Қосшы қаласында жол жөнделіп жатыр

Редакция таңдауы
view 152
news

Биыл Ақмола облысындағы Қосшы қаласында 35 шақырымдай жолды жөндеп, салу жоспарланған. Бұл үшін 3,6 млрд теңге қарастырылды. Қазір қаладағы көше-жол желісінің жалпы ұзындығы 185 шақырымға тең. Оның жартысынан көбіне асфальт бетон төселді. 32 шақырым жолға қиыршық тас төгілген. Қосшының ауылдан қалаға айналғанына көп болған жоқ. Бас-аяғы 2 жыл ішінде біраз жұмыс атқарылды. Көпшілікті алаңдатқан жол мәселесі де біртіндеп шешіліп жатыр. Былтыр 56 шақырымы жөнделіп, салынды. Учаске бастығы Самат Медеттің айтуынша, қазіргі таңда Ақжайық көшесін жөндеу бірінші кезекте тұр. Сосын Тайманов көшесі. «Ақжайық көшесі – 1 км 300 м, Тайманов көшесі – 750 м. Ең алдымен осы 2 көшені ретке келтіру биылғы басты жоспар болып тұр. Бізде ГПР бойынша маусымда асфальт салу керек. Қалғаны қаржыландыруға байланысты» дейді Самат Медет. Биыл Қосшы қалаындағы жолдарды салуға 3,5 млрд теңгеден аса қаржы бөлінді. Яғни 35 шақырым аумақ ретке келтіріледі. Қосшы қаласы әкімдігінің жолаушылар тасымалы және автомобиль жолдары бөлімінің бас маманы Әлкен Тойынбеков: «Тұрған көшеміз – Абай көшесі. Жоба 2019, 2020, 2021 – 3 жылдан бері келе жатыр. Тағаны салынып қойды. Халыққа жағдай жасап, жаяу жүргіншілер өткелі, соларды салу ғана қалды. Жоба әлі толығымен біткен жоқ. Бірақ бүгін, көріп отырсыздар, халыққа ыңғайлы жағдай жасалып, өтетін тротуарларымыз тұр, көше шамдары да самаладай жарқырап тұр», дейді. Мамандардың айтуынша, соңғы 10 жылда Қосшының аумағы 10 есеге ұлғайған. Мәртебесі өзгергелі халық саны да артып, көбейіп келеді. Демек, жол сапасын көтеру – кейінге қалдыруға болмайтын міндет. Биыл жергілікті билік қалаішілік жолдарды салу жобасының үшінші кезегін бастайды. 16 шақырым аумаққа 14 млрд теңге бөлінеді. Ал бұл қаржыны дұрыс игеріп, жоспарды тұрақты түрде орындау алдағы уақыттың еншісінде.

Пікірлер (0)

Пікір қосу

Сіздің атыңыз *
Сіздің пікіріңіз *