Ешкім де, ешнәрсе де ұмытылмайды!

Редакция таңдауы
view 166
news

Соғыс көз жас пен обалдан тұрады. Осы соғыста күллі қазақ даласы қаншама боз- дағын жоқтап күңіренді. Олардың рухын от орнында қалған біз ешқашан ұмытпаймыз. 9 мамыр келген сайын әр шаңырақ жеті шелпек пісіріп, аруақтарға дұға бағыштар! Ал өткен тарихтың ақтаңдағын толтырып, оларды жиі-жиі еске алып отыру – біздің борышымыз. Мамырдың 9 күні Қосшы қаласындағы Екінші дүниежүзілік соғыстың жауынгерлеріне арналған ескерткішке гүл шоқтары қойылды. Майдан даласында қаза тапқан Отандастарымызды бір минуттық үнсіздікпен еске алудан басталған шара қала әкімінің орынбасары Берген Жұмкейұлының құттықтау сөзімен ашылып, өнер ұжымдарының патриоттық тақырыптағы музыкалық нөмірлерімен жалғасын тапты. Соңынан Екінші дүниежүзілік соғыстың ардагері Нұрғасым Әжітайұлымен бірге Екінші дүниежүзілік соғыс құрбандарына арнап гүл шоғын қойды. Сонымен қатар салтанатты шараға қалалық мәслихаттың төрағасы Әлихан Қуатбеков, Қоғамдық кеңестің төрайымы Сайраш Матайбаева, Қосшы қаласы Аналар кеңесі, Қосшы Ақсақалдар кеңесі, Қосшы қалалық Ардагерлер кеңесі мүшелері, қалалық іскер әйелдер қауымдастығы және қала тұрғындары қатысып, Отан үшін аянбаған, көзсіз ерлікке барған батырлардың рухына тағзым етті. Қазіргі уақытта сұрапыл соғыстың өтінде болған 98 жастағы ақсақал Нұрғасым Әжітайұлы Қосшы қаласында тұрады. Атаулы шараның басты қонағы ретінде қатысқан қария жиналған жұртшылықпен бірге майдандастарының рухына ізет білдіріп, құрмет көрсетті. Ұлыларды ұлықтау бүгінгі ұрпақтың борышы. Сұрапыл соғыс жылдары майданда да, тылда да жанқиярлықпен күреске түскендердің барлығы айрықша құрметке ие, қаза тапқандардың рухына әрқашан тағзым етеміз. Өскелең ұрпақтың Ұлы жеңіске және ұлы жеңіс жолында жанқиярлықпен күрескен әрбір азаматқа деген құрметі әрқашан биік болмақ. Біз әрдайым қас батырлардың ержүрек ерлігіне, даңқына бас иіп, өткеннің сәулелі сәттерін жадымызда сақтап, болашаққа жарқын қадам жасаймыз.

Пікірлер (0)

Пікір қосу

Сіздің атыңыз *
Сіздің пікіріңіз *