Халық қалаулылары қала тынысымен танысты

Қосшы жаңалықтары
view 123
news

Қосшы қаласына жұмыс сапарымен ҚР Парламенті Мәжілісінің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшесі Олжас Құспеков, «Respublika» партиясының фракциясы аппаратының басшысы Райымбек Алтыбаев пен партия мүшелері Қанат Алипбаев, Рауан Қалиев келді. Олар бірқатар әлеуметтік нысандарды аралады. Халық қалаулылары Халыққа қызмет көрсету орталығының, қалалық полиция бөлімінің, №1 Р.Қошқарбаев атындағы орта мектептің және өрт сөндіру бөлімінің жұмысымен танысып қайтты. Олар атқарушы органмен өңірдің әлеуметтік-экономикалық жағдайын шешуге бірлесе атсалысып, елді-мекеннің тыныс-тіршілігін білу үшін ел аралайды. Алдымен депутаттар халыққа қызмет көрсету орталығына барды. Қонақтар халыққа қызмет көрсету бойынша кедергісіз жұмыс жасап, қызмет сапасын арттыруы бағытында нақты жұмыстар атқарылып жатқандығына көз жеткізіп, оң бағаларын берді.

Қосшы қаласы полиция бөлімінің қызметкерлерімен кездесу барысында қауіпсіздіктің қамтамасыз етілуі басты назарда екенін тілге тиек етті. Аймақтың өсіп, халық санының артуына байланысты қылмыс фактілерінің алдын алу, полицейдердің жұмысын жүйелендіру аса маңызды. Партия мүшелері тәртіп сақшыларының тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуде нәтижелі қызмет атқаратынына сенім білдірді.

№1 Р.Қошқарбаев атындағы орта мектептің қабырғасындағы кездесу диалог форматында өтті. Мұнда ұстаздар қауымының мәртебесі мен статусы, әлеуметтік жағдайы туралы айтылды. Өйткені мұғалімдердің тұрмыстық жағдайы мен әл-ауқатының жақсаруы білім сапасына тікелей әсер ететіні сөзсіз. Педагогтар өздерін қызықтырған сұрақтарын қоюға мүмкіндік алып, еңбектерінің жемісті болуын тіледі.

Депутаттар салынып жатқан өрт сөндіру депосының нысанына да барды. Себебі тілсіз жаумен күресте мамандарды тарту, оларға жағдай жасау – маңызды шаралардың бірі. Естеріңізге сала кетейік, өрт депосы кешенінің жалпы ауданы 2 269 шаршы метр. Ғимараттың аумағында тұрғын үй, өрт сөндірушілердің жоспарлы дене шынықтыру сабақтарына арналған спорт алаңы орналасатын болады.

Жуырда Ақмола облысының төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметінде атап өткендей, өрт депосы Қосшы қаласының тұрғындарын жалпы саны 50 мыңнан асатын адамды өрт апатынан қорғауды қамтамасыз етеді және өрт орнына келу уақытын едәуір азайтуға мүмкіндік береді. Сапар қорытындысы бойынша Қосшыдағы нысандарды аралау барысында айтылған ұсыныс-пікірлер жинақталып, өзекті мәселелер өз шешімін табатын болады.

Жанар АХМЕТОВА

 

Пікірлер (0)

Пікір қосу

Сіздің атыңыз *
Сіздің пікіріңіз *