қолға алынды. Біз 2025 жылға дейін 800 мың баланың заманауи мектепте оқуына жағдай жасаймыз. Осылайша, апатты жағдайдағы және үш ауысыммен оқитын мектеп мәселесін толық шешеміз. Бұл ауыл және қала мектептерінің айырмашылығын едәуір азайтады. Жалпы мектеп салу Үкімет және әкімдіктер үшін басты міндеттің бірі болуы керек», – деген сөзі ойға оралады.

Жиында талқыланған кезекті бір мәселе – үлестік құрылыс. Әкімдік апта сайын Ақмола облысының УГАСК қаласы прокурорының қатысуымен үлескерлермен кездесулер өткізеді. Бұл кездесулер үлескерлердің наразылық көңіл-күйін төмендетуге бағытталған. Жиында өкілетті орган «Жүргізілген жұмыстың қорытындысы бойынша «Даймонд парк», «Сирень бағы», «Табыс құрылтай» ТК жылумен жабдықтау, «Шоколад» ТК электрмен жабдықтау тарифі, «Сирень бағы» ТК абаттандыру жұмыстары жүргізілді» – деп есеп берді.

Полиция бөлімінің штаттық құрамын бекіту жөнінде біршама талдау жасалынды.  2022 жылы қалалық полиция бөлімі жалпы ауданы 1200 ш.м. жаңа жалға берілетін үй – жайға (бұрын бөлім жертөле үй-жайында-110 ш. м. орналасқан), материалдық база жаңа автокөліктің 4 бірлігімен нығайтылды. Полиция департаментінің санын қайта бөлу есебінен Қосшы қаласының полиция бөлімі қосымша 18 бірлікке нығайтылды. Қазіргі уақытта Қосшы қаласы полиция бөлімінің штат саны 77 бірлікті құрайды (жалпы санын 160 бірлікке дейін жеткізу қажет). Ағымдағы жылы Қосшы қаласы аудандық полиция бөлімінің қосымша штат санын ұстауға 50 бірлік көлемінде қаражат бөлінді. Бұл ретте жалға берілетін үй-жай алаңдарының мүмкіндіктері шектеулі, осыған байланысты, жаңа әкімшілік ғимараттың құрылысы аяқталғанға дейін қосымша құрылымдық бөлімшелерді (ИВС, кезекші бөлімнің қару-жарақ бөлмесі және т.б.) және қызметкерлерді орналастыру проблемалы бар.

Қосшы қаласының аумағындағы басты мәселе – көше бойында орналасқан «Асыл Түлік» мал шаруашылығындағы асыл тұқымды іс жөніндегі республикалық орталықтың қызметі. Асыл тұқымды орталықтың аумағында жануарлар ұсталады, жем-шөп сақталады. Бұл кәсіпорынның қызметін қамтамасыз ету жақын маңдағы үйлерде тұратын тұрғындар тарапынан белгілі бір қолайсыздық тудыруда. Одан бөлек елді мекеннің тұрғын үй құрылысы аймағындағы бұл қызмет қала мәртебесіне және оның даму перспективаларына сәйкес келмейді. Бұл мәселе бойынша әкімдік «Осы мәселе бойынша біз ауыл шаруашылығы министрлігіне хат жолдадық. Облыс әкімдігі жаңа асыл тұқымды орталық салу үшін қолайлы Целиноград ауданының аумағында кемінде 20 гажер учаскесін анықтау мәселесін қарастыруда», – деп шешімін ұсынды.  

Бұл жиыннан Қосшы қаласының тұрақты дамуы  бақылауда ұсталынып отырғанын көруге болады. Қаланың тіршілігінің жайлы болуы, халықтың қауіпсіздігі, экономиканың дамуы бойынша біршама істер атқарылып жатыр. Жиында талқыланған мәселелер ары қарай шешімін табады деп сенеміз.

Ел Риза

Пікірлер (0)

Пікір қосу

Сіздің атыңыз *
Сіздің пікіріңіз *