Ерлан Қарин алдағы сайлаудың он жаңалығын атап көрсетті
Саясат
134
АСТАНА. ҚазАқпарат – Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин алдағы сайлаудың 10 жаңалығын атап көрсетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Бұл пікірін Мемлекеттік кеңесші телеграм каналында жариялады.
- 2004 жылдан кейін алғаш рет Мәжіліске депутаттар бір мандатты округтер арқылы сайланады (98 депутаттың 29-ы);
- Үміткерлерге партиялар мен Үкіметтік емес ұйымдар атынан ғана емес, өзін-өзі ұсынуға мүмкіндік ашылды;
- Бұл кезектен тыс сайлау болғанымен, оның өтетін мерзімі жарты жыл бұрын белгілі болды;
- Партиялардың Парламентке өтуі үшін белгіленген төменгі шегі 7 пайыздан 5 пайызға төмендетілді;
- Әйелдер, жастар және ерекше мұқтаждығы бар адамдар үшін қарастырылған 30 пайыздық квота партиялық тізім мен мандаттардың бөлінісі кезінде сақталады;
- Мәжілістің жаңа құрамында Қазақстан халқы Ассамблеясының квотасы болмайды;
- Алғаш рет Мәжіліс пен мәслихаттар сайлауында «бәріне қарсымын» деген баған енді;
- Сайлауға 7 саяси партия қатысуға құқылы. Оның екеуі партиялар туралы заңның жаңа нормалары күшіне енгеннен кейін тіркелді;
- Облыстардағы аймақтық сайлау комиссиялары енді кәсіби түрде жұмыс істейді;
- Сайлаушылар бес бюллетень бойынша дауыс береді (республикалық маңызы бар қалалардағы бюллетень саны – төртеу).
Пікірлер (0)