Жағажайларда қауіпсіздік қамтамасыз етілген бе?
Редакция таңдауы
192
Жадыраған жаздың ең ыстық кезеңінде жұртшылық отбасымен, достарымен демалуға болатын қолайлы жер іздейді. Қосшыда жағажайларда суға шомылуға баратындардың қатары аз емес. Оған қоса, қала аумағында арнайы бір емес, жеті рұқсат етілген жағажай бар. Аталмыш демалыс орындарында сақтық талаптары ескерілген бе? Халық қарапайым қауіпсіздік ережелерін сақтай ма?
Қосшы қаласының аумағында шомылуға рұқсат етілген 6 жекеменшік және 1 коммуналдық жағажай бар. Су жағалауындағы халықтың қарасы мол екеніне көзіміз жетті. Суға сүңгуге асыққан жандар коммуналдық жағажайда таң атысымен жиналатын көрінеді. Қауіп жоқ емес, бар. Қауіпсіздік сақтау мақсатында арнайы оқудан өткен құтқарушы-жасақшы Денис Трусовтың айтуынша, демалушылар қарапайым ережелерді жиі бұзады. Мысалы, қалқымалардың артына жүзіп кетеді немесе рұқсат етілмеген жерде шомылады.
– «Мен мұнда күн сайын кезекшілік етемін. Небір жағдайлардың алдын алу үшін жағажайға келген адамдарды үнемі ескертіп, талаптардың сақталуын қадағалаймын. ТЖБ қызметкерлері де күнделікті рейд барысында түсіндіру жұмыс-
тарын жүргізіп отырады. Таңғы сағат 10-нан кешкі уақытқа дейін күніне 500-ден астам адам демалуға келеді», – дейді Денис Трусов.
Қауіпсіздікті сақтау мақсатында қалалық ТЖБ қызметкерлері мен полицейлер тұрақты негізде шомылуға рұқсат етілген және рұқсат етілмеген орындарда алдын алу шараларын жүргізеді. Ал еріктілер мен қоғамдық бірлестіктің жанашыр жандары өзен жағажайларында, жеке секторларда тұрғындарға жадынамалар таратады. Десек те, соңы қайғылы оқиғамен аяқталып жататын деректер бар. 7 маусымда Қосшыда 13 жастағы жасөспірім суға батып кетті.
– «Өзен жағажайларында құтқарушылар да, медицина қызметкерлері де жұмыс істейді. Жыл сайын жедел-құтқару жасағының құтқарушылары талаптарға сай болуын тексереді. Былтыр қала аумағында қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында рұқсат етілмеген орындарда 6 белгі, ал биыл 16 арнайы белгі орнатылды. Сарқырама өзенінің жағалауында да, Нұра-Есіл каналында да қосымша тиісті белгілердің болуын қарастырдық», - дейді Төтенше жағдайлар бөлімінің басшысының міндетін атқарушы Руслан Коржумбаев.
Айта кету керек, жоғарыда аталған ведомствоның қызметкерлері рейдтік шаралар кезінде ескертумен ғана шектелмейді, биылғы жылдан бастап ережелерді сақтамағаны үшін бұзушыларға айыппұл салу құқығы бар.
– «Біз Жамбыл облысынан Қосшыдағы жақындарымызға қонаққа келген едік. Міне, суға шомылып, жағажайда демалып отырмыз. Бәрі жақсы. Тәртіпті қадағалайтын адамдар да бар екен. Балаларыма әрдайым «суға түскенде сақтық шараларын сақтаңдар, мұқият болыңдар» деп айтып отырамын. Меніңше, су айдындарындағы өлімнің басты себебі жүріс-тұрыс қағидаларын сақтамау болып табылады», – дейді демалушылардың бірі Ербол Мадимаров.
Елімізде адамдардың қаза болу себептері әртүрлі. Бірі баршаға мәлім қарапайым ережелерді бұзса, енді бірі мас күйінде, кейбіреулері тыйым салынған орындарда суға шомылады. Өкінішке орай, көз жұмғандардың арасында ата-аналарының қарауынсыз қалған балалар да бар. Қосшы қалалық полиция бөлімінің мәліметіне сүйенсек, суға шомылу маусымы басталғаннан бері 19 адамға ортақ су пайдалану қағидаларын бұзғаны үшін ескерту жасалды. Ал, алкогольдік ішімдіктерді ішкені немесе мас күйінде қоғамдық орындарда жүргені үшін 4 азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылды, оларға 8 625 теңге көлемінде айыппұл салынды.
– «Мен құтқарушылардың саны артса деймін. Себебі, демалуға келетін адамдардың қарасы мол. Ал құтқарушы жігіт жалғыз өзі жүгіріп жүреді. Қараңызшы, суға белгілі ғана шағын жерде шомылуға болады. Суға түсуге рұқсат етілген аумақты кеңейтіп, қалқымалармен қоршаса, жақсы болар еді. Халық мұнда демалуға келеді ғой. Ақылы жағажайларға екінің бірі бара алмайды. Мысалы, менің бес балам бар. Отбасымызбен барсақ, 12 мың теңге төлеуім керек», – деген ойы-
мен қала тұрғыны Ботагөз Қалиева бөлісті.
Подполковник Руслан Коржумбаевтың сөзіне қарағанда, құтқару жасағы арнайы зерттеу жүргізіп, бекітілген талаптарға сәйкес, суға шомылуға болатын орынды белгілейді. Коммуналдық жағажайжағы судың тереңдігі әр жерде әртүрлі. Сондықтан суға түсетін аумақ шектеулі.
Жанар АХМЕТОВА
«Jańa Bastau» газетінен алынды
Оқи отырыңыз
Редакция таңдауы
Хасан Қасымбаев Сенат депутатының туысы - дереккөз
Редакция таңдауы
«Хуторские» тобы: атышулы Хасан Қасымбаев ұсталды
Редакция таңдауы
Астанада әйелдің басына лифтінің плиткасы құлап, миы шайқалды
Пікірлер (0)